Төтенше жағдай орын алған күннің ертеңінде аудан әкімінің өкімімен арнайы комиссия құрылып, 144 үйге су кіргенін, оның ішінде 87-сі жөндеуді қажет ететінін, 57 баспананың тұруға жарамсыздығын анықтаған еді. Кейін мемлекет тарапынан республика, облыс бюджетінен бөлінген, демеушілерден, әр аймақ тұрғындарынан келіп түскен қаражатқа үйсіз қалғандарға үй сатып алынып беріліп, тұруға жарамды баспаналарға жөндеу жұмыстары жүргізілген-ді. Алайда үйіне су кірсе де, баспанасы тұруға жарамсыз болса да, тасқыннан зардап шеккен өзге тұрғындар қол жеткізген үйді ала алмай, пәтер жалдап, туыстарын жағалап жүрген тұрғындар әлі бар. Олар мұңын шағып, мәселемізді шешуге жәрдемдесер деген үмітпен редакциямызға хабарласты. Жақында Аягөзге арнайы барып, заң аясында берілуге тиіс баспаналарына жете алмай пұшайман болып жүрген тұрғындардың қабырғасы жарылған, іргетасы сөгілген үйлерін көріп, өздерімен пікірлесіп, арыз-шағымдарын тыңдап қайттық.
Көршісінің қабырғасы ұстап тұр
Рет-ретімен баяндайық. Биыл 11 наурыздағы тасқын кезінде баспанасына су кірді делінген Желтоқсан көшесіндегі №100 үйдің иесі, жалғызбасты ана Алмагүл Дюсембаева комиссия мүшелері әуелде ауызша «үйіңіз тұруға жарамсыз» дегенін, алайда кейіннен үйіне екі мәрте техникалық сараптама («ВМВ и В» және «Айтэкс» ЖШС) жасалғанын айтады. Сараптама жүргізген екі мекеме де үйдің қалт-құлт етіп құлауға жақын тұрғанына қарамастан «тұруға жарамды» деп қорытынды беріпті. Үйдің жағдайын бағалаушылардың қорытындысымен келіспеген Алмагүл Дюсембаева сегіз ай бойы сергелдеңге түсіп, сан есікті тоздырып, Аягөздегі туыстарын жағалап жүр. Желтоқсан көшесінде орналасқан үйін біз де көрдік. Іші мұздай, үйдің қабырғалары мен төбесі бірнеше жерден жарылыпты. Ал сырты... Сырты да адам көргісіз. Үйдің қос қапталының қабырғалары да әр жерден сөгіліп, іргетасы езіле бастапты. Үйдің бір жақ қапталының қабырғасының шеті опырылып кеткен. «Қазір үйімді тасқыннан кейін баспанасы құлап, мемлекеттен үй алған көршімнің (Желтоқсан, 98) үйінің қабырғасы ұстап тұр. Қабырғаны құлатуға ешкімнің жүрегі дауаламай отыр. Үйімнің осы жағдайын Парламент Мәжілісінің депутаты Нұртай Сабильянов та көріп: «Мына үйде қалай тұрады? Комиссия мүшелері, сіздерге тапсырамын, үй алып беруге ықпал етіңіздер» деген болатын. «Жарайды, жарайды» деген комиссия мүшелері. Депутат кеткен соң жабулы қазан жабулы күйінде қалды. Жақында аудандық сотқа барғанымда ондағылар: «Бұл мәселені әкімдік өзі шешуі керек. Үйді бағалаушыларды әкімдік өздері сотқа беру қажет» деді. Әкімдікке барсам: «Сотқа бересіз бе, өзіңіз білесіз. Бізге «Үйіңіз тұруға жарамсыз» деген сарапшы қорытындысы керек» деді. Оны қайдан аламын десем, қорытындысын өзіңіз жасатыңыз деді. Сарапшыны шақыру үшін 160-200 мың теңге төлеу қажет екен. Ондай ақшаны қайдан табамын? 7 айдан бері жұмыссыз жүрмін. Маңайымдағы үйлердің бәрі үй алды. Сопайып жалғыз мені қалдырып қойды», дейді А.Дюсембаева.
Қорытындысы мың құбылған сарапшылар
Алмагүл секілді басын тауға да, тасқа да соғып, баспанаға қол жеткізе алмай жүрген тұрғынның бірі – үш баланың анасы Жанар Масакова. Тоқсанғазин көшесіндегі №43 үйдің тұрғынына әуелде, яғни 15 наурызда «НПФ Проекттехэксперт» ЖШС «баспанасы қалпына келтіруге жатпайды және тұруға жарамсыз» деп қорытынды беріпті. «Қазақстан Республикасының 2001 жылғы 16 шілдедегі №242 «Қазақстан Республикасындағы сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі туралы» Заңының 34-4-бабының 12- тармағында сарапшылардың техникалық зерттеп-қарау нәтижелері бойынша барлық тұжырымдары мен нұсқаулары тапсырыс берушінің орындауы үшін міндетті болып табылатындығы көрсетілген. Яғни тапсырыс беруші ретінде аудан әкімінің аппараты сарапшы қорытындысын орындауға міндетті болған. Алайда тапсырыс берушімен Б.Сыдыков, Б.Смагулова, Н.Карипханов, М.Ахметов, Ж.Масакованың үйлеріне дәлелсіз негіздермен бірнеше рет сараптама жүргізілген. Атап айтқанда, «ВМВ и В» ЖШС-мен аталған жылдың сәуір айында Ж.Масакованың үйіне қайтадан сараптама жүргізіліп, үйге жөндеу жұмыстарын жүргізу қажеттігі туралы қорытынды жасалған. 08.07.2018 жылы «Айтэкс» ЖШС осыған ұқсас қорытынды берген», делінген Аягөз аудандық прокуратурасының Аягөз ауданының әкімі Б.Баяхметовке тамыз айында жазған ұсыныс хатында. Сарапшы демекші, бірнеше айдан бері пәтер жалдап тұрып жатқан Жанар Масакова жақында тағы да бір сарапшы келіп, үйіне кірмей-ақ сыртынан қорытынды шығарып кеткенін қынжыла жеткізді. «Үйдің әуресі әбден шаршатты. Үйімнің қабырғалары жарылып, құлағалы тұр. Екі күн суда тұрған үй ғой. Әкімшілік «үйіңе жөндеу жасат» дейді. Мен бұған келіспей отырмын. Жақында үйіме төртінші сарапшы келді. Әбден жүрек шайлығып, қорқып қалғам ғой. «Құжатыңыз бар ма? Көрсетіңіз» дедім. Қасында әкімшілік адамдары бар екен. «Менің құжаттарымның бәрі әкімшілікте» деп көрсетпей қойды. «Құжат әкелмесеңіз, үйге кіргізбеймін» дедім де кетіп қалдым. Таңғалғаным, ертеңінде «Сіздің үйіңіз жөндеуге жарамды» деген қорытынды келіп тұр. Сарапшылар үйге кірмей қалай қорытынды шығарады? Сертификатын, бірде-бір құжатын көрсеткен жоқ. Бір қызығы, әлгі қорытындысына наурыз айындағы қорытындының фотоларын жапсырыпты. Қайдан алғанын білмеймін, үйімнің бұрынғы қожайыны Жылыбаевтың құжаттарын тіркеп қойыпты. Үйім – күйеуімнің атында. Бұл үйді 2009 жылы сатып алғанбыз. Өздері де шатаса бастады. Жақында Аягөз қаласы әкімінің міндетін атқарушы Н.Қантаев мырза өзіне шақырып: «3 миллион теңге өтемақы ал. Сосын үйіңді 2 миллионға өткізерсің» деді. Аягөзде бұл бағаға үй келмейді ғой. Менің үйім үш бөлмелі. Бес адамбыз. Алатын жалақым 30 мың ғана. Басында бала-шағамды киіндіре алмай қиналдым. Екеуі мектепте. Әзірге депутат Нұртай Сабильяновтан ғана көмек сұрап отырмын», дейді Ж.Масакова.
Жұртты әбігерге салған кіші Аягөз өзенінің жағалауы бекітіле ме?
Көктемгі тасқын кезінде Аягөздегі 144 үйге су кіргенін, арнайы комиссия соның 87-сі жөндеуді қажет етеді, 57 баспана тұруға жарамсыз деп танылғанын жоғарыда айттық. «Жөндеуді қажет етеді» деген қорытынды шығарылған үйдің бірі – жергілікті жұрт «Залиний» деп атап кеткен шағын аудандағы Тоқсанғазин көшесіндегі №125 үйдің тұрғыны, бес баланың әкесі Марат Ахметов. М.Ахметов әуелде сарапшылар қорытындысымен келіспегенімен, соңынан үйін жөндеуден өткізуге рұқсатын берген болатын. Аягөздегі сапарымызда баспанасына жөндеу жұмыстары жүргізілді делінген бұл кісінің де үйін көрдік. Сары кірпіштен қаланған үй сыртына қарасаң, түк болмағандай жарқырап-ақ тұр. Сөйтсек... Сөйтсек бұл үйдің жөндеу жұмыстары да айқай-шумен, дау-дамаймен аяқталыпты. «Сырты бүтін, іші түтін» деген осы болатын шығар. Жөндеу жұмыстарын әзер дегенде жүйкені әбден жұқартып, «ағалап-көкелеп», жалынып-жалпайып, жылап-сықтап жүріп аяқтаттық қой. Үй сыз. Балаларым, әйелім бірнеше рет ауырды. Жөндеу жұмысын жүргізгендер шатырдың суағарларын, үйдің ішіндегі жапсырылған түсқағаздарды дұрыс жапсырған жоқ. Арасына ауа қалдырып кетті. Үйдің қабырғаларын да дұрыс тегістеген жоқ», деп былқылдаған түсқағаздарды қолымен көрсетіп, жөндеу жұмыстары іргетасы, қабырғасы жарылған үйдің сыртына жүргізілгенін, яғни баспанасының сырты кірпішпен қапталғанын жеткізіп, соған алаңдайтынын да жасырмады.
Аягөзді тасқын су басқаннан кейін, екі күннен соң, яғни 14 наурыз күні облыс әкімі Даниал Ахметов Өскеменнен ұшып келіп, тілсіз жаудан зардап шеккен тұрғындардың жағдайымен танысып, су кірген, құлаған үйлердің бірқатарын аралаған-ды. Сол кезде біз сөз етіп отырған Марат Ахметовтің басқа тұрғындар секілді өз мәселесін, өз үйінің жайын емес, аймақ басшысына өздері тұрып жатқан шағын ауданның аянышты жағдайын айтқаны есімізде. Осы жолы да шағын аудандағы шешімін таппай жатқан мәселелерді алдымызға тартты. «Елбасымызды ерекше құрметтеймін. Елдің заңдарын сыйлаймын. Осы жолғы Жолдауында да талай дүниелерді айтты. Алайда жергілікті әкімшілік Президент тапсырмаларын, алға қойған міндеттерін дұрыс, жеткілікті деңгейде орындамай отыр. Дұрыс есеп бермей жатыр. Мемлекет басшысы ауылдарды ауыз сумен, жарықпен қамтамасыз етіңдер, деді. Бірақ бізде басшылар, депутаттар келетін көшелерді ғана жөндейді. Гүл егеді. Соларға көрсету үшін ғана. Менің алаңдайтыным, тасқын судың алдын алу шаралары жөнді жасалған жоқ. Биыл көктемде арнасынан асқан кіші Аягөз өзенінің жағасы дұрыс бекітілген жоқ. Арықтар қазып, судың жағасын бекемдеу керек еді. Өзеннің арғы бетіндегі балалар мектепке өтетін көпір құжат бойынша ешқайда жоқ. Әкімшіліктің балансында жоқ. Төрт көпір салынады деген. Мына жаққа қыста жедел жәрдем көлігі келе алмайды. Жолдың бәрі быт-шыт. Қоқыс төгетін арнайы орын жоқ. Қар түскенде балалар ойнайтын алаң жасап жатыр. Оның сапасы бола ма?» деген М.Ахметов Аягөздің шетіндегі шағын ауданға жергілікті әкімдік тарапынан дұрыс көңіл бөлінсе деген тілегін айтты.
Түйін
Аягөз қаласына бармай тұрып, осыдан бір ай бұрын, яғни 21 қыркүйекте аудан әкімдігіне тасқыннан зардап шеккен тұрғындар мәселесінің қалай шешіліп жатқандығын білмек ниетпен сұрау хат жолдағанбыз. Аягөз ауданы әкімі аппаратының басшысы К.Ргаеваның мерзімінен кешіктіріп (18.10.2018) жіберген жауап хатында Алмагүл Дюсембаеваның үйі су тасқынына дейін жөндеу жұмыстарын қажет еткендігі, үйіне су кірмегендігі, ал Ж.Масакованың үйі «Лаб УЗК» ЖШС жасаған сараптама қорытындысы бойынша су деңгейі үйдің іргетасының ортасына ғана дейін жеткендіктен жұмысқа қабілетті күйде пайдалануға жарамды екендігі айтылыпты. Ал түсініп көріңіз. Егер А.Дюсембаеваның үйіне су кірмесе, неге оның баспанасына бір емес, екі мәрте техникалық сараптама жүргізіліп, бағалаушылар «үй жөндеуді қажет етеді» деген қорытынды берген?! Ал әуелде «тұруға жарамсыз, апатты жағдайда» деп қорытынды берілген («НПФ Проекттехэксперт» ЖШС, сарапшы В.Полянский) Ж.Масакованың үйі қалайша «жұмысқа қабілетті?». Сұрақ көп, жауап жоқ. Әкімдіктің сөзі бір бөлек, сарапшылардың сөзі бір бөлек. Сондықтан әлі үй ала алмай, сарсаңға түсіп жүрген А.Дюсембаева мен Ж.Масакованың үйлеріне тағы бір мәрте әділ, тәуелсіз сараптама жүргізіліп, мәселенің нүктесі қойылуы керек секілді.
Азамат ҚАСЫМ,
«Егемен Қазақстан»
Шығыс Қазақстан облысы,
Аягөз ауданы