06 Қараша, 2018

Тұрғын үй құрылысының қарқыны қалай?

329 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Бүгінгі таңда баспана саудасы қарқын алып, шаршы метрдің құны көтерілгеніне қарамастан, тұрғын үй бағасын мемлекеттік бағдарламалар шарықтатпай ұстап тұр деуге болады.

Тұрғын үй құрылысының қарқыны қалай?

Ресми мәліметтерге сүйен­сек, 2018 жылдың қаңтар-шіл­де аралығында тұрғын үй құры­лысына жұмсалған жалпы қаржы көлемінің 82%-ын құрылыс ком­па­нияларының өз қаражаты құ­рапты. Бұл соңғы 10 жылдағы ең жоғары көрсеткіш. Демек, биыл салынып жатқан үйлер негізінен мемлекет субсидиясымен немесе құрылыс компанияларының өз ақшасы есебінен салынуда. Себебі құрылысқа ешкімнің ақша сал­ғысы жоқ. Еліміздегі екінші дең­­гейлі банктердің де оған құлық­­сыздығы байқалады. 

Айта кетейік, былтыр қаң­тар-шілде аралығында құры­лыс компанияларының үй құры­лы­сын­дағы өзіндік қаражаты 69% болса, алдыңғы жылғы жар­ты­жыл­дықта бұл көрсеткіш 74%-ды құраған болатын. Айтып отыр­ғанымыздай, үй құрылы­сы­ның негізгі инвесторы болуға тиіс банктер де құрылысқа ақша құюға құлықсыз. Биылғы алғашқы жеті айда екінші дең­гейлі банктердің баспана салуға берген несиесі 14 млрд теңгені құрағаны осы­ны аңғартады. Бұл жалпы үй құ­ры­лысына салынған инвестицияның бар болғаны 2,4%-ы ғана.

Банктердің қарыз беруді тоқта­туы баспана құрылысындағы қара­­жатты әжептәуір азайтып жі­бер­ді. Бір жыл ішінде сала­лық порт­­фельдің көлемі 184,7 млрд тең­геге, яғни 19%-ға күрт төмен­деп кеткені осыған байланысты. Ал банктердің салған қаражаты жал­пы портфельдің 6%-ын ғана құ­­рай­ды. Салыстыру үшін айта ке­те­йік, 2009 жылы баспана салуға пай­­да­ланылған қаражаттың 20%-ы банк­­тер­дің берген несиесі болатын.

Банктерден қайыр болмағанын көрген құрылыс компаниялары енді әлеуетті тұтынушылардың, яғни халықтың қаржыландыруына үміт артатыны түсінікті. Ол үшін ком­паниялар салынып жатқан пәтер­лерді алдын ала сата баста­мақ. Яғни, тұтынушылардың өз би­дайын өзіне қуырып беруге тура келеді деген сөз. Тұрғын үй құры­лысын кепілдендіру қорының мәлі­метінше, коммерциялық баспана­ның 60%-ы үлескерлік құрылысқа жатады екен. Мамандардың айтуынша, бұл үрдіс 2020 жылға дейін сақталады. 

Жоғарыдағы мәліметке сенсек, былтыр жер үйлерді санама­ған­да жаңадан 72,9 мың пәтер салын­са, соның 43,7 мыңы үлес­кер­лік қаржыландырумен бой көтеріпті. Ал 2018 жылдың қаң­тар-шілде аралығында 34 мың пәтер салынған болса, оның 20,5 мың­дайы үлескерлердің қаржы­лай қол­дауының арқасында бой көтерген. 

Банктер қаражатын тәуекелге тіккісі келмейді

Соңғы бірер айда банктердің ипоте­калық несие беруді ұлғайт­қаны байқалады. Дегенмен, жекелеген банктердің ипотекалық несие портфеліне үңілер болсақ, ипотека нарығының да мемлекет демеуіне мұқтаж екені көрінді.

Өткен жылғы тамыз бен биыл­ғы тамыз айына дейінгі аралықта екінші деңгейлі банктер экономи­каны 12,7 трлн теңгеге несие­лен­діріпті. Бұл алдыңғы жылдағы сәйкес кезеңмен салыстырғанда 24,5 пайызға жоғары көрсеткіш. 

Несиелендіру көлемі күрт кө­бей­геннің өзінде де кейбір сегменттерде ерекше өрлеу байқа­лады. Мәселен, 2017-2018 тамыз айлары аралығында берілген ипо­текалық несие, яғни тұрғын үй құ­рылысы мен сатып алуға берілген қарыз рекордтық 44 пайызға артып 470,1 млрд теңгеге жетті. 

Ипотекалық несиеге қайта ора­­лар болсақ, былтырғы тамыздан бергі 12 ай ішінде берілген 470,1 млрд теңгелік ипотекалық қарыз­дың 63,6 пайызы, яғни 299 млрд теңге «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкіне» тиесілі. Айта кете­йік, жыл санап бұл банктің ипо­тека нары­ғындағы үлесі ұлға­йып келе­ді. Былтыр оның үлесі 62,3 пайыз бол­ған-ды. Ал 5 жыл бұрын тіпті ипо­те­ка нарығындағы ТҚЖБ-ның үле­сі 20,4 пайыздан аспаған болатын. 

Аймақтардың қарқыны күшейді

Ұлттық экономика министр­лігі Статистика комитетінің мәлі­метінше, соңғы уақытта Ал­маты мен Астанада тұрғын үй құры­лы­сында көпқабатты үйлер салу қар­қыны бәсеңдепті. Биылғы жыл­­дың алғашқы жартысында Ас­та­нада 938,9 мың шаршы метр көп­қабатты жаңа үй салынса, Ал­матыда осы уақыт аралығында 340,5 мың шаршы метр үй салын­ған. Бұл өткен жылдың сәйкес кезе­­ңі­­мен салыстырғанда тиісінше 24,1 және 28,1 пайызға төмен көрсеткіш. 

Дей тұрғанмен, жалпы рес­публика бойынша тұрғын үй құ­ры­лысының көлемі 2,7 па­йызға артқанын да атап өту керек. Баспана құрылысының қар­қыны еліміздің 12 облысында жо­ғар­ылап келеді. Соның ішінде Алматы облысы тұрғын үй құ­ры­лысы жағынан республика бойынша көшбасшы болып отыр. Былтырғы жылмен салыс­тыр­ғанда бұл облыстағы құрылыс­тың қарқыны 51 пайызға бір-ақ көтерілген. 

Одан кейінгі орын Түркістан облысына тиесілі, аталған аймақ­тағы құрылыс көлемі өткен жылмен салыстырғанда 43,8 пайызға көтеріліпті. Үшінші орын Маң­ғыс­тауға тиесілі, бұл өңірдегі көрсе­т­кіш 43 пайызға ұлғайған.

Басқа облыстардағы ахуалды тілге тиек етер болсақ, баспана құрылысын салу қарқыны өткен жылмен салыстырғанда Батыс Қазақстанда – 39,9%-ға, Атырау облысында – 29,8%-ға, Қостанай облысында – 26,6%-ға, Жамбыл облысында – 20,6%-ға, Ақтөбе облысында – 13,4%-ға, Қарағанды облысында – 7,6%-ға, Шығыс Қазақстанда – 6,8%-ға, Ақмола облысында – 3,1%-ға, Солтүстік Қазақстанда – 0,8%-ға көтеріліпті. Ал Алматы мен Астана қала­ларынан бөлек Павлодар (9,9%) мен Қызылорда облыстарында (30,7%) бұл көрсеткіш бәсеңдеген.

«7-20-25» бағдарламасы орта таптың эконом санатты үйлерін ұсынады

Өңірлердегі үй құрылысына мем­лекеттің осы бағыттағы бағ­дар­ламалары сеп екені даусыз. Мәсе­лен, биыл сәуір айына дейін үй құрылысы былтырғы жыл басынан айтарлықтай азайып кеткен еді. Оның себебі жоғарыда айтыл­ғандай банктердің ипотекалық несиені қысқартуы мен құрылыс компанияларының өздерінің қа­ра­жаттарының азаюы. Алайда сәуір­­ден бастап «7-20-25» ипо­те­калық бағдарламасының ашыл­ғанынан кейін банктер мемлекеттің кепілдігіне сүйеніп нарықты қай­та қаржыландыра бастады. Мем­ле­­кет­тің саясаты өңірлерге бет бұр­­ғаны сол екен, Астана мен Алма­ты­дағы құрылыс бәсеңдеп, есе­сі­­не облыс орталықтарында үй құ­­ры­лысы күрт көбейді. Рас, атал­­ған ипотекалық бағдарлама бо­йын­ша мақұлданған несиенің 60 па­йыз­дан астамы әлі де болса Алматы мен Астана қалаларына тиесілі. Деген­мен, бұл екі қала на­рығ­ындағы сұраныстың өзге аймақ­тардағыдан айтарлықтай жоғары екенін де естен шығармау керек. Ал екінші деңгейлі банктер­дің коммерциялық ипотекасына көп иек арта бермейтін облыс орта­лық­­тары­ның тұрғындары жаңа ипо­­те­калық бағдарлама арқы­лы же­ңіл­детілген мемлекеттік бағдар­ла­ма­ға қатысуға мүмкіндік алып отыр. 

Сонымен қатар «7-20-25» ипо­текасының басты мақсаты – орташа табысты халықты қолжетімді үймен қамтамасыз ету. Бұл да өз кезегінде нарықта қымбат үйлерге қарағанда эконом санаттағы бас­паналардың көптеп салына бас­тауына алғышарт болды. 

Бауыржан МҰҚАН,

«Егемен Қазақстан»