Қос өзен арасындағы арғы-бергі тарихты Әнес Сарайдай жетесіне жеткізіп жазған қаламгер аз. Атырау облыстық әкімдігі, облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасы жазушының құрметіне шығармашылық кеш ұйымдастырды. «Еділ-Жайық» трилогиясының тұсаукесер рәсімін Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, жазушы Қажығали Мұханбетқалиев пен Қазақстан Жазушылар одағының басқарма төрағасы, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Ұлықбек Есдәулет жасады.
– Әнес Сарайдың қазақ тарихы туралы, көк түркілерден қозғап, Ноғайлы жұртының шежіресін баяндаған еңбектерінің құндылығы күннен-күнге арта бермек. Бұл кісінің еңбекқорлығына бәріміз тәнтіміз. Қалам қуатының арқасында талай романдар мен хикаяттарды, әңгімелерді берді. Олардың бәрінен де ұлттық рухтың самалы есіп тұрады, – деді Қазақстан Жазушылар одағының басқарма төрағасы Ұлықбек Есдәулет.
Әдеби-сазды кеште Махамбет атындағы академиялық қазақ драма театрының әртістері жазушының өмірі мен шығармашылығы арқау болған қойылымды ұсынды. Жергілікті әнші-күйшілердің өнерімен өріліп отырған шарада облыс әкімінің орынбасары Нұрсәуле Сайлауова сөйлеп, «Халқымызда «Жақсы – ортақ, ай менен күндей, әмбеге бірдей» деген сөз бар. Әнес ағаның еңбектерін оқыған жанның көкірек көзі ашылады, өз тарихына сергек көзқараспен қарай бастайды. Осының өзі қаламгер мұратының ақталғаны», деп атап өтті.
– Бүгінгі таңда қазақ әдебиетінде Әнес Сарайдан биік, Әнес Сарайдан терең, Әнес Сарайдан кең ешкім жоқ. Мұхтар Әуезов пен Әбіш Кекілбаевтан кейінгі ғұлама жазушы. Бұл кісі шығармалары арқылы өзіңнің қазақ екеніңді ұқтырады, оқығанда қазақ болғаныңа арқаланып, жалданып кетесің, – дейді Қазақстан Жазушылар одағы басқарма төрағасының орынбасары, Президент сыйлығының лауреаты Мереке Құлкенов.
Жас қаламгерлердің жазушы, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, «Барыс», «Парасат» ордендерінің иегері Әнес Төлендіұлынан үлгі етер тағы бір қасиеті – еңбекқорлығы. Жазу үстеліне отырмайтын күні болмайтын қаламгер бүгінге дейін 25 том кітап жазған. «Соның 17 томы жарыққа шықты. Алда әлі де идеялар бар. Тағдырыма қанша жыл жазылғанын білмеймін, бірақ менің бар өмірім еңбектенуден тұрады», деді кеш соңында сөз алған жазушының өзі.
Шараға қаламгердің жары, белгілі журналист, жазушы, қоғам қайраткері Алтыншаш Жағанова, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, ақын Ақұштап Бақтыгереева, Парламент Сенатының депутаты Сәрсенбай Еңсегенов, академик Ғарифолла Есім қатысып, лебіздерін білдірді.
Бақытгүл БАБАШ,
«Егемен Қазақстан»
Атырау