Аймақтар • 19 Қараша, 2018

Алматыда ХІV Халықаралық Шәкен Айманов кинофестивалі ашылды

98 реткөрсетілді

Алматы қаласындағы М.Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театрында ХІV Халықаралық Шәкен Айманов кинофестивалінің салтанатты ашылу рәсімі болып өтті. Алғашқы кезеңімен салыстырғанда мазмұны да, аясы да мейлінше кеңіп, ауқымды киноалаңға айнала алған бұл шара бүгінде еліміздің мәдени өміріндегі елеулі оқиғалардың біріне айналып отыр.

Биылғы шара аясында да әлемдік кинематографиядағы таңдаулы туындылар көрсетіледі. Отандық киноөндіріс туындылары үшін  дайындалған арнайы бағдарлама да жүйеленген. Ең бастысы, биыл түркітілдес мемлекеттердің киноларына баса назар аударылады.

Фестивальдің ашылу салтанатына ҚР мәдениет және спорт министрі  Арыстанбек Мұхамедиұлы қатысты. Кинофестивальге қолдау білдірген Алматы қаласы әкімдігінің атынан сөз алған шаһар басшысының орынбасары Арман Қырықбаев: «Жаңа фестивальдің негізгі миссиясы – Орталық Азияның жүрегі  Қазақстанда түркі әлемінің кинематографистерін біріктіру. Тарихи тұрғыдан алғанда бұл толығымен ақталған қадам,  себебі түркітілдес халықтардың мәдени диалогы ықылым заманнан бері жалғасып келеді. Ендігі кезекте осы диалогты жаңа, сапалы деңгейде дамыту қажеттілігі туындап отыр. Осындай ұстанымы бар XIV Халықаралық Шәкен Айманов кинофестивалі біздің қаламыздың мәдени өміріндегі жарқын әрі қызықты оқиға болатынына сенімдімін», - деді.

М.Әуезов атындағы драма театрының алдына төселген қызыл кілеммен әлемдік және қазақстандық кинематографияның танымал жұлдыздары жүріп өтті. Олардың ішінде ауған режиссері, «Алтын глобус» сыйлығының иегері Сиддик Бармак, «Miramax» кинокомпаниясының вице-президенті, продюсер Розан Коренберг, Голливудтің шетелдік баспасөз қауымдастығының (HFPA) шетел тілдеріндегі фильмдер комитетінің төрағасы («Алтын глобус») Сергей Рахлин, ресейлік театр және кино актрисасы Роза Хайруллина, түрік актері Сердар Гекхан, әлемдік киножұлдыз Катаюн Беглари, қазақстандық режиссер, сценарист Серік Апырымов және тағы басқалары болды.

Қырғыз елінің бүгінгі таңдағы ең танымал кинорежиссерлерінің бірі Садық Шер-Нияз: «Түркі дүниесі деген не немесе кім? Түркі дүниесі деген – Омар Хаямның дүниесі, Әбу ибн Синаның дүниесі, Ұлықбектің дүниесі, Назым Хикметтің, Абайдың, Мұхтар Әуезовтің, Шыңғыс Айтматовтың дүниесі. Бүгінгі күні осылардың бәрі де шығармашылық нысандарға, насихатқа сусап тұр. Біз басқа мәдениетке бет бұрып кеттік»деп түркі елдерінің киносына басымдық беріп отырған биылғы фестивальдің жаңалығын құп алғанын қуана жеткізді.

Кинофестиваль 21 қарашаға дейін жалғасады. Халықаралық деңгейдегі шараның шеңберінде әр түрлі шығармашылық кездесулер, дөңгелек үстелдер, конференциялар мен шеберлік дәрістері ұйымдастырылмақ.

Айгүл АХАНБАЙҚЫЗЫ,

«Егемен Қазақстан»

АЛМАТЫ

Баннер
Соңғы жаңалықтар

Жаңғырық жайлы хикая

Руханият • Кеше

Қаламның қарагері

Руханият • Кеше

Дәстүр білген адаспас

Руханият • Кеше

Ұқсас жаңалықтар