25 Сәуір, 2012

Нұртас аға

463 рет
көрсетілді
23 мин
оқу үшін

Нұртас аға

Гурьев мемлекеттік педагогика институтында аға оқытушы болып жұмыс істеп жүрген кезім. Туған ағам Зәкіш Өтегенұлы Юсупов үйіне жедел шақырып алды. Ол кісі өте салмақты, парасатты, істейтін жұмысына асықпай баппен кі­рісетін адам еді. Келгеннен кейін амандық-сау­лық сұрап болып:

– Қадыржан, саған жауапты тапсырма бергелі отырмын, – деді. – Қарындасың Гүлжамалдың Мәс­кеу ауруханасында жатқанын білесің. Емі бітіп, енді шыққалы жатыр. Оны елге аман-есен алып келуің керек.

– Құп болады, тәте, – дедім.

 

Гурьев мемлекеттік педагогика институтында аға оқытушы болып жұмыс істеп жүрген кезім. Туған ағам Зәкіш Өтегенұлы Юсупов үйіне жедел шақырып алды. Ол кісі өте салмақты, парасатты, істейтін жұмысына асықпай баппен кі­рісетін адам еді. Келгеннен кейін амандық-сау­лық сұрап болып:

– Қадыржан, саған жауапты тапсырма бергелі отырмын, – деді. – Қарындасың Гүлжамалдың Мәс­кеу ауруханасында жатқанын білесің. Емі бітіп, енді шыққалы жатыр. Оны елге аман-есен алып келуің керек.

– Құп болады, тәте, – дедім.

Ректорым Жамбыл Сәулебекұлы Ақылбаев деген азамат еді. Бір аптаға рұқсат берді. Ұшаққа билет алып жолға шықтым.

Мәскеудің Домодедово аэропортынан ауруха­наға тіке барып, қарындасымды шығарып алдым да Қазақстанның тұрақты өкілдігі үйіне тарттым. Мұндағы қонақүйден екі орын алмақшы болып едік, тек бір ғана орын бар екен. Қарындасым: «Аға, бұл орынды сіз алыңыз. Мен Нұртас атам­ның үйіне қонамын», деді. Сөйтсем, Гүлжамал алдында Мәскеуге келгенде, Нұртас аға өзі күтіп алған екен. Ақсақал үйінде бір күн қондырып, ауруханаға содан кейін апарыпты.

Қонақүйге орналасып болған соң, Гүлжамал екеуміз Нұртас ағаның үйі қайдасың деп таксимен тартып отырдық.

*   *   *

Нұрекең біздің облысқа басшы боп келгенде, мен мектеп оқушысымын. Ағам Зәкіш еңбекшілер депутаттары облыстық кеңесі атқару комитетінің аппаратында соғыстан оралған соң жұмыс істеп жатқан болатын. Нұртас Дәнді­бай­ұлы төраға­лық­қа келген соң, ағамды өзіне көмекшілікке алды.

Екі жыл облыстық атқару комитетінде басшы­лық жұмыс атқарған Нұртас Дәндібайұлын Қазақстан Компартиясы Орталық комитеті Гурьев облыстық партия комитетіне бірінші хатшы етіп сайлады. Сол кезде ағамды Нұрекең тағы да көмекшілікке өзімен бірге ала кетті.

Ағамның кейде үйдегі айтқанынан түйгенім: Нұртас Дәндібайұлы жұмыс бабындағы жауап­кершілікті жақсы көретін адам. Ешкімге дауыс көтермейтіндігі, қажетті істі әр партия мүшесінен талап ете білетіндігі, қызметкерлердің, аудан бас­шыларының, мекеме жетекшілерінің жұмыстағы қателіктерін беттеріне тіке айтып, ұялтатыны, осындай талапшыл болумен қатар, өзінің асқан іскер­лі­гін, уақытпен есептеспей жұмыс істей­тін­дігін айтып отыратын. Ол кісі таңертең жұмысқа ерте келгеннен түнгі 11-12-ге дейін, тіпті кейде одан да жай қай­та­ды екен. Ара-арасында демалыс бөлмесінде мызғып алуды әдетке айналдыратын дейді Зәкіш ағам.

Нұрекең сондай-ақ еш уақытта бап таңда­ма­ған. Жұмысшылармен, малшылармен, балықшы­лар­мен кездескенде, олармен бірге тамақтануға дастарқан басына отыра кетеді екен.

Ағам мынадай әңгіме айтты. Алдағы болатын үлкен жиналысқа дайындық жасамақшы болып, Нұрекең көмекшісін үйіне шақырыпты. Ол қандай жиналыс болса да сөйлейтін сөздерін өзі дайындайды екен. Ақпарлардың, фактілердің бәрін жинаттырып алып, өзі жазуға отыратын көрінеді. Кейде ауызша айтады екен. Ондай кезде ағам өзінің әдемі жазуымен Нұрекеңнің айтқандарын қағазға түсіріп жүріпті. Біраз жазып болғаннан кейін оқытып, түзетілетінін түзетіп, қысқар­та­тынын қысқартып, қосатын ойларын қосып, редакциялайды екен.

Солайша жұмыс бабында отырғанда, түс мез­гілінің болып қалғанын елемепті. Бір кезде әйелі Валентина Васильевна кабинетке кіріп келіп:

– Нуртас Дандибаевич, обед готов, – деп хабарлайды. Үстел басына отырған сәтте жеңгей: «За­кеш Утегенович, бүгінгі тамақ тек көкөніс сияқты шөп-шаламдар болды. Кешірерсіз», – дейді орысша.

Ағам да жалма-жан:

– Валентина Васильевна, о не дегеніңіз, айып емес. Осы да жетеді, – депті. Сол кезде әзіл ара­лас­тырып, Нұрекеңнің әйелі тағы да былай дейді:

– Базарға барып ет әкелейін десем, Нуртас Дандибаевич маған машина бермейді. «Общественным транспортом нельзя», деп қақшиып қалады.

Сол кезде Нұрекең де:

– Ничего, ничего, мы довольны и этим, да, Закеш Утегенович, – деп ағайға қарайды.

– Міне, айтатыны осы. Кемпірін аямайды, – деп әйелі тағы күрсінеді.

Бірақ Нұрекең бұған ештеңе айтпапты. Үндемей, тамағын іше беріпті.

Ет мәселесіне байланысты ағам кетерде:

– Валентина Васильевна, мен жігіттерге айтып, сіздерге ет әкелдірейін, – деген екен. Әйелі шошып кетіп:

– Вы что, Закеш Утегенович, он убьет меня, – депті ернін саусағымен басып.

Содан кейін ағай ондай тақырыпқа ештеңе айтпайтын болыпты.

*   *   *

Облысты басқаруда Нұрекең жемісті жұмыс атқарды. Халықтың сүйікті басшысына айналды. Бүкіл өңір тұрғындары Нұртас Дәндібайұлының ісін аңыз етіп айтып жүрді. Халық аузында: «Нұрекең былай депті». «Нұрекең дұрыс ше­шіп­ті». «Ой, басшы болсаң, осындай бол!». «Нағыз аза­мат, ел үшін туған ер ғой», деген сияқты мақ­тау­лар жаңбырдай жауып, онсыз да нұрлы адам­ның нұрлы жүзін одан әрі жарқыратып жүретін.

Бірақ… иә, бірақ Нұрекең облыс маңдайына сыймай кетті. Орталықтан кенеттен шешім қа­был­даныпты. Оңдасыновқа жұмысты тоқтатып, зейнеткерлікке шығу жөнінде ұсыныс айтылыпты. Нұрекең сол кезде 58 жаста екен. Халыққа берері көп мәуелі бәйтеректі түбінен қиғандай бұл қандай шешім сонда?

Ел аузында: «Нұртас Дәндібайұлы ерлік көр­се­тіпті», деген әңгіме тарады. Бұл рас еді. Орта­лық Комитеттің үлкен мәжілісінде Нұрекең орталықтың шешіміне қарсы шығыпты. Никита Хрущевтің елді бөлшектеудің ауруымен ауырып жүрген кезінде болған көрінеді. «Жалтыр бас генсек» қашанда қазақты бұрынғы орыс патшалары құсап көзінің қырынан шығармаған ғой. Не қағып кеткенін кім білсін, Никита бір күні: «Маң­ғыс­тау­ды Түркменстанға қосу керек» деген шешім алуға шақ қалыпты. Нұрекең бұған үзілді-кесілді қарсы болып, наразылық білдірген. Амалы құ­ры­ған Никита Нұртас Оңдасыновты дереу зейнет­кер­лікке шығаруға ұсыныс жасапты. Сөйтіп: «Ок­а­­­зывается, руководит Гурьевской областью один из соратников Сталина. Его немедленно отправить на пенсию», – депті ашуға булығып.

*   *   *

Нұрекең зейнеткерлікке шыққаннан бастап сол кездегі КСРО Жоғарғы Кеңесінің төрағасы Анастас Иванович Микоянның көмегімен Мәс­кеуде тұрды. Ағам жазып берген ақсақал мекен-жайының адресі: «Москва, ул.Гвардейская №1, квартира №28». Осы мекенге қарындасым екеуміз таксилетіп жеттік.

Өзінің інісіндей болған, жан түсіністігімен жұмыс істескен ағасына біздің жердің дәмдерінен беріп жіберген Зәкеңнің сәлемдемесін алып келдік. Нұрекеңнің тұрған жері қаланың жаңадан салынған шағын аудандарының бірі екен. Мәскеудің шеті ме деп ойладым. Себебі, такси үлкен даңғылмен ұзақ жүрді.

Нұртас аға ақжарқын көңілмен қарсы алды. Үйге кіргенімізде есік алдында әйелімен екеуі қатар тұрып сәлемдесті. Қол алысып амандастық. Нұрекең мені кабинетке қарай бастағанда, Гүл­жамал Валентина жеңгеймен асүйге бағыт алды. Нұрекең үлкен бөлмені кабинетке айналдырыпты. Айнала кресло, отырғыштар бар. Үстел үсті толған картотека қораптары, бірқатар кітаптар, жазу құралдары, жазылған, жазуға дайындалған ақ қағаздар жатыр. Аға маған орындық ұсынды.

– Кабинетім осы болады, – деді де атымды сұрады.

– Зәкіштің інісімін. Атым – Қадыр.

– А, шырағым, атың жақсы екен. «Қадыр» деген аттың мағынасы «әйбат». Бұл үлкен тілектен қойылған есім болса керек, – деді.

Біз түске жақын барған едік. Жеңгеміздің тамағы да дайын бола қалыпты. Валентина Васильевна тамаққа шақырды. Үстел үстінде Нұрекең әңгіме айтты.

– Бұл үйде жалғыз қазақ мен ғана, – деп еді, жеңгей жармаса кетті:

– Вот, Нуртас Дандибаевич теперь начинает хвалится.

Нұрекең оған тоқтаған жоқ. Орысшалап:

– А, что, не правда что ли, я истинный патриот своей Родины. Я нахожусь здесь временно, потому что я хочу воспитывать здесь живущих казахов, которые насчитывается около восьми тысяч. Я руковожу ими, они слушаются меня, я им читаю лекцию о патриотизме, о значений и величии казахского языка. Это – моя общественная работа, – деп ұзақ сөйлеп кетті.

Жеңгей де сабасына түсе қалды:

– Хорошо, хорошо. Патриот, понятно!

Бұл 1986 жылдың наурыз айының 14-і болатын. Нұрекең ол кезде 82 жаста. Жеңгеймен екеуі құр­дас сияқты. Маған мынадай ой келді: «Егер Нұртас аға Гурьев облысының басшылығынан 1962 жылы 58 жаста кетсе, содан бері 24 жыл өтіпті-ау».

– Қадыр, дәлізге шығып қайтайық, – деген соң, сүйретпе киіп есікке беттегенімізде. – Шылым шегетінім бар, өзің бұған қалайсың? – деп сұрады.

Мен ондай әдетім жоқ екенін айттым.

– Ой, айналайын! Оның тамаша екен. Осы құрғырды тастайын деп талпынам, бірақ болмайды. Кемпірім ме­нің сыртымнан баға­­­ды да жү­­­ре­­­ді. Шы­­­­­лым шекпеуімді талап ете­­­­­­ді, ауырып қаласың деп мазасызданады. Мені сен тасалап тұр, есік ашыл­­­­­­ғанда көріп қал­­ма­сын, – деді де, «Беломор­ка­нал­дың» бір данасын сіріңкемен тұ­та­туға кіріс­ті. Те­­­ме­­кі­­­ні орталап қал­ғанда, есік аш­ыл­ды да, Валентина Васильевна:

– Нуртас Дандибаевич, опять ку­ришь. Брось сейчас же! – деп балаға дауыс көтергендей же­кір­месі бар ма.

Нұрекең де оқыс қылығын анасы көріп қалған бала сияқты:

– Извини, Валя, извини, – деп папиростың қалдығын жерге тас­тап, сүйретпесінің табанымен таптай бастады.

Мен таңғалдым. Осынша жас­та бір-бірін аялап, бірін-бірі ба­қы­­лап жүру шынайы махаббат­тың, қарт­тық сыйластықтың бел­гісі-ау!..

Ішке кірген соң Нұрекең бір­ден кабинетіне бағыт алды. Мен ілесе кірдім. Орнына отырып болған соң:

– Шырағым, Қадыр, мен қазақ халқының Мәс­кеудегі өкілімін. Қарап отырмаймын, зейнет­кер­лік­ке шыққаннан бері қолымнан қалам түспейді. Мем­лекеттік жұмысқа араласпас бұрын, бала ке­зімнен арабша оқып, сауат ашқан адаммын. За­ман­ның ағымы өзінің бір арнасына бұрып алып, орман шаруашылығы институтында оқыдым да, жақсы маман боп тәрбиеленіп шықтым. Өкін­бей­мін. Республика басшылығында қызмет атқардым. Бе­дел­ді болдым, жұмысымды адал атқаруға тырыстым.

Мына сөре толы кітаптарды көріп тұрсың ғой, осының біразы ылғи араб, парсы тіліндегі дү­ниелер. Зейнеткерлікке шығысымен бұл кітаптар­ды ерінбей-жалықпай зерттеп, араб тілінде оқы­ған­дарымнан халыққа тәрбиелік пайдасы бар дегендерін ұлттық тілімізге аударумен айналыс­тым. Бірқатар дүниелер қазір кітап боп жинақ­талып, хатталып тұр. Кейбіреулері кішкене кітап­ша боп, Алматы баспаларынан жарық көрді.

Сонымен бірге қазақтың мақал-мәтелдерін жи­нақтап жатырмын. Өтебай Тұрманжанов құра­с­тырған мақал-мәтелдер кітабы қазақтың қанатты сөздерінің тек бір бөлігі ғана. Ал әлі ұмыт қал­ғандары қаншама. Кейбір мақалдар алуан вариациялармен айтылады ғой. Мысалы, бір мақал пә­лен рет құбылып келеді. Халық дана ғой жа­рық­тық. Бір-бір сөзі тұңғиық терең философия. Әрбі­реуі адамды ойландырады, толғандырады, логи­ка­лық тереңдікке жетелеп әкетеді. Міне, сон­дықтан қазақтың мақалдарын тірнектеп, текшелеп жатырмын. Өзің естіген, оқыған кітаптардан бұ­рын айтыл­маған мақал-мәтелдер болса, маған хатпен жіберіп тұрсаң деймін. Үшінші бір үлкен жұ­­мысым – сөздік. Екі кітабым дүниеге келді, біреуі – «Арабша-қазақша түсіндірме сөздік», екін­шісі – «Парсыша-қазақша түсіндірме сөздік». Өзіңнің мамандығың қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұ­ғалімі екен. Кітаптарымды көрген шығарсың?

– Көрдім, Нұреке. Бір-бір данасы кітапханамда бар.

– Филолог ретінде айтшы, осы сөздіктердің пайдасы бар ма, әлде мен босқа арамтер болып жүрмін бе?

– Нұреке, ол не дегеніңіз. Бұл сөздіктердің құны шексіз. Себебі, қазақтың сөздерінің бір бө­лі­гі осы араб-парсы сөздерінен тұрады. Хал­қы­мыз­дың тілін байытқан осы араб-парсы сөздері ғой.

– Иә, ертедегі елдің бір-бірімен қарым-қаты­насының, аралас-құралас болғандығының пайдасы бұл. Қазақтың өз тілі де бай, ал мына араб-парсы тілдерімен одан әрі байып, мән-мағынасы тереңдеп кетті емес пе ?

– Аға, сіз бұл сөздіктеріңізбен біздің акаде­мия­дағы Тіл білімі институты жұмысына үлкен көмек істеп отырсыз. Өйткені, қазақтың төл сөзі қайсы, кірме сөзі қайсысы екенін білмей жүргенде, сіз ит мұрыны өтпейтін ну орманнан жол көрсеткендей болдыңыз. Рахмет сізге!

– Егер бұл кітаптарымның халыққа пайдасы болса, мен өзімді бақытты санаймын. Бір-бір том шығарумен шектелген жоқ бұл ағаң. «Дәндеген қарсақ құлағымен ін қазады», дегендей, «Арабша-қазақша түсіндірме сөздіктің» үш томын дайындап қойып отырмын. Бұл солай болсын. Енді парсышаны да қолға алудамын. Қазіргі жұмысым- «Парсыша-қазақша түсіндірме сөздіктің» екі кітабын бітіріп, үшінші томын тәмамдап жатырмын. Бұларды да баспаға ұсынбақшымын.

– Мұны Тіл білімі институты біле ме, аға?

– Білгенде қандай. Олар жұмысымды керемет құп көріп отыр. Анау Хайдаров інім бар, басқалар бар, бәрі де ризашылығын білдіруде.

– Алдыма қойған жоспарым қыруар. Осы сөздікті бітірісімен, естеліктер жазуға кірісемін. Ол естеліктерім партия-совет органдарының қайрат­кер­лері туралы, елдің ұлағатты адамдары туралы болмақ. Қазір кімдер туралы жазатынымды тізім­деп қойдым. Амандық болса, білекті сыбанып бас­тамақшымын. Ал мақал-мәтелдерді жинақтау мә­се­­лесі өмір-бақи жалғасып келеді. Айтпақшы, ма­ған естіген, оқыған кітаптарыңнан алған қанатты сөздер туралы хабарласып тұру үшін мекен-жа­йың­ды жазып алайын, – деп Нұрекең үлкен дәптерін ашты да: «234-ші тілшім Юсупов Қадыр Өте­ген­ұлы», деп жазып қойды. Содан соң мынаны айтты:

– Сен Қазақстандағы тілшілерімнін бірісің, енді ұмытпа. Менің мекен-жайымды білесің, хабарласып тұр, білдің бе? Енді бір әңгімемді тыңда. Гурьев деген жерде мен жеті жыл еңбек еттім. Өмірімде еңбек еткен жылдарымдағы шоқтығы биік жұмыстарымның сүбелісі осында жасалды. Неге дейміз ғой. Мұндағы жұмыстас болған тамаша адамдарды бұрын-соңды еш жерде кездестірген емеспін. Жұмыстас інілерім мен қарындастарым тапсырмаларымды бұлжытпай орындайтын, сыйласа білетін, құдайдай табынған­дықтан емес, сыйластықтан, құрметтіліктен, жауапкершілікті сезінгендіктен қарым-қатынас жасайтын. Олар мені, қазақша айтқанда, ымымнан түсінетін. Әрине, алғашқы кезде маған үйрене алмай, кібіртіктеп жүргендері болды. Ал кейін… қамшы салдырмады. Адамды түсіне білетін қасиетімнің рахатты жемісі көз алдымда көрініп жатты. Қандай іс болсын, ол көпшілікпен бітеді. Жұмыстың табысты нәтижесі адамды алдағы басқа да мақсаттарға құлшындырады.

– Аға, сізді гурьевтіктер ілти­­­патпен әрқашан еске алып отырады. Ел еңбекшілері – жерлестеріміз батыл істеріңізді мысал қып, аңыз қып айтуда.

– Жерлестеріңе рахмет. Әйтеуір жаман атым қалмаса болар, – деп күлді Нұрекең.

– «Жаман ат» деген сөзді ау­зы­­­ңызға алмаңыз, Нұреке.

– Мен өз басым облысты бас­­­қа­руға келгенде, кейінгі басшылардың бәрін де сол топырақтың адамдарынан өсірдім. Үстімнен қарайтын органдардан сескенген жоқпын. Партия – совет органдарының облыс­­­та­ғы жетекшілерін солай тәрбиеледім. Өзіммен бірге ешбір адам әкелгенім жоқ. Тек жалғыз өзім ғана. Сенім – аспандағы айға ұмтылуға қанат бітіреді. Мысал келтірейін. Оңай­бай Көшеков, Есен Тасқынбаев, Са­ғидолла Құбашев, Саламат Мұқа­­шев, Мәдина Ғабдісәлімова және тағы басқалар мен өсірген кадрлар. Мынадай бір қызық айтайын. Сағидолла Құбашев «Передовик» деген совхоздың председателі болып жақсы жұмыс істеді. Облыстық совет атқару комитеті төрағалығына адам керек болғанда, өзім жақсы білетін сол Құбашевты ұсындым. Орталық комитет біраз уақыт бекітпей қойды. Менің өзім барып түсіндіруіме тура келді. Сағидол­ла­ның іскерлігін, біліктілігін, партия­­­лық принципшілдігін алға тарттым, жақсы басшы болатынына Орталық Комитетті сендірдім. Сөйтіп, ол облыстық еңбекшілер депутаттары советі атқару комитетінің төрағасы болды. Менің үмітім ақталды. Мен таңдаған басқа басшылар да жемісті жұмыстар атқарды.

Мәскеу уақытымен күндізгі сағат 12-де келген мені Нұртас аға кешкі 17-ге дейін жібермеді. Ме­нің бес сағат уақытым босқа кеткен жоқ. Ұла­ғат­ты адаммен кездескенді үлкен бақыт деп есеп­те­дім. Рухани жағынан байып қайттым.

Нұрекеңнің әңгімесі қатты әсер етті. Нағыз қазақ Нұрекеңдей болар дедім. Оның елді са­ғынып жүргені байқалды. Ұлттық тіліміздің тағ­ды­ры жолында қандай қиындықтан да бас тартпайтын тілжандылығы мен елжандылығы менің жүрегімде өшпестей із қалдырды. Ол кісінің: «В этом доме я единственный казах», деп кеудесін қаққаны әлі көз алдымда. Ағаны қатты аяп әрең аттанғанымды айтқым келеді. Ұлы тұлға, асқан ақылман, талмас еңбекқор, елін жан жүрегімен сүйген патриоттың жалғызсырауы рас-ау дедім. Әттең, амал қанша?! Осындай адам да бір күні о дүниеге кетеді-ау деп мұңайдым.

Қайтарымда Нұрекең маған әртүрлі халықтар­­­дың мақал-мәтелдерінен жинақталған «Ой маржандары» атты кітабын ұсынды. «Кітапты орысшадан жазушы Софы Сматаев пен Нұртас Оң­да­сынов аударған» деп жазылған. 1984 жылы Ал­ма­тының «Жалын» баспасынан шығыпты. Бұл кі­тап­қа мынадай автограф жазып берді: «Қадыр­жан­ға! Жаман ағаңнан, Н. Оңдасынов» деп қол қойды. Астына «Москва, 14.03.1986 ж.» деп жазды.

Мен бұл кітапты қазіргі ерекше құнды ескерт­кіштердің бірі деп санаймын. Нұртас ағамның екі сөздігі де кітапханамның ең қымбат кітаптар қатарында тұр.

Нұрекеңмен қоштастым. Қарындасым сонда қалды. Ертеңіне Гүлжамалды алып, Нұрекең қонақүйге өзі келді. Пойызға өзі шығарып салды. Ағам Зәкішке, отбасына, барлық гурьевтіктерге дұғай сәлем айтты.

Нұрекең 1987 жылы қазан айының аяғында ағамның қайтыс болғанын естіп, жеделхат салып жіберіпті: «Зәкіш мен үшін де, халық үшін де қымбат азамат еді. Қимаймын, бірақ тағдырға не шара. Бақилы болсын! Н. Оңдасыновтар».

Мәтін орысша еді. Мазмұны осындай. Кейін­нен, 1989 жылы құрметті Нұртас ағамның дүние салғанын естіп, отбасына көңіл айтып жеделхат салдым. Қаралы хабарды естігенде маған: «Қап, әттеген-ай.., «Шіркін, бес жыл ғұмыр берсе» деген тілегіне жете алмаған екен топырағың торқа болғыр», деген өкінішті ой келді.

Бұрынғы Гурьев, қазіргі Атырау қаласында Нұр­тас Оңдасынов атында көше бар. Сол көше­мен күнде келе жатып, бұрышындағы «Нұртас Оңдасынов көшесі» деген жазуды оқып: «Атың­нан айналайын, аға, рухыңыз ешқашан өшпейді», деп іштей қайталап айтамын.

Қадыр ЖҮСІП, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, филология ғылымдарының докторы, профессор.

Атырау.

Соңғы жаңалықтар