Әдебиет • 15 Қаңтар, 2019

Әлемге қадам басқан ұлттық әдебиет

1889 рет
көрсетілді
17 мин
оқу үшін

«Жаһандағы заманауи қазақ­стан­дық мәдениет» жобасы аясында қазіргі қазақ әдебиеті антологияларын БҰҰ-ның 6 тіліне аудару жұмысы қарқынды жүріп жатыр. Бұл жоба Қазақстан Ре­с­публикасы Президенті Н.Ә.Назарбаевтың бастамасымен­ жүзеге асып жатқан «Рухани жаңғыру» бағдарламасының негізгі бағыттарының бірі. Жоба тәуелсіздік жылдарындағы қазақ әдебиеті мен мәдениетін, музыкасы мен бейнелеу өнерін, хореография, кино және театр саласындағы жетістіктерін әлемге танытуды мақсат етеді. Соның ішінде, аталған жоба аясында қазіргі қазақ прозасы мен поэзия жинақтарын 6 тілге аудару қолға алынды.

Әлемге қадам басқан ұлттық әдебиет

Осы жұмысқа қатысып жат­қан Ұлыбритания, Испа­ния, Франция, Ресей және Қытай аудармашылары мен әде­биет­шілері, аударма және бас­па ұйым­дарының өкілдері шығар­ма­лары қазіргі қазақ әде­биеті антологиясына енген авторлармен кездесу үшін Қазақстанға арнайы сапармен келді.

Биылғы жылға аударманың көркемдік сапасын арттыруға бағытталған бірқатар арнаулы шаралар жоспарланған. Кеше Астанада өткен кездесу солардың алғашқысы. Жиында Ұлыбритания, Испания, Ресей, Франция және Қытайдан келген аудармашылар мен әріптес ұйымдардың өкілдері жұмыс барысы жайлы баяндамалар жасап, авторлармен пікірлесті.

Бұған дейін хабарланғандай, қазақ әдебиеті жинақтарын ағылшын тіліне аудару, басып шығару және тарату жұмысы Кембридж университеті баспа­сының қатысуымен іске асуда. Танымал университет баспасы жобаға тәжірибелі аудармашылар мен беделді әдебиетші мамандарды тартқан. Британдық әріптестер «мәдени индукция» (Cultural Induction) тәжірибесін қолдануды ұсынды. Ол аудармашылар мен редакторлардың түпнұсқа мәтін (елдің) мәдениеті мен оның мазмұнына терең үңілуіне жол ашады. Осы сапар барысында антология жобасына қатысушы шетелдік мамандар қазақстандық авторлармен аудармаға байланысты туындаған сұрақтарын талқы­лап қана қоймай, Қазақстан мәдениеті, тарихы және қазіргі тыныс-тіршілігімен жақын танысады.

Қазіргі қазақ әдебиеті антологиясын испан тілінде сөй­­летуге Испания мәдениет минис­трлігі қолдау көрсетіп, әйгілі «Сервантес институты»­ кеңесші ретінде қатысады. Жо­ба­ға Еуразия және Орталық Азия елдері әдебиетін аударуға маманданған тәжірибесі мол аудармашылар тартылған.

Антологияның француз тіліндегі нұсқасын дайындауға Париж қаласының мэриясы және Франция ұлттық кітап орталығы қатысса, орыс тілінде мәтін аудар­­масы мен әдеби редакция­сы жұ­мысын үйлестіруге Ре­сей Жазушылар одағының мәс­­­­кеу­лік ұйымы, ал жинақты ба­сып шығару мен таратуға М.Ломоносов атындағы Мәскеу мем­лекеттік университетінің баспасы атсалысады.

Қазақ әдебиетінің жинақта­рын қытай тіліне аудару, басып шығару және таратумен Қытай Халық Республикасының «Ұлттар баспасы» айналысады. Жинақтарды араб әлеміне Мысыр Араб Республикасының Мәдениет және білім орталығы таныстырады.

Жоғарыда аталған серіктес-ұйымдар аударма, басып шығару, тарату-насихаттау жұмыстарына 50-ден аса маман тартты. Қазіргі таңда ағылшын, француз, орыс және испан тілдеріндегі жолма-жол аударма жұмысы аяқталды. Қытай және араб тілдеріндегі жолма-жол аударма жұмысы жүріп жатыр.

Астана және Алматы қала­ларында өтетін кездесулер аясында қазақ ақын-жазушылары мен шетелдік мамандар қазіргі көр­кем әдебиетті аударуға қатысты ортақ мәселелерді талқылайды. Авторлар мен аудар­машылар жеке-жеке сұхбат құрады. Бұл аударманы түпнұсқа мәтінге мей­лінше жақындатып, оның көркемдік сапасын қамтамасыз етпек.

Жоба Мәдениет және спорт министрлігінің тапсырысы бойынша «Ұлттық аударма бюросы» қоғамдық қорының үйлес­тіруімен жүзеге асып жатыр.

Рауан КЕНЖЕХАНҰЛЫ, Ұлттық аударма бюросының атқарушы директоры:

Аудармашы мен автор байланысы маңызды

Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласы еліміздің рухани өмір кеңістігінде үлкен қозғалыс тудырған іргелі дүние болды. Осы мақала негізінде бүгінде елімізде іске асып жатқан үлкен бағдарламалар бар. Осы бағдарламаның бір үлкен тармағы – Жаһандағы қазіргі қазақ әдебиеті. Бұл үлкен саланың мақсаты қазіргі қа­зақ әдебиетін әлем оқырмандарына өз деңгейінде жеткізу. Осы игілікті істі үйлестіру жұмыстары Ұлттық аудар­ма бюросына жүктелген болатын. БҰҰ-ның алты тіліне қазақ әдебиетінің үлгілерін аудару жұмыстарына былтырдан бері белсене кірістік. «Рухани жаңғыру» бағдарламасын іске асыру жөніндегі ұлттық комиссияның, мә­дениет және спорт министрлігінің бақы­лауында аудар­ма жұмысы сатылай жүріп жатыр. Былтырдан бері баспасөз арқылы алты тілге аудару қандай мекемелер арқылы іске асатынын хабарлап тұрдық. Және шетелдердегі озық аудармашыларды осы жұмысқа тарттық. Қазіргі кезде алты тілдің төртеуіне жолма-жол аудару жұмысы аяқталып, қытай, араб тілдеріне жолма-жол аудару жұмысы жүріп жатыр. Бұл жиынға аудармашылар мен авторларды қатар шақырып, түсінбеген сұрақтарға аудармашылар жауап алып, авторлар өз шығармаларының қалай тәржімаланып жатқанын көрсін деп отырмыз. Аудармашы мен автордың екеуара түсінісіп, шығармашылық байланыста болғаны бұл істе өте маңызды. Ол шығарманың сапалы аударылуына өз ықпалын тигізеді деп ойлаймын.

Сонымен қатар, өзге тілден аударылатын шығармаларды ағылшын тілді оқырмандардың талғамына мәдени түрде лайықтау әдісі бар. Ол үшін аудар­машы түпнұсқа мәтіннің мәдениетіне бойлап кіру керек. Осы сапардың аясында о кісілер осындай сұхбаттардан бөлек, елді көріп, қазақ мәдениетімен, театрымен, асханасымен, табиғатымен, адамдарымен танысады. Көзбен көрген дүниелерін көңілдеріне тоқып, өздері түсіне алмай жүрген ұғымдарға етене жақындау арқылы аудармашы автор мен мәтінге де біртабан жақындай түседі. Бұл аударманы сапалы жасаудың бір жолы. Биыл осындай бірқатар шаруалар жүзеге асады.  Мынау соның алғашқысы. Енді мүмкіндігінше авторларды бөліп-бөліп алты елге шығарамыз. Сол арқылы баспагерлер мен авторлардың қарым-қатынасы нығайып, өзге де ортақ жобалар, идеялар тууы мүмкін. Екінші жағынан қазақ қоғамын, мәдениетін білетін шетелде орта қалыптаса береді. Әйтпесе қазір ондай орта жоқтың қасы. Қанша тырыссақ та, алты тілге ана тілімізден тікелей аударатын маман таппай қиналдық. Болашақта осындай оқылықтардың орны толады деп ойлаймын.

 

Ұлықбек ЕСДӘУЛЕТ,
ақын, Қазақстан Жазушылар одағының төрағасы:

Кешенді бастаманың
келешегі кемел

БҰҰ-ның алты тіліне аударылатын қазақ əдебиетінің антологиясына байланысты авторлар мен аудармашылардың кездесуінде бүгінгі заманауи әдебиеттің жай-күйі терең талқыланды. Әсіресе  қазақ жазушыларының басты ерекшелігі саналатын тіл байлығы жөнінде көп ай­тылды. Бүгінгі күні көркем аударма төңі­регіндегі алғашқы жұмыстар бас­талып та кеткен. Көркем аударма әл­деқашан әдебиеттің, тілдің, мәде­ниет­тің ұлта­ралық қарым-қатынасы құ­ралына айналып үлгерді. Әдеби міндеттерді шешуге бағыт­талған көркем аударма ісінде ең әуелі сапа мен мазмұн басты орында болуы тиіс.

Көркем туындыны қайта жасап шығу екінші бір халық әдебиетіне тәржімалық шығарма болып қана қосылып қоймайды, халық әдебиетін байыта түседі. Қазіргі француз әдебиетінде ұйқасты поэзия ескірген әдіс болып саналады. Осы ретте француз тарапынан келген аудар­машылар қазақ жырларындағы ұлттық ерекшелік пен шығармашылық дербестікке баса мән берілетіндігін айтты. «Рухани жаңғыру» бағдарламасының салалы бір жобасы ретінде қолға алынып отырған мұндай кешенді бастамаға тек қуануымыз керек. Қазақ әдебиетінің алты тілге бірдей аударылуы бұрын-соңды болған емес.  Ең басты ауыз толтырып айтатынымыз, шығармаларымыз қосалқы тілдің көмегінсіз түпнұсқадан тікелей өзге тілдерге аударылмақ. Яғни, ұлттық реңк, шығарма табиғатын сақтай отырып, мейлінше түпнұсқаға сай ауда­ру шеберлігі сақталынады деген сөз.

 

Акбар МӘЖИТ,
жазушы (ҚХР, «Ұлттар баспасының» өкілі):

Заман сөзді тудырады

Мен қазақ әдебиеті антологиясының қытай тілінде жарық көретін кітаптарына жауапты редактормын. Өзім қытай тілінде жазатын қазақ болғандықтан, бұл абыройлы іске атсалысуым мен үшін үлкен мақтаныш, парыз деп білемін. Мұндай жобаның мемлекет деңгейінде жүріп жатқаны, ең алдымен Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың сындарлы сая­саты деп түсіндім.

Осы жиналысқа әр елден келіп отыр­­ған аудармашылардың жұмысына сәт­тілік тілеймін. Әдебиет адам баласын нәсілге, ұлтқа бөлмей бәрінің көңілін жалғап тұрған алтын көпір, ал аудармашылар әдебиет пен әдебиетті жалғайтын көпір. Осындай антология ең алдымен әдебиетті барлауға, қазақ әдебиетімен қытай оқырмандарының танысуына тиімді.

Заман келбеті сөз арқылы көрінеді. Сөз заманды тудырмайды, заман сөзді тудырады. Бүгінгі қазақ сөзін оқу ар­қылы біз қазақ заманын танимыз. Қай кезеңде, қандай сипатта өмір сүріп отырғанын көреміз. Мәдениеті, рухани хәлі қай деңгейде екенін аңдаймыз. Бұл бүгінгі мәдениеттер тоғысып, диалогтар жүріп жатқан жаһандық үрдісте қолға алынған қазақ руханиятындағы ең үлкен іс.

 

Джейн МАНН,
(Cambridge University Press делегациясының жетекшісі):

Әдебиет шекараға сыймайды

Қазіргі уақытта ұлттық реформалар өздерін басқалардан ерекшелеу бағытында жүреді. Бірақ Қазақстан тек қана білім саласында ғана емес, «Рухани жаңғыру» сияқты мемлекеттік бағдарламаларды іске қосу арқылы қазақ қоғамының бет-бейнесін қа­лыптастыруда жаңа сипат алды. ХІХ ғасырдағы ағылшын ақыны әрі сыншысы Мэтью Арнольд айтқандай: «Мәдениет – әлемге сөзімізді, ойымызды жеткізіп, рухани кемелденуді іздеудің бір жолы». Бірнеше ай бұрын Лондонда алғаш рет қазіргі қазақ өне­рінің көрмесі өтті. Бұл өте керемет көрме болды. Өйткені біз одан ұлттың қазіргі мәдениеті мен бет-бейнесі өз шекарасында шектеліп қалмай, әлемдік кеңістікке еркін шыққанын көрдік. Осы сияқты қазақ әдебиеті де өз шекарасында шектелмей әлем тілдеріне аударылып жатыр. Ұлттық аударма бюросынан қазақ әдебиетін аудару туралы ұсыныс түскенде, біз қуана келістік.

Зерттеулер көрсеткендей, ағылшын тілді аудиторияға жыл сайын өзге тілден үш-ақ пайыз көркем әдебиет аударылады. Яғни бұл оқырмандар әлемнің өзге тілдегі әдеби жауһарлармен әлі де толық танысып болған жоқ. Тіпті сусап отыр десек те болады. Қазақ әдебиеті алдағы уақытта сол үлкен аудиторияның эстетикалық талғамына жауап беретін һәм әдеби шөлін қандыратын үлкен арна болады деп ойлаймын.

 

Александра ШЕВЕЛЕВА,
Мадрид автономды университетінің оқытушысы, аудармашы:

Әсері күшті поэзия

Қазақ поэзиясы испан әдебиетімен салыстырғанда метафораларға бай, фольклорлық бояуы мол, астарлы мағынасы басым күрделі көрінді. Буын мен тармақ санынан да айтарлықтай айырмашылықты байқауға болады. Оның үстіне, аударманы түпнұсқадан емес, орыс тіліндегі тәржімадан жолма-жол аударғандықтан болар, өлеңнің өз бедерін жоғалтып алмау үшін көп еңбектендім.

Менің ата-анам Қазақстанда туып, өзімнің де балалық шағым Алматыда өткеніне қарамастан, қазақ тілін өз деңгейінде сауатты игере алмадым. Сондықтан да аударма барысында біршама қиындықтармен бетпе-бет келдім.

Біріншіден, қазақ тілінде екпін негізінен соңғы буынға түссе, испан тілінде мұндай жағдай өте сирек, тіпті жоқтың қасы деуге болады. Екпінді үнемі соңғы буынға түсіре беру испантілді оқырман үшін қиын, тіпті түсініксіз болып қалу қаупін төндірді. Сондықтан да қос тілдің өзіндік ерекшеліктерін ескере отырып, барынша алтын аралықты ұстануға, табиғи ерекшеліктерін ескеруге тура келді.

Екіншіден, қазақ поэзиясы испан поэ­зиясымен салыстырғанда мағынанлық та, құрылымдық та тұрғыдан өте күр­делі. Жоғарыда атап өткеніміздей, қа­зақ тілінде өлең шумағы негізінен 7-8 буыннан құралады және мағынасы ауқымды, көп жағдайда мифологиялық, аңыздық жанрларға жиі барады. Ал испан поэзиясының табиғаты мүлдем бөлек. Испан әдебиеті негізінен қысқа буынды құп көреді.

Үшінші ерекшелік, әрине тіл бай­лығына келіп тіреледі. Қазақ тілі өте бай және айшықтау әдістерінің сол мол түрі көркем әдебиетінде де кеңінен қол­данылады екен. Бір сөздің өзі бірнеше мағына береді. Нақты айтатын ойға дөп түсу үшін синонимдер сөздігін тым жиі парақтауға тура келді. Мәселен, бір ғана тұлпар сөзін алайық. Оны жай ғана жылқы деп бере салу поэзияның көр­кемдігіне қиянат болар еді. Қанатты ат деп қолдану және қисынсыз. Ал бұл сөз­ді мүлдем аудармай, латын қарпімен «tulpar» деп, төменгі жағына мағынасын көр­сету де жүйесіздік һәм түсініксіздікке ұрын­дыратынын көзімізбен көрдік. Осын­дай қайшылықтар аудармамызды бір­шама қиындатқанына қарамастан, барынша жаңаша эксперименттерге баруға тырыстық.

Қазақ ақындарының стилі де, сөз сап­тауы мен ой жүйелеуі де өте ерек­­­­ше екен. Талғампаз ақын Олжас Сү­лей­­менов­тің терең тоғамдары, ыс­тық сезімге толы Танакөз Толқын­қы­зы­ның өрнекті өлеңдері, Ақберен Елге­зектің мистикалық, Бақытжан Қана­пия­новтың лирикалық поэзиясы бізді, аудармашылардың өзін, тілдік қана емес, эмоционалдық тұрғыдан сан түрлі сезімге бөледі. Бұл бір елдің поэзиясы үшін ғажап құбылыс.

Жалпы, аударма деген форма мен тармақ қуу емес, әр ел оқырманының қабылдау ерекшеліктерін ескере отырып, түпнұсқа тіліндегі көркем туындыны барынша түрлендіру, біздіңше. Заманауи қазақ поэзиясының антологиясын тәржімалау барысында біздің діттегеніміз негізінен осы мақсатпен тоқайласты.

 

Владимир БОЯРИНОВ,
Ресей Жазушылар одағының Мәскеу қалалық филиалының директоры:

Тіл – қуат, сөз – кеңістік

Біз өзара түсінісудің ментальды, эстетикалық, тілдік деңгейін талқылауға жиналдық. Қазақ өлеңі мен қара сөзінің маржанын орыс тіліне аударуды бізге тапсырғандарыңызға қуаныштымыз. Бүгін бір-біріміздің сағатымызға қарап, уақытты түзеп, бір-біріміздің сөзімізге қарап, әдебиетімізді саралау керек сияқты болып көрінеді маған.

ХХ ғасырдағы философияның негізгі сұрағы тіл, сөйлесу, мәтін, сөз туралы болды. Тіл – біздің тіршілігіміздің әр тал­шығына әсер ететін қуат иесі. Ал сөз – жеке тұлғалардың тіл табысатын кеңістігі. Ана тіліміз біздің тамырымызда, тулаған қанымыз бен жанымызда. Қазір авансахнаға заманауи түсініктер шықты. «Сәулелі тұлға, қайырымды тұлға, күмәнді тұлға».

«Қоғамдағы кез келген өтпелі кезең мен босаңдық жалқаулық пен апатияға әкеледі, өйткені мұндай кезеңде бәрі алда не күтіп тұрғанын анық байқай бермейді» деп жазады Достоевский. Осындай уақытта ақын-жазушыларды жол көрсететін жарық жұлдыз деп қо­рық­пай айта берсек болады.

Бүгінгі заманда, мәдениеттер мен құндылықтардың орны оп-оңай алмасып жатқанда, Қазақстанның әдебиетке айрықша көңіл бөліп отырғаны біз­ді ойландырады. Бұл жөнінде бізге үйренетін, Мәскеуге айта баратын сөз көп-ақ. Қа­зақ билігінің әдебиетке деген қарым-қа­тынасы біз үйренерліктей.

Осы аударма жұмысы кезінде жол­­ма-жол аудармалардың өзінен біз қазақ поэзиясының, прозасының поэти­калық қуатын сездік. Жолма-жол аударма тәр­­жі­машыға ритмнен ауытқып, түп­нұс­қаның стилінен алыстаудан сақтайды. Аударманың жолы – өте ауыр. Ендігі кезекте қазақ тілінің көркемдігі мен қуатын сақтап, қазақ сөзінің кеңістігіне еркін өтуге дайындаламыз.

Бетті дайындағандар

Бағашар ТҰРСЫНБАЙҰЛЫ,

Назерке ЖҰМАБАЙ,

Ая ӨМІРТАЙ,

«Егемен Қазақстан»

P.S: Аударма ісінің саңлақтары Астанада негізінен поэзия жанрын талқылап, ақындар мен аудармашылар өзара сұхбаттасты. Енді 16 қаңтар күні Алматыда проза жанрының авторлары мен аудармашылары үлкен талқы өткізбек. Қазақ әдебиетінің әлемге басар қадамы осындай қарбалас, қым-қуыт, берекелі әрекетпен басталып жатыр. Енді көркем аударманың баспа бетін көргенін асыға күтеміз.