Алдымен «Нұр Отан» партиясы Төрағасының бірінші орынбасары Мәулен Әшімбаевтың қатысуымен, облыс әкімі, партияның облыстық филиалының төрағасы Болат Бақауовтың төрағалығымен ұйымның облыстық активінің отырысы өтті. Отырысты ашқан Б.Бақауов Елбасы Жолдауынан туындайтын міндеттердің орындалу барысымен таныстырды.
– Өңір тұрғындары Елбасы Жолдауында айқындалған реформалардың маңыздылығын жете түсінеді, – деді Болат Бақауов. Басым бағыт бұл қазақстандықтардың әл-ауқатын арттыру. Бұл күндері өңірде еңбекақылары төмен жұмысшылардың айлығын көбейту бойынша барлық кәсіпорындармен түсіндіру жұмысы қолға алынуда. Кәсіпорындар жұмысшылардың жалақысын орташа есеппен 12 пайызға арттырмақ.
Облыс басшысы атап өткендей, елімізде қабылданған «7-20-25» бағдарламасы бойынша өңірдегі екінші деңгейлі банктерге 65 өтініш түскен. Қазір оның 29-ы мақұлданған. Елбасы тапсырмасына сәйкес, өңірдегі тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласында да жылу, су төлем қызметтерінің бағасын төмендету үшін жұмыстар жүргізілуде.
Кездесуде «Нұр Отан» партиясы Төрағасының бірінші орынбасары Елбасының Жолдауы мен жақында жарияланған «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласында айтылған басымдықтарды жүзеге асыру барысын сөз етті.
– Қазіргі таңда партиямыздың алдында тұрған басты міндеттердің бірі – Елбасы Жолдауына ақпараттық қолдау көрсету. Сондықтан аталған құжаттың мәні мен маңызын әр қазақстандыққа жеткізуде еселі еңбек етуіміз керек, – деді ол.
Сапар аясында партия Төрағасының бірінші орынбасары М.Әшімбаев пен Павлодар облысының әкімі Б.Бақауов «Қазхром» ТҰК» АҚ филиалы Ақсу ферроқорытпа зауытында өткен «Лайықты еңбек – мемлекеттің тұрақтылық негізі» атты форумға қатысты.
Форумда М.Әшімбаев Ақсу ферроқорытпа зауытының осындай ірі өндіріс орындарының бірі саналатынын айтты. Биыл құрылғанына 50 жыл толған, бүгінде Қазақстанның ферроқорытпа өндірісінің 60 пайызын қамтитын кәсіпорынның өнімдері Жапония, Корея, Қытай, АҚШ, Ресей мен Еуропаның бірқатар елдеріне экспортталады.
«Нұр Отан» партиясы Төрағасының бірінші орынбасары Елбасы айқындап берген мақсаттарға қол жеткізу үшін еңбек адамына лайықты жағдай жасаудың маңызы зор екеніне тоқталды.
– Елімізде Елбасының тікелей бастамасымен еңбек қауіпсіздігін сақтау, еңбекті қорғау және оны лайықты бағалау жөнінде ауқымды жұмыстар атқарылып келеді. Осы мақсаттағы бүгінгі форум Елбасымыздың Қазақстанның Үшінші жаңғыруы бастамасын жүзеге асыруда үлкен маңызға ие. Себебі кез келген істің адам күшімен, адам еңбегімен іске асатыны белгілі. Сондықтан еңбектің қорғалуы қолға алған істің нәтижелі болуын қамтамасыз ететін тиімді тетік, – деді М.Әшімбаев.
Өз кезегінде, Кәсіподақтар федерациясының төрағасы Бақытжан Әбдірайым федерацияның 2018 жылды еңбек қауіпсіздігі және қорғау жылы деп жариялағанына назар аударып, сол бағытта атқарылған жұмыстарға тоқталды.
Айта кетейік, 2017 жылдың қорытындысы бойынша елімізде 1678 жұмысшының еңбек жарақатын алғаны анықталған. Өкінішке қарай, олардың 244-і қайғылы аяқталды. Сондықтан осындай олқылықтардың алдын алу үшін бұл мәселені күн тәртібінен түсірмей, ұдайы басты назарда ұстап отыру аса маңызды.
Форум соңында Кәсіподақтар федерациясының ұйымдастыруымен өткізілген «Еңбекті қорғау жөніндегі үздік техникалық инспектор» байқауының жеңімпаздары марапатталды.
Қазіргі таңда «Нұр Отан» партиясы қолға алған жобалардың бірі – еліміздегі кітапханалардың қызметін бүгінгі талаптарға сай қайта жаңғыртып, оларды заманауи білім орталығына айналдыруға бағытталған. Сондықтан М.Әшімбаев сапар кезінде С.Торайғыров атындағы облыстық кітапханаға арнайы барды. Аталған нысанның бүгінде 550 мың данадан астам кітап қоры бар. Қазіргі кезеңде аталған кітаптар «Қазақстанның ашық кітапханасы» партиялық жобасы аясында цифрлы форматқа көшіріліп жатыр. Бұл жұмыстар Book Drive, Laren сияқты сканер құрылғылардың көмегімен жүргізілуде.
«Нұр Отан» партиясының кітапхана қызметін жаңғыртудағы кезекті бастамасы заманауи білім орталықтарын құру ісі бойынша Павлодар облысында айтарлықтай жұмыстар атқарылған. Бүгінде өңірде 25 коворкинг орталығы ашылып, онда кітап оқумен қатар, түрлі тақырыптарда пікірталастар мен тренингтер және белгілі тұлғалардың дәрістерін өткізу ісі жүйелі жолға қойылған.
Кітапхана оқырмандарымен және өңірдің бір топ жас ақын-жазушыларымен кездескен М.Әшімбаев мұндай бастамалардың маңызы зор екенін айтты.
– Елбасының «Рухани жаңғыру» бағдарламасының негізгі мәні жастардың білімге деген құштарлықтарын арттыру. Ал бар білімнің негізі кітапта екені белгілі. Сондықтан партия Төрағасының тапсырмасы бойынша біз осындай игі істі қолға алдық. Бұл – бәсекеге қабілетті, интеллектуалды ұлт қалыптастыруға және еліміздің экономикалық дамуына үлес қосуға бағытталған нақты жұмыстар, – деді Мәулен Әшімбаев.
Фарида БЫҚАЙ,
«Егемен Қазақстан»