Бұл тартыс «BORA-hansgroht» клубының мүшесі Петер Саганның жеңісімен аяқталды. Әлемнің үш дүркін чемпионы, Еуропа біріншілігінің жеңімпазы деген дардай атағы бар Словакияның саңлағы осы қашықтықты 3 сағат 46 минут 06 секундта жүріп өтті. «Астананың» сапында өнер көрсетіп жүрген испандық велошабандоз Луис Леон Санчес екінші орынды иеленсе, ОАР-дың өкілі Дэрил Импи мәреге үшінші болып жетті.
Артта қалған үш кезеңнің нәтижесі бойынша Жаңа Зеландияның спортшысы Патрик Бивин әлі ешкімге жеткізбей келеді. Оның уақыты – 10 сағат 20 минут 09 секунд. Екінші орында – Петер Саган. Ал күллі қазақстандық жанкүйерлер үміт артып отырған Луис Леон Санчес үшінші сатыға тұрақтады. Ол көш басындағы велошабандоздан 9 секунд қалып келеді.
Ғалым СҮЛЕЙМЕН,
«Егемен Қазақстан»