Аймақтар • 28 Қазан, 2018

Қостанайлықтар Кәмшатты еске алды

711 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Қазақтың айтулы тұлғаға айналған қыздарының бірі, атақты механизатор Кәмшат Дөненбаеваның о дүниелік болғанына бір жылдың жүзі болды.

Қостанайлықтар Кәмшатты еске алды

Осыған орай Е.Өмірзақов атындағы облыстық филармонияда еске алу кеші өтті. Онда жиналған жұрт алдымен тележурналист Гүлжібек Баекенова жасаған, «Камшат Доненбаева: Я к тебе пришла, поле!» атты деректі фильмді тамашалады. Фильмде қарапайым еңбек адамынан қоғам қайраткерлігіне дейін көтерілген, қазақтың мақтанышы Кәмшат Дөненбаеваның өмір жолы айшықты баяндалады. Мұнан кейін облыс әкімі Архимед Мұхамбетов Кәмшат апамыздың еңбек жолы да, өмір жолы да жас ұрпаққа үлгі-өнеге екенін айтты.

«Кәмшат Байғазықызының орамалы қандай ақ болса, көңілі де, жүрегі де сондай аппақ адам еді. Ол ауырып жүргеннің өзінде облыстағы қоғамдық жұмыстардан қалмай қатысып отырды. Бәріміз де бала кезден оның атына қанық болдық. Мен облысқа 2015 жылы қызмет бабымен келген кезде, алдымен апамызға сәлем беріп, батасын алған едім. Ол тек облыстың ғана емес, еліміздің  мақтанышына айналды. Кәмшат Байғақызын мәңгі есте қалдыру үшін облыста біршама істер жасалды. Көшенің аты берілді, жақында мүсіні қойылатын гүлзар ашылады, колледж Кәмшат апамыздың атымен аталады, Качар кентіндегі мешіт те Кәмшат ана атында», деді Архимед Бегежанұлы.

Кешке Алматыдан арнайы келген Социалистік Еңбек Ері, мемлекет және қоғам қайраткері Вера Сидорова тебірене сөйледі.

«Кәмшаттың еңбек еткен жылдарының, депутат болған кезінің куәгерімін. Мен ол кезде аудандарда басшылық қызметте болдым. Кәмшат еңбектің, оның ішінде ауыл шаруашылығындағы ауыр еңбектің беделін көтерген адам. Трактор айдау әйел адамға ешқандай оңай жұмыс емес еді. Кәмшаттың үн қатуымен елде қыздар тракторға отыра бастады. Сонда партияның облыстық комитетінің хатшысы хабарласты, «неге қыздар тракторға отырмай жатыр, аз ғой?» дейді. Сонда мен әлгі кісіге: «Сіз өз қызыңызды тракторға отырғызар ма едіңіз?» деген едім, ол үнсіз қалды, – деді Вера Васильевна.

Кеште естеліктерден құрастырылған «Кәмшат» атты кітаптың тұсаукесері өтті. Оны Кәмшаттың келіні Ақмарал Жақсыбаева, қазақ редакциясын журналист Қыдырбек Қиысқан, орыс редакциясын баспагер Валентина Захарченко жасады. Л.Тостой атындағы әмбебап кітапхана Кәмшат Байғазықызы туралы мақалалар шыққан әр жылдарғы бұқаралық ақпарат құралдарының көрмесін ұйымдастырды.

Кеште Кәмшат апайдың тек еңбек адамы, қоғам қайраткерлігі ғана емес, ол кісінің имандылықты ту етіп ұстаған, отбасының ұйтқысы болған адамгершілігі де сөз болды.

«Кәмшат сонша даңққа бөленсе де қарапайымдылығынан асып кеткен жоқ. Бір адамның алдынан кесіп өтпейтін. Намазын қаза еткен жоқ. Қажыға барып келгенде басынан өткен ғажап оқиғаны айтып еді. Меккеде жүргенде бір құйын тұрады да, Кәмшаттың басынан жаулығын алып кетеді. Кәмшат: «Бұл не болды? Енді жалаңбас қалай жүремін, Аллаға не жаздым екен?» деп қамығып тұрғанда, сәлден соң тағы бір рет құйын көтеріледі де, Кәмшаттың жаулығын қайта әкеліп тастайды». Кәмшат Алланың сүйген құлы деп білемін» деді облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Кенжебек Үкин.

Кеште Кәмшат апаға арналған қос әннің де тұсауы кесілді. Сонымен қатар І.Омаров атындағы облыстық қазақ драма театрында жүріп жатқан Ақылбек Шаяхметтің пьесасы бойынша қойылған «Еңбек ерлері» атты спектаклінен үзінді көрсетілді.

Кештен кейін ас беріліп, Кәмшат апаға  рухына құран бағышталды.

Нәзира ЖӘРІМБЕТ,

«Егемен Қазақстан»

Қостанай