Экономика • 17 Қаңтар, 2019

Ауыл жастарына қамқорлық керек – Әли Бектаев

323 реткөрсетілді

Осы мәселе туралы Сенат отырысында депутат Әли Бектаев Премьер-Министр Бақытжан Сағынтаевтың атына депутаттық сауал жолдады.

"Экономикадағы қай саланың болмасын дамуы кадрларға, соның ішінде әр бағыт бойынша жұмыс жасайтын мамандарға тікелей байланысты. Аграрлық сектордың қарқынды дамуы да сала мамандарының қолында екендігі белгілі. Өкінішке қарай, мыңдаған түлек арнаулы оқу орындарын бітіріп жатқанымен, ауыл шаруашылығының білімді және білікті мамандармен қамтылуы әлі де төмен, қабылданған шаралар мардымсыз. Бүгінгі таңда ауылдағы мамандардың орта жасы 50-ден асқан, ал ветеринарлардыкі 58-60 жасты құрайды. Аграрлық секторда 2500-ден астам маман жетіспейді. Жыл сайын оқу бітірген 5000-ға жуық түлектің басым көпшілігі ауылға бармай, өз мамандығына сай келмейтін түрлі жұмыстарда жүр, болмаса - жұмыссыз. Білім және ғылым министрлігінің  мәліметіне сүйенсек, аграрлық мамандықтар бойынша бітірген түлектердің тек 68% ғана жұмысқа орналасады екен, яғни жыл сайын мемлекет есебінен оқытылған 670-тен астам түлек жұмыссыз қалады. Ауыл шаруашылығы мамандықтарын жастардың көпшілігі әйтеуір бір диплом алу үшін таңдайтын сияқты. Сараптамалар көрсеткендей, аграрлық жоғарғы оқу орындарындағы студенттердің 40%-ға жуығы қалалықтар, ал 70%-дан астамы қыз балалар. Қала балалары мен қыздардың мәртебесін төмендеткіміз келмейді. Бірақ ертең олардың басым бөлігі егіс алқаптарында жүріп егін егуге, қорада жүріп мал баптауға бармайтыны айдан анық" деді ол.

Сондай-ақ ауылдағы мамандардың жалақысы мардымсыз, әлеуметтік проблемалары көп екенін айтып өтті. "Жас мамандарды ауылда тұрақтандыру мақсатында жасалған “Дипломмен ауылға” бағдарламасы шеңберінде аграрлық оқу орындарынан ауылды жерлерге соңғы үш жылда тек 56 маман ғана жіберілген" деді ол.

"Ауыл шаруашылығы мамандықтарының гранттарын бөлу де дұрыс жолға қойылмаған. Аграрлық университеттер Ауылшаруашылығы министрлігіне қарасты болғанымен, оларға мемлекеттік тапсырысты Білім және ғылым министрлігі бөледі. Гранттарды бөлу кезінде мамандарға қажеттілік, оқу орындарының материалдық базасы, педагогтардың біліктілігі ескерілмейді. Мысалы, аграрлық мамандықтар бойынша 2018-2019 оқу жылына қарастырылған 2077 мемлекеттік гранттың жартысына жуығы негізінен гуманитарлық, құрылыс, байланыс, техникалық жоғарғы оқу орындарына бөлінген. Олардың арасында әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті де бар. Жоғарғы оқу орындарының көпшілігі ескі құрылғылар мен технологияларды пайдаланады, ауыл шаруашылығы бойынша тәжірибелік алаңдары жоқ, ал оқытушылардың басым бөлігі өндірісте бір күн де жұмыс істемегендер. Оқу бітірген түлектердің тұрақты жұмысқа орналаса алмауының негізгі себебі де осында жатыр. Мысалы, 2018 жылы С.Баишев атындағы Ақтөбе университетінде аграрлық мамандық бойынша 4-ақ студент бітірген. Х.Досмухамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетін бітірген 13 маманның  8-і ғана  жұмыспен қамтылған. Қорқыт Ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетін бітірген түлектердің  49%, М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университеті түлектерінің 66%, М.Х.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университеті түлектерінің 67% ғана жұмысқа орналасқан. Мемлекеттік грантты есепсіз бөлудің тағы да бір мысалы ретінде, ауыл шаруашылығына бакалавр мамандықтарын дайындауға бар-жоғы 1515 грант бөлінсе, әлеуметтік, мәдени-демалыс жұмыстары, мейрамхана және қонақ үй бизнесі сияқты т.б. қызмет көрсету салаларына 2330 грант бөлінгендігін айтуға болады" деді депутат өз сөзінде.

Үлкен мәселелердің бірі ауыл жастарының әлемдегі алдыңғы қатарлы жоғарғы оқу орындарына кем тартылуы деген халық қалаулысы, Мемлекет басшысының тікелей бастамасымен іске асып жатқан теңдессіз жобалардың бірі “Болашақ” бағдарламасы бойынша 25 жылдың көлемінде 10 400-ден астам жас шетелдегі озық оқу орындарын бітіріп, түрлі салаларда қызмет жасап жатқанын айтты.

"Сөз жоқ, бұл - біздің мемлекетіміздің алтын қоры, болашағы және үлкен жетістігі. Бірақ “Болашақ” бағдарламасы бойынша  осыған дейінгі оқытылған барлық стипендияттың 21% ғана ауыл балалары. Ал ауыл шаруашылығы мамандықтары бойынша 102 түлек қана оқу бітірген, 16 стипендиант қана бүгінгі таңда білім алып жатыр. Аграрлық секторды заманауи технологиялармен, инновациялық  жетістіктер арқылы қарқынды дамыту үшін әлемдегі озық білімді меңгерген жастар бұл салада да жұмыс істеуі керек. Ауылдағы жастардың бір-ақ кемшілігі бар – ол шет тілін жетік меңгермеуі. Бірақ оның өзін кемшілік деп айтуға болмайды, оған жастардың кінәсі де жоқ. Қайта ауыл жастарының талпынысы, еңбекқорлығы жоғары, отбасына, туған жерге, отанға деген сезімі ерекше, патриотизмі басым. Сондықтан оларға тілді тереңдетіп үйрету үшін мемлекет тарапынан қосымша шаралар қарастырылуы керек" деді Әли Бектаев.

Сонымен қатар депутат жоғарыда айтылғандарды ескере отырып, бірқатар ұсыныс жасады:

 1.  Аграрлық мамандықтарды мемлекеттік тапсырыс арқылы қазақстандық жоғарғы оқу орындарына орналастыру, мемлекеттік гранттарды бөлу құқығын Ауыл шаруашылығы министрлігіне беру;

2. Еліміздегі аграрлық секторға мамандар дайындайтын барлық жоғарғы және арнаулы орта оқу орындарының материалдық базасын, ондағы оқыту құрал-жабдықтарының жағдайын терең сараптамадан өткізіп, заманауи құрылғылармен қамтамасыз ету, ал студенттерді практикамен қамту үшін оқу орындарын ірі агрокомпанияларға бекіту;

3. Ауыл шаруашылығы мамандықтарына ауыл мектептерінің түлектерін көптеп қабылдау мақсатында оларға жеңілдіктер берудің қосымша шараларын қарастыру, ол үшін ауыл балаларына бөлінетін квотаның көлемін 50%-ға дейін жеткізу;

4.  Мемлекеттік грант есебінен аграрлық жоғарғы оқу орындарын бітірген түлектерге ауыл шаруашылығы кәсіпорындарында кем дегенде үш жыл үздіксіз қызмет етуді заң жүзінде міндеттеу, оған “Дипломмен ауылға” бағдарламасының мүмкіндіктерін бағыттау және аграрлық кәсіпорындарда жас мамандар үшін жұмыс орындарының квотасын белгілеу; 

5.  “Болашақ” бағдарламасы бойынша шетелдегі және Қазақстандағы алдыңғы қатарлы оқу орындарына іріктеу барысында ауыл жастарына қосымша квоталар бөлу, бір жыл көлемінде шет тілдерін тереңдетіп оқыту үшін мемлекет есебінен дайындық курстарын ашу, оларды жатақханамен, тамақпен, жолақымен қамтамасыз етудің қосымша шараларын қарастыру қажет деп санаймыз.

 "Бұл шаралар жүзеге асып жатса, Елбасы жариялаған «Жастар жылындағы» ауыл жастарына жасалынған қомақты қамқорлық болар еді деп есептейміз" деді сенатор.

Соңғы жаңалықтар

Баға QR кодтар арқылы беріледі

Аймақтар • Бүгін, 20:40

Жас өнерпаз Алматыға ән арнады

Аймақтар • Бүгін, 10:10

Ұқсас жаңалықтар