Елбасының «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында өткен ауқымды шараны Қоғамдық даму министрлігі халықты, бизнес-құрылым өкілдерін, үкіметтік емес ұйымдарды, волонтерлерді кіші отанын дамытуға ынталандыру және меценаттық пен қайырылымдылық идеяларын насихаттау мақсатында ұйымдастырды.
Премия 5 номинация бойынша табысталды. Алғашқысы – «Жыл меценаты» премиясы. Ол туған жерінде ірі әлеуметтік жобаларды іске асырғаны үшін, аз қамтылған, көп балалы жанұяларға, ата-ананың қараусыз қалған жетім балаларға, мүгедектерге, ҰОС ардагерлеріне, зейнеткерлерге қайтарымсыз көмек көрсеткені үшін табысталды. Марапат иелері қатарында Максим Артемук, Уәлихан Әріпов, Жанболат Бекмұсаев, Александр Вильгельм, Жеңісбай Досқайыров, Серікжан Жексембиев, Асқарбек Керелбаев, Георгий Прокоп, Айдын Рақымбаев, Алтынбек Сапаров бар.
Белсенді азаматтық ұстанымы, әртүрлі бағыттағы кең ауқымды қайырымдылық қызметті жүзеге асырғаны үшін «Жыл тұлғасы» номинациясында Ағайынды Сералиевтер, Сайрамбай Дөненбаев, Марат Құдайқұлов, Рақымғали Құл-Мұхаммед, Азамат Молдақасымов, Тілеубек Нұрсейітов, Болат Өтемұратов, Жанат Түсіпбеков, Біржан Шаймерденов, Дәметкен Шәкенова премияға ие болды.
Бұл жүлдеден әлеуметтік маңызы бар жобаларды, қайырымдылық жобаларды, акцияларды тиімді жүзеге асырғаны үшін, қайырымдылық көмек берудің жаңа тиімді түрлерін енгізгені немесе қоғамдық маңызы бар шараларға бас демеушілік жасаған ұйымдар да кенде қалмады. Игі іс бастамашылары «Үздік ұйым» номинациясы бойынша марапатталды.
Кеш барысында еліміздің эстрада жұлдыздары Гүлнұр Оразымбетова, Ұшқын Жамалбек, Қыдырәлі және Қарақат өздерінің ән-шашуларымен барлық марапат иелерін құттықтап, туған жерге деген ыстық ықыластарын білдірді.
Әсем әннен соң салтанатты рәсім жалғасып, саябақтарды, аллеяларды, ескерткіштерді, балалар ойын алаңдарын реконструкциялауға және салуға, денсаулық сақтау, мәдениет, білім беру және спорт салаларына демеушілік көмек көрсетуге бағытталған әлеуметтік жобаларды іске асырғаны үшін «Туған өлке» номинациясы бойынша Бауыржан Исабаев, Ерболат Қасымов, Мұхит Лесбаев, Айбек Нұғымаров, Александр Поляков, Талғат Ысқақов, Константин Поп, Ерболат Саурықов, Ибрагим Сәрсенбаев, Нұрлыбек Хамитов жүлделі болды.
Сонымен қатар волонтерлік қызметтерге белсенді қатысып, көзге түскен жандар да елеусіз қалмады. Оларға «Ерен еріктілік» номинациясы бойынша премия табысталды.
Айта кетейік, марапат иелері онлайн дауыс беру бойынша анықталды. Барлық премия иелеріне арнайы сертификат, гүл шоқтары және статуэткалар берілді.
Қарлығаш ҚҰРАМЫС,
«Егемен Қазақстан»