Баяндаманың таныстырылымында философия ғылымдарының докторы, профессор, «Перспектива» ақпараттық-кеңес беру тобы» ҚҚ президенті Елена Бурова, философия ғылымдарының докторы, ҰҚК Академиясының профессоры Гүлнар Жұманова, әлеуметтану магистрі, PhD доктор Әлия Сайлаубекқызы, т.б. мамандар кешенді зерттеулер қорытындысын мәлім етті.
Бұл деректер радикализммен күрес жүргізетін құқық қорғау органдары, діни экстремизмге қарсы мәселелермен айналысатын үкіметтік емес ұйымдарға, жергілікті жерлерде діни институттармен өзара ықпалдастықта жұмыс істейтін мемлекеттік қызметкерлерге бағытталып отыр. Мемлекеттік тапсырыс аясында Алматы қаласы Дін істері бойынша басқармасының тапсырысымен діни қарым-қатынастар бойынша қолданыстағы заңнаманы түсіндіруге байланысты «Перспектива» ақпараттық-кеңес беру тобы» ҚҚ отыздан астам шаралар өткізген.
Діни үдерістер статистикамен нақтыланбайды, көзге көріне бермейді, олардың әрекеті де бір мезетте пайда болмайды, сондықтан да қазақстандықтардың діни сауаттылығы тұрғысындағы әлеуметтік зерттеулердің маңызы зор. Мұндай зерттеулер барлық аймақтарды, тұрғындар санын есепке алу арқылы сараптамалық сауалнама нәтижесінде жүргізіледі. Сараптама және көптеген әлеуметтік ақпараттардың жиынтығы негізінде қоғамдық пікірдің, бағамдаудың, қоғамдағы діни саланың дамуы мен қазіргі жағдайына байланысты ұстанымдардың қорытындысына орай діни үдерістердің жалпы көрінісі анықталады.
Баяндамада қазақстандық қоғамның өміріндегі діннің рөлі, дінді қабылдау мәселесі, дәстүрлі және жаңа діндердің маңызы, діни конверсиялардың трендтері, оның ішінде, діни экстремизм және терроризмге байланысты көкейкесті салалар кеңінен көрініс тапқан.
Экстремизмнің, радикализмнің алдын алуға бағытталған отандық және шетелдік тәжірибелер, сонымен қатар жетілдіруді қажет ететін зерттеу орталықтары, дәстүрлі дін институттарының, қоғамның, мемлекеттің бірлескен қадамдары зерттелген.
Баяндама тыңдаушылар тарапынан қызығушылық тудырып, сұрақ-жауап, пікірлерге ұласты. Мәдени-рухани жаңаруда, тұрақтылықта, ықпалдастық аясында маңызды мәселелерді шешуге қоғамдық келісімдер арқылы қол жеткізудегі ынтымақтастық туралы пікірлер айтылды.
Эльвира СЕРІКҚЫЗЫ,
«Егемен Қазақстан»
АЛМАТЫ