04 Қазан, 2018

Мемлекеттік органдарда жаңа қызмет енгізіледі

321 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Қоғамдық даму министрі Дарxан Кәлетаев мемлекеттік органдарда жаңа қызметтің енгізілетінін жеткізді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Мемлекеттік органдарда жаңа қызмет енгізіледі

«Қазіргі кезде тиісті жұмыстар атқарылып жатыр. Үкіметтің шешімі бар. Хаттамалық шешімге сәйкес, әрбір мекемеде үкіметтік емес ұйымдармен байланыс бойынша бір жауапты адам болады. Негізі, қазіргі кезде кез келген мекемеде азаматтық қоғаммен байланыс жүргізудің әдіс-тәсілдері бар. Ал нақты маманды белгілесек, осы саладағы байланыс күшейе түседі», - деді Д.Кәлетаев журналистерге берген сұxбатында. 

Министрдің сөзіне қарағанда, жаңа қызметке келетін маманның кімге және қалай бағынатыны әлі анықталады. Бірақ үкіметтік емес ұйымдардың негізгі өтініші орындалды. Ол - орталық және жергілікті атқарушы органдарда азаматтық қоғаммен байланыс жүргізетін маманды енгізу.

«Осыған қатысты көп ұсыныс болды. Біз өз тарапымыздан қоғамдық ұйымдардың өтінішін орындадық», - деп атап көрсетті Д.Кәлетаев. 

Айта кетейік, бүгін Астанада алғаш рет азаматтық қоғам институттарын дамыту мәселесіне арналған ұлттық тыңдаулар өтті. Негізгі мақсат - Қазақстан Республикасының азаматтық қоғамын дамыту жөніндегі тұжырымданы әзірлеу. Аталған құжат 2025 жылға дейінгі уақытты қамтиды. Бұған дейінгі тұжырымдаманың мерзімі 2011 жылы аяқталған болатын. Жаңа тұжырымдама биыл VIII Азаматтық форумда таныстырылады деген жоспар бар.  Осы орайда ҚР Қоғамдық даму министрі Дарxан Кәлетаев азаматтық қоғамды дамытудың негізгі мәселелерін атады.