Аймақтар • 04 Қазан, 2018

Түркістанда жас жыршылар байқауы өтті

366 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Түркістан қаласындағы Қ.А.Ясауи атындағы ХҚТУ-дің Мәдениет сарайында «Оңтүстік Қазақстан» газетінің «Жақсылар, дастан айтайы­н...» атты ІІ аймақтық жас жыршылар байқауы  өтті.

Түркістанда жас жыршылар байқауы  өтті

«Алпамыс батыр» жырын жатқа айтудан мектеп оқушылары арасында ұйымдастырылған байқауға қатысқан Шымкент қаласындағы №100 «Тоғжан» балабақшасының тәрбиеленушілері төрт жасар Қы­дырәлі Әбдісабыр мен бес жасар Шынар Тойымбетова (тәлімгері – Жолдыкүл Төребекова) «Алпамыс батыр» анимациялық фильміне дубляж жасап, жырды жатқа оқыды. Байқауға қатысқан 33 үміткердің өне­­рін құрамында Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, заң ғылы­мының докторы, профессор Бекет Тұрғараев, Халық әртісі, әнші Қажы­бек Бекбосынов, Шымкент қала­сын­дағы Ө.Жәнібеков атындағы №19 мектептің қазақ тілі және әде­биеті пәнінің мұғалімі Айнаш Жұ­матаева, А.Пушкин атындағы №1 мектеп-лицейінің оқытушысы Әсел Темірбаева және «Оңтүстік Қазақстан» газетінің директор-бас редакторы Абай Балажан бар қазылар алқасы саралады. Үміткерлердің 20-сы екінші кезеңге өтіп, билет бойынша сұрақтарға жауап берді. Ал жырдағы көнерген сөздердің мәнін түсіндіретін үшінші ақтық кезеңге 10 оқушы өтті. 

Сонымен бас жүлдені (200 000 теңге) отырарлық Олжас Бакира жеңіп алса, ұстазы Айнұр Әлшеріге автокөлік кілті табыс етілді. Шарда­ралық Әсел Төлеп 1-орынды иеленсе, екі бірдей 2-орын отырарлық Қазына Бакира мен арыстық Ұлсана Мұқанға бұйырды. Үш бірдей 3-орынды созақтық Рәбия Шалтай мен Несібелі Сайлау және арыстық Әлжаппар Жорабеков еншіледі. Тағы 5 оқушы мен ұстаздарына ынталандыру сыйлығы берілді. 

Ғалымжан ЕЛШІБАЙ,

«Егемен Қазақстан» 

Түркістан облысы