Әлем • 22 Қазан, 2018

Қазақтың Моцарты алғашқы авторлық концертін ұсынды

660 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Небәрі 10 жасында өнер кеңістігінде жаңалық жасап, алғашқы клас­си­ка­лық туындысын өмірге әкелген әлемдегі ең жас кәсіби ком­пози­тор Рахат-Би Әбдісағин есімімен Қазақ елі Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясындағы «Қазақтың 100 жаңа есімі» жобасы барысында етене таныс­ты. Жоба жеңімпаздарын құттықтау салтанатында Президент жас дарынның теңдессіз шығармашылық қабілетіне тәнті болып, өрімтал талант өнерін әйгілі Моцарт шығармаларымен тең қоя таңданғаны да дәл осы сәт болатын.  

Қазақтың Моцарты алғашқы авторлық концертін ұсынды

Назерке ЖҰМАБАЙ, 

«Егемен Қазақстан»

Ал композитордың замандас досы, әйгілі ресейлік дирижер Дмитрий Крюков болса сазгер өнерін: «...Мені оның осы күнге де­йін істеген жұмысы неме­се не­бәрі 19 жасында игерген шек­­­сіз білімі емес, мені таңғал­дыратыны басқа – оның бо­йын­дағы шы­ғар­машылық қуаты, музы­ка тудырудағы шексіз мүм­кін­дігі. Енді 10 жылдан кейін қан­дай туын­дылардың өмір­ге келерін ойлау­дың өзі қор­қыныш­ты. Бұл – шынымен-ақ құбылыс», деп бағалайды. 

Иә, жас­тығына қарамастан тең­дессіз қабілетімен жаһан назарын өзіне аудартқан өнер иесінің шексіз таланты бүгінде шартарапты шарлап кетті. Классикалық музыка­ның талғампаз тыңдармандарын тәнті еткен туындылары әлемнің айтулы сахналарын мойындатып үлгерді. Енді міне, туған еліне музыкадан тарту жасады. 

Өткен аптада «Астана Опера» мемлекеттік опера және балет театрының Үлкен залы сахнасында композитор, пианист, өнер­тану ғылымдарының магистрі, «Қазақ­станның 100 жаңа есімі» ұлттық жобасының жеңімпазы, көптеген классикалық музыкалық туындылардың авторы Рахат-Би Әбдісағин «Зымыран – Заман» атты авторлық концертін көрер­мен назарына ұсынды. 

Айтулы симфониялық музыка мейрамы елорданың 20 жыл­дық мерейтойы аясында ұйымдастырылып отыр. 

Жас таланттың аса зор тал­ғам­паздық һәм жіті ізденістің нәтижесінде туған ғаламат клас­­­сикалық музыка кешіне Мем­ле­кеттік хатшы Гүлшара Әб­діқалы­қова, Мәдениет және спорт ми­нистрі Арыстанбек Мұ­­хамеди­ұлы, белгілі мемлекет және қоғам қайраткерлері қатыс­ты. 

«Дарын» Мемлекеттік жас­тар сыйлығының лауреаты, ТМД Парламентаралық Ас­сам­­­­­блеясының «Мәдениет пен өнер­ге қосқан үлесі үшін» құр­мет белгісінің иегері, П.И.Чай­ковский атындағы Халық­аралық музыка байқауы лау­реат­тары ассоциациясының мү­шесі Рахат-Би Әбдісағин 13 жасында студент, 17-сінде ма­гистрант атанып, диссертация қорғаған. Ал 18 жасында Рим қаласындағы Санта-Чечилия Академиясының докторантурасына қабылданған алғашқы қазақ. Жас таланттың 14 жасында жарық көрген «Mathematics and Contemporary Music» («Ма­тематика және қазір­гі за­манғы музыка») атты ғылы­ми ең­бегі бүгінде аталған сала ма­ман­­дарының жоғары бағасына ие. 

Ел арасында «Қазақтың Мо­царты» атанған Рахат-Бидің шы­ғармашылығы 10 жасынан басталады. Әлі 20-ға тол­маған музыкант бүгінге дейін симфониялық оркестрге және әр жанрдағы ка­мералық ансамбльдерге ар­налған 100-ден аса классикалық музыкалық туындының авторы атанып үлгерді. Рахат-Би қиялынан туған ғаламат музыка Астана мен Алматыдан бөлек, Прага, Лондон, Вена, Париж, Берлин, Мюнстер, Лос-Анджелес, Бай­ройт, Франкфурт, Бейжің, Сеул, Анкара, Ыстанбұл, Мәс­кеу, Санкт-Петербург, Том, Киев, Ялта, Рогашка-Сла­­­ти­на, Кьоджа, Бергамо, Грац, Мюрц­цушлаг, Аркей, Али­­кан­те, Теулада-Морайра, Каир, Амман, Александрия сынды әлем­нің ірі қалаларының ү­здік сахналарында орындалып, клас­сикалық музыканың тал­­ғампаз тыңдармандары арасында зор қошеметке бөленіп жүр. «Астана Опера» театрында тұң­ғыш рет өтіп отырған айтулы авторлық кеш жаһан назарын жаулаған жас композитордың туған халқы, Отаны алдындағы тағзымы, шы­ғар­машылық тартуы десек, бек жарасымды. 

Ресей Үлкен театры мен Мем­­лекеттік академиялық сим­фо­ния­лық капелласы дири­жері, П.И.Чайковский атын­дағы Мәскеу Мемлекеттік кон­серваториясының түлегі, Ре­сейдің ең жарқын әрі дарынды дирижерлерінің бірі Дми­трий Крюков тізгіндеген екі бөлімді концертте Рахат-Би Әб­­ді­сағиннің қиялына қанат бітір­ген «Романтизм Жаң­ғы­рығы», «Өмірге Құштарлық», «Тә­ңір тұ­рағы», «Нұрлы жол», «Тас­тү­нектің арғы жағы», «Тым-ты­рыс­тың тырсылы», «Зымыран – заман», «Қазақ рапсодиясы» атты бар­лығы 8 симфониялық шығарма орындалды. 

– Елімізде жастардың жан-жақты дамуына барлық жағ­дай жасалған. Бүгінгі кеш со­ның бірден-бір дәлелі. Жал­пы толыққанды концерт бағ­дар­ламасын құрастыруда бір ғана жас композитордың сим­фониялық туындыларының жеткілікті болуы айрықша көр­сеткіш деп ойлаймын. Оның үстіне, уақыттың тәртібіне байланысты кеш репертуарына барлық шығармамды енгізуге мүмкіндік болмады, тек қана 8 туын­дымен шектелуге тура кел­ді. Яғни, бұл кеште орындалатын шығармалардың жалпы саны – сегіз. Бір қызығы, «8» – сим­метриялық сандардың бірі (тұтастай нөлді есептемегенде), кемелденудің шағын көрінісі, ал көлденең күйінде шексіздіктің белгісі. Мұны жай ғана сәйкестік деп ойламаймын – дейді кеш авторы, композитор Рахат-Би Әбдісағин. 

Айтулы музыка думанының ерекшелігі сол – тыңдарман қа­у­ым сахнадан кеш авторы Ра­хат-Би Әбдісағин, ресейлік жас дирижер Дмитрий Крюков және Қазақ Ұлттық өнер уни­вер­­ситеті колледжінің сту­денті, Қа­зақстанның еңбек сіңірген қай­раткері, профессор Раиса Мұ­­сақожаева сыныбының сту­денті Ақбике Алғи бастаған му­­зыкада кемелдікке ұмтылған бір топ та­лантты жастың үздік шы­­ғар­машылық ансамбліне куә болды. 

– Маэстро Дмитрий Крюков өзінің жастығына қарамастан, жетілген, шығармашылықта өз жолын қалыптастырған дарынды музыкант. Ол – Мәскеуде зор таны­малдылыққа ие тамаша дирижер. Дмитрий Крюков клас­сикалық партитураларды жете түсінумен қатар, тек таң­даулылар ғана игерген заманауи академиялық музыка, авангардтың қыр-сыры мен айрықша аспектілерін біледі. Оның дайындық деңгейіне, іргелі көзқарасына, әр нәрсеге, тіпті дыбыс үзілісі мен дем алуға мұқият қарауына таңғал­дым. Әсіресе маэстроның тың­дау һәм талдау аппараты, ойлау қабілеті мен жұмысты үйлестіре білуі тамсандырды. Ал Ақбикені бұрыннан білемін әрі музыкалық қабілетін өте жоғары бағалаймын. Ол өзінің дарыны, музыканы тамаша жеткізуі, ше­берлігі жә­не ұшқыр техникасымен еліміздегі жас скрипкашылар тобынан ерекшеленеді, – деп шығармашылық иесі концертте өнер көрсеткен кеш қонақтары – өзінің замандас, әріптес достарына да алғысын жеткізуді ұмытпады. 

Жас дарынның елорда хал­қына классикалық музыкадан ұсын­ған бұл шығармашылық кеші жастар қаласы – Астананың 20 жылдығына жасалған тамаша тарту болды. Рухани мәні терең, айтары мол симфония кешінен тыңдарман қауым риза болып тарқасты.