![Мақта бағасы бойынша бәсекелестік жоқ](/article_photo/1538714409_article_b.jpeg)
Түркістан облысы, Жетісай ауданының Ш.Ділдәбеков ауылдық округінде орналасқан Тәуелсіздіктің 20 жылдығы атындағы машиналық каналға 13, 523 млрд теңге жұмсалып, 2011 жылы салынған болатын. Канал 86,7 мың гектар егістік алқапты ағын сумен қамтамасыз етуге қауқарлы.
Премьер-Министрдің орынбасары-Ауыл шаруашылығы министрі Өмірзақ Шөкеев мақталы өңірге келген сапарында аталмыш каналдың ГНС-1, ГНС-2 арасындағы өзекті мәселе болып тұрған 9 шақырымдық бөлігіндегі су өткізу қабілетінің техникалық жағдайымен танысты. Аудан әкімі Жамантай Бейсенбаев министрге биыл жетісайлық шаруалар аталған каналдың игілігін көргенін, «Достық» каналынан келетін ағын судың тапшы бөлігі осы канал арқылы толтырылып отырғандығын жеткізді.
Алайда каналдың су өткізу қабілеті төмендеген. Яғни, жоғарыда аталған бөлігі күрделі жөндеуді қажет етеді. Бұл мәселе алдағы уақытта шешімін таппақ. Канал үш кезеңде қайта құрылымдаудан өтетін болады. Оған республикалық бюджеттен 6,5 млрд теңге бағытталмақ. Егер жоба толық іске асса, 120 мың гектар егістік алқапты ағын сумен қамтамасыз етуге мүмкіндік туады.
Министрдің мәлімдеуінше, алдағы жылы іске асқалы отырған қайта құрылымдау жұмыстарының бірінші кезеңіне мемлекет тарапынан 1,2 млрд теңге бөлінетін болады. Ал екінші кезекте аудан аумағындағы мемлекеттік меншікке өткен барлық каналдарды күтіп-баптап ұстау үшін жергілікті «Қазсушар» мекемесіне қажетті техникалар сатып алынады. Бұдан бөлек, құрылысы 10 жылға созылған К-30 және К-26 каналдарының ішкі тармақтарын қалпына келтіру мақсатында арнайы мемлекеттік бағдарлама бекітілмек.
Сондай-ақ сапар барысында министр Қазақстан мен Өзбекстанның шекарасында орналасқан «Достық» каналындағы №73 су реттегіш көлденең тоспаның жағдайымен және ауданда жүзеге асқалы тұрған ПУИД-2 бағдарламасы шеңберінде атқарылып жатқан жұмыстармен танысты. Мақтаарал ауданында 40 мың гектарға жуық жер аталмыш бағдарламаға енген. Жобаның бірінші кезеңінде Еңбекші және Жаңажол ауылдық округтеріне қарасты 8 мың гектар жерде тік дренажды ұңғымалар салу, коллекторлық жүйелер мен каналдарды тазалау жұмыстары басталмақ. Мердігер анықталып, құрылысты бастау үшін дайындық жұмыстары жасалуда. Жобаның екінші кезеңі Иіржар мен Жамбыл ауылдық округтерінің 16 мың гектарын қамтыса, үшінші кезең бойынша Атакент кенті, Мақтаарал және А.Қалыбеков ауылдық округтерінің 15 мың гектардан астам егістік алқабы жерасты суларынан арылып, тұзданудан сақталмақшы. Бұл орайда аудан әкімі Бақыт Асанов Ж.Нұрлыбаев ауылдық округіне қарасты К-17 каналы мен Жаңажол ауылдарына қарасты К-15 каналдарын және 57 дана тік дренажды ұңғымаларды республикалық меншікке өткізу қажеттігін айтты. Министрден осы және «Северный» су қашыртқысының су өткізу қабілетін арттыру мақсатында механикалық тазалаудан өткізу жұмыстарын жасауға байланысты мәселелерді шешуге ықпал етуді сұрады.
Аудандарда мақта терімі қарқынды жүргізілуде. Жетісай және Мақтаарал аудандарына жұмыс сапары барысында министр бірқатар шаруашылықтарда болып, «ақ алтынның» сапасын жоғары бағалады. Ал Жетісай ауданы, Ж.Ералиев ауылындағы «Нұралы жол» шаруа қожалығында Түркістан облысының әкімі Жансейіт Түймебаев министрге өңірдегі ауылшаруашылық саласындағы жетістіктер мен атқарылған жұмыстарды айтып өтті. Аталмыш шаруа қожалық бүгінде 497 гектар жердің 180 гектарына мақта, 253 гектарына бақша дақылдарын, 37 гектарына жоңышқа, 27 гектарына дәндік жүгері еккен. Алпысқа жуық адам жұмыс істейтін шаруа қожалығының 47 техникасы бар. Жұмысшылардың айлық жалақысы – 55 мың теңге. Шаруа қожалығының төрағасы Е.Ералиевтің айтуынша, мақта терім науқаны ойдағыдай өтіп жатыр. «Дақылдардан мол өнім алуымыздың сыры – жаңа технологияны жан-жақты қолданумен бірге, ауыспалы егіс әдісін қатаң сақтаймыз. Суармалы жер – алтын қорымыз. Жасыратыны жоқ, кейбір азаматтар оның қадіріне жете бермейді. Өздері қалада тұрып, жерін жалға береді. Оны алған адам жерге агротехника талабына сай күтім жасамайды, тоздырып, рәсуасын шығарады. Сондықтан менің ұсынысым – көрші Өзбекстанда қалыптасқан мына бір жақсы әдісті біз де қолдансақ деймін. Онда бір елді мекендегі махалла комитеті жеріне қарамаған, егін екпеген диқаннан жерін алып қояды», – деді Е.Ералиев. Фермердің бұл ұсынысы министр тарапынан қолдау тапты.
Сондай-ақ Өмірзақ Шөкеев ауыл шаруашылығы өнімдерінің көлемін 5 жылда 2,5 есеге көбейту үшін әдіс-тәсілдерді меңгеру, өсімдіктерді химиялық емес, биологиялық жолмен қорғауды қолға алу қажеттігін айтты. Асықата кентіндегі «Корпорация Ақ-Алтын» ЖШС-нің мақта шикізатын өңдеу зауытында жылына 60 мың тонна мақта шикізаты қайта өңдеуден өтеді. Науқан кезінде 265 адам жұмыс істейді. Мұнда өндірілген өнімдер ТМД және басқа да шет мемлекеттерге жөнелтіледі. Зауыт жұмысымен танысқан министр мақта шикізатының өзекті мәселелерін де талқылады. Мысалы, «Балмұхан» шаруа қожалығының төрағасы М.Атабайұлы трейлерлердің биыл мақта бағасын тоннасына 170 мың теңгеден асырмай отырғанына шағымданды. Мақта өсірудің шығыны өте көп шаруа екенін айтып, әр тоннасы 190-200 мың теңгеден сатып алынса деген ұсынысын да жеткізді. Бұл сауалға жауап берген Өмірзақ Естайұлы мақта бағасын Үкімет қоя алмайтынын, тек ықпал жасауы мүмкін екенін білдірді. «Зауыттар мақта шикізатын өңдеумен айналысады. Ал сатып алушылар неге бір бағаға ғана келісіп, соны ұстап отырғанын зерттеу керек. Неге бәсекелестік орын алмай отыр? Заңсыздыққа жол берілсе шара қолдануға күш саламыз», – деді министр. Сондай-ақ Ө.Шөкеев алдағы уақытта тиісті сала мамандары тарапынан мақта бағасы бойынша арнайы сараптама және зерттеу жұмыстары жүргізілетінін, мақта зиянкестерімен күресте биологиялық әдіске бөлінетін субсидия көлемін арттыруға ықпал ететінін жеткізді.
Айта кетейік, Мақтаарал ауданында 38 593 гектардан аса жерге мақта шиті себілген. Биыл орташа есеппен гектарынан 21-24 центнерден өнім алу көзделіп отыр. Бүгінде аудандағы мақта қабылдау бекеттеріне 20 мың тоннадан астам ақ алтын келіп түскен болса, диқандар терім біткенше 80 мың тонна ақ ұлпа жинап алуды жоспарлауда. Ол үшін 365 терімшілер бригадасы, 100-ге жуық комбайн мақта теру науқанына жұмылдырылған.
Ғалымжан ЕЛШІБАЙ,
«Егемен Қазақстан»
Түркістан облысы