«Ноғайбай ЖШС-нің директоры Алтынбек Сапаров «Жыл меценаты» аталымына ие болды. Ол әлеуметтік салаларға үзбей қаржылық қолдау көрсетіп келеді. Қарақоға-Ноғайбай бағытында су таратқыш насосты іске қосып, әр үйге сапалы ауыз су жеткізілді. 200 орынды кітапхана мен акт залы пайдалануға берілді. Былтыр 5 үй тұрғызылса, биыл 28 миллион теңгеге 4 үй салынды. Шағын футбол, баскетбол,бүлдіршіндердің ойын алаңдары пайдалануға берілді. Көшелерге жарық тартылып, асфальтталды.
«Дайындық ЖШС-нің басшысы Біржан Шаймерднов «Жыл тұлғасы» аталымында топ жарды. Агроқұрылым егіншілікпен де, мал шаруашылығымен де айналысады. Қазір 1325 ірі қара малы, оның ішінде 610 сауын сиыр бағылады. Жыл өткен сайын майлы дақылдар егістігінің көлемі артып келеді.
Дайындық ауылында барлық әлеуметтік нысандар жұмыс істеп тұр. Іскер басшының ауылдастары жұмыссыздықтың не екенін білмейді. Орташа еңбекақы 90 мың теңгені құрайды.
Барлық үйлерге ауыз су, жылу желісі тартылған. 3 отбасы қоныс тойын тойлады. Мектепті жөндеуге 65 миллион теңге жұмсалды. Жансүгір батырдың кесенесін тұрғызуға серіктестік есебінен 14 миллион теңге бөлінді.
Өмір ЕСҚАЛИ,
«Егемен Қазақстан»
Солтүстік Қазақстан облысы