«Фокус Қазақстан» жобасы аясында Лондон (Ұлыбритания), Берлин (Германия), Джерси Сити (АҚШ) қалаларында өткен тақырыптық көрме енді Сувон қаласына сапар шекті. Жоба кураторы Роза Әбенованың айтуынша, бағдарлама халықаралық аренадағы Қазақстанның заманауи бейнелеу өнерін айтулы деңгейде көрсете алған бірден бір табысты мысал.
– Төртінші рет өткізіліп отырған көрмеде 400-ге жуық жұмыс және 94 суретшінің мұрағаттық құжаттары көрсетілді. Жобаның соңында әр көрме бойынша каталогтар шығарылады. «Еуразиялық утопия: Post Scriptum» көрмесі кеңестік кезеңнің және заманауи суретшілердің шығармашылығын зерделеу, көркемдік дәстүрдің жалғасы мен үзілуін көрсету, республикамыздың тәуелсіздігі кезеңіндегі қазіргі заманғы өнердің дүниеге келуін, жаңа дискурстар мен медианың пайда болуын зерттеу арқылы қазақстандық өнердің нарративін анықтауға тырысады, – дейді ол.
Ұлттық сурет өнері мектебінің ерекшеліктері, «жергілікті модернизм» феномені және тәуелсіздік кезеңіндегі өнер – осы көрменің басты тақырыптары. Көрмеде Үкі Әжиевтің, Ольга Кужеленконың, Салахитдин Айтбаевтың, Жаңатай Шәрденовтің, Евгений Сидоркиннің, Алексей Степановтың, Михаил Кимнің, Борис Пактың, Әбдірашит Сыдыхановтың, Рустам Хальфиннің, Сергей Масловтың, Сәкен Нарыновтың, Серікбай Әлжановтың, Ербосын Мелдібековтің, Елена мен Виктор Воробьевтардың, Александр Угайдың, Бақыт Бүбіқановтың, Әлібек Мергеновтің, Сәуле Дүйсенбинаның, Нұрбол Нұрахметтің және басқаларының шығармалары ұсынылды. «Еуразиялық утопия: Post Scriptum» көрмесінің жетекшілерінің бірі Шин Ын Янгтің (Оңтүстік Корея) айтуынша, Қазақстан мен Кореяның тарихи ортақ тұстары көп әрі қазақ мәдениеті мен дүниетанымын таныстыруда аталған көрменің орны ерекше. Көрме 2019 жылдың 3 наурызына дейін жалғасады. «Фокус Қазақстан» жобасын Мәдениет және спорт министрлігінің қолдауымен Қазақстан Республикасының Ұлттық музейі ұйымдастырып отыр.
Ая ӨМІРТАЙ,
«Егемен Қазақстан»