Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас Ассамблеясы 1990 жылғы 14 желтоқсанда 1 қазанды Халықаралық қарттар күні деп жариялағаны белгілі. Содан бері бұл мерекені бүкіл әлем кең көлемде атап өтіп келеді. Бұл күннің басты мақсаты – қоғам назарын қариялардың мәселесіне аударып, оны халықаралық деңгейде шешудің тиімді жолдарын қарастыру.
– Атаулы күн біздің елде де ескерусіз қалған емес. Соған орай Қазақстанның әр өңірінде Қарттар күніне орай түрлі іс-шаралар ұйымдастырылып келеді. Соның ішінде «Нұр Отан» партиясы тарапынан да игі бастамалар қолға алынып, жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Атап айтқанда, «Ардагерлерді ардақтайық» партиялық жобасы еліміздегі ақ жаулықты аналар мен ақ сақалды аталарға лайықты құрмет көрсетуді қамтамасыз етеді. Елбасының тапсырмасы бойынша басталған партия қызметін жаңғырту аясында да бұл мәселеге ерекше көңіл бөлініп, тиісті шаралар қолға алынғанын атап өткен жөн, – деді өзінің сөзінде М.Әшімбаев.
Қазіргі таңда жер бетінде адамдардың өмір сүру ұзақтығының өскені байқалады. Тіпті мамандардың айтуынша, 2050 жылға қарай әлем халқының кем дегенде 10 процентін қариялар құрайды деген болжам бар. Сондықтан әлем осыған дайындалып, соған лайық инфрақұрылым қалыптастырғаны жөн. Медициналық қызмет көрсетуді жетілдіріп, басқа да қызмет түрлерін жүйелі жолға қоюдың берері мол болмақ. Мұндай үрдістен Қазақстан да тыс қалмайтыны сөзсіз. Осы тұрғыдан келгенде, «Ардагер» сияқты орталықтардың маңызы зор. Себебі бұл жерде жасы келген жандар бір-бірімен кездесіп, пікірлесуге, зейнетке шыққаннан кейін барлығынан қол үзіп қалмай, қоғам өміріне белсене араласуға мүмкіндік алады. Сондықтан осыған лайықты жағдай жасау қамтамасыз етілуі керек.
«Ардагер» демалыс орталығы – бас қаламызда 20 жылдан бері жұмыс істеп келе жатқан қоғамдық бірлестік. Бірлестік басшысы Баян Ахметжанованың айтуынша, мұнда қарияларға бимен, йогамен, аэробикамен, фитнестік жаттығулармен айналысуға мүмкіндік бар. Одан бөлек, қарттарға түрлі құқықтық кеңестер беріліп, семинарлар мен тренингтер де тұрақты өткізіліп тұрады. Бүгінде орталықта әрқайсысы 15 адамнан үш топ бар. Оларға барлық қызмет тегін көрсетіледі.
Бүгінде бірлестік Біріккен Ұлттар Ұйымының Экономикалық кеңесі құрған қарттар мәселесін әлемдік деңгейде қарастыратын арнайы топқа және 108 елде жұмыс істейтін халықаралық Help Age International ұйымына мүше екенін, соған орай көптеген елмен тәжірибе алмасып, байланысып тұратынын айтқан Б.Ахметжанова алдағы уақытта мекемені бұдан да кеңейтіп, Қазақстанда ардагерлерге қызмет көрсететін ірі орталық ашуды жоспарлап жүргенін жеткізді. Мұндай бастамаға қолдау білдірген М.Әшімбаев елордамызда аталған орталықтың құрылуы ардагерлерімізге көрсетілген үлкен құрмет боларына назар аударды.
Жолдыбай БАЗАР,
«Егемен Қазақстан»