Медицина • 11 Желтоқсан, 2018

Құрт ауруын құртатын күн жақын

646 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Бурабайда Денсаулық сақтау министрлігі Ұлттық ғылыми фтизиопульмонология орталығы, ЖИТС, безгек және туберкулезбен күрес бойынша Ғаламдық қорының, облыстық денсаулық сақтау басқармасының ұйымдастыруымен «Мемле­кет­тік органдар мен азаматтық қоғамның туберкулезді жоюдағы рөлі» тақырыбында ғылыми-тәжірибелік конференция өтті.  

Құрт ауруын құртатын күн жақын

Туберкулез – аса қауіпті, өте жұқпалы дерт. Сондықтан бұл ауруға шалдыққандар тегін емделеді. Туберкулез мә­се­ле­сiне әлем алаңдаулы. Өр­ке­ниеті өріс­теген елдердің өзі одан сақ­танып, қаржы қарас­тырып отыр.

Әлемдік денсаулық сақтау ұйымы 2016-2035 жылдарға арналған «Туберкулезді тоқ­тату» стратегиясында сырқатқа шалдыққандар көрсеткішін ай­тарлықтай азайтуды мақсат етіп отыр. 2025 жылы сырқатқа шал­дығушылар деңгейін 50, ал 2035 жылға қарай 90 пайызға төмендету көзделуде. 

Қазақстанда туберкулездің эпидемиологиялық ахуалын жақсарту барысында оң нышандар байқалады. Соңғы 10 жылда туберкулез ауруының көрсеткіші 100 мың адамға шақ­­қанда 2,4 есеге, өлім-жітім көр­сеткіші 5,6 есеге, балалар­дың ауруы 2 есеге азайған. Бү­гінде еліміздің әр аумағында екі сағат ішінде туберкулезді және оның түрін анықтайтын озық инновациялық әдістер бар. Мұның барлығы мемлекеттің қаржыландыруының, сондай-ақ халықаралық сарапшылармен, әлемдік денсаулық сақтау ұйымымен бірлесе атқарылып жатқан жұмыстың нәтижесі. Қазіргі таңда ауруды жылдам анықтаумен қатар, тиімді ем­дейді де. 

– Конференцияда дәрігер­лер, әкімдік, әлеуметтік қолдау қызметкерлері туберкулезбен күресу жолындағы бірлескен жұ­мыстарын ортаға салды. Бұл негізінен тәжірибе алмаса­тын жақсы іс-шара, – деді өз сө­зінде Ұлт­тық ғылыми фтизио­пуль­мо­нология орталығының директоры Мәлік Әденов. 

– Барлығымыз жұмылып, аурудың алдын алуымыз керек. Сырқаттан сақтану үшін әр адам жеке бастың тазалы­ғын сақтап, спортпен тұрақты шұ­ғыл­дануы керек, – деді өз сө­зінде Ұлттық ғылым ака­де­мия­сының академигі, А.Мыр­зах­метов атындағы универ­ситеттің президенті Сағынтай Зекенов. 

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың жыл сайынғы Жолдау­­ларында және «Ден­сау­лық» мемлекеттік бағдар­ламасында адам денсаулығын жақсарту, ауру санын, өлім-жітім деңгейін азайту мәселесі қамтылған. Оның ішінде ерекше орын алатын аурулардың бірі – туберкулез. Қазіргі таңда елімізде қолға алынып жатқан шаралар арқылы облыс­та өлім-жітім соңғы 10 жыл көлемінде 5 есеге, балалар ауру­ы 25 пайызға азайды. Жа­һандық қор арқылы облысқа сырқат белгілерін екі сағат ішін­де анықтайтын жеті аппарат берілген. Бұл аппараттар Жар­қайың, Целиноград, Ерей­ментау аудандарына, Степ­но­гор, Көкшетау қалала­рына ор­наластырылған. 

– Облыстық тубдиспансерде осындай екі аппарат бар. Қазір сырқаттардың 50 пайызға жуығы амбулаторлық жағдайда ем қабылдауда. Оларға күнде емханаға бармау үшін цифр­ландыру бағдарламасына орай смартфон арқылы емдеу жа­йын дәрігерлер біліп отыратын дәрежеге жеттік. Ендігі бір мә­селе, уақытында үздіксіз дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету, – дейді өз сөзінде Қоңыратбек Құр­манбаев атындағы туберкулезге қарсы Ақмола облыстық диспансерінің бас дәрігері Қасым­жан Ташметов. 

Бурабай баурайындағы құрт ауруын түбегейлі құртуға ар­налған конференцияда міндет үдесінен шығудың барлық жолы қарастырылған егжей-тегжейлі кеңес өтті.

Байқал БАЙӘДІЛ,

«Егемен Қазақстан» 

Ақмола облысы