Руханият • 17 Қаңтар, 2019

Отбасылық клуб ажырасудың алдын алады

641 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Алматы облысында жас отбасыларды қолдау бағытында құрылған «Бақыт» клубы пилоттық жоба ретінде  жемісті жұмыс істеп келеді.

Отбасылық клуб ажырасудың алдын алады

Бұл клубта отау көтерген, өмір жолына қол ұстасып қадам басуға ниеттенген жастарға психолог кеңесі, заң кеңесі тегін беріліп, өнегелі өмір иелерінің отбасылық тәжірибесі жайлы әңгіме өткізіледі.

- Клуб жұмыс істегелі бері отбасылық өмірге қадам басқан замандастарымызға белсенді қызмет көрсетіп отыр. Өкінішке қарай, қазір жастар арасында ажырасу көбейіп тұр. Біз осы әлеуметтік мәселенің алдын алуға тырысамыз. Көп жағдайда отбасылық психологтың кеңесінен кейін, арасы суына бастаған жас жұбайлар қайта табысып, қателіктерін түзеп жатады. Өткен 2018 жылы клуб белсенділерінің араласуымен 23 жас жұбайдың некесі бұзылмай, жарасып кетті, - дейді облыстық Жастар саясаты мәселелері жөніндегі басқарма басшысының міндетін атқарушы Дәурен Алдабергенов.

Қазір жас отбасыларды қолдау бағытында құрылған «Бақыт» клубының аясын кеңейтуге қадам жасалып жатыр екен. Бастама барысында отбасылық психологтардың штатын арттырып, әр ауданнан арнайы кеңес беру орталығы ашылмақ. Жастардың бұл ұсынысын облыс әкімі Амандық Баталов та қолдап отыр.

- Жас отбасылар арасында ажырасу санын азайтуға күш салуымыз керек. Ол үшін биылдан бастап облыстағы барлық АХАЖ бөлімдері жанынан отбасылық психологтарға 35 штаттық бірлік бөлетін боламыз. Мықты отбасы – мемлекеттің гүлденуінің басты кепілі, сондықтан жас отбасыларға қалыптасу кезеңдерінде барынша қолдау көрсетілуі тиіс, - деді жастармен кездесуде облыс басшысы.  

Қалмаханбет МҰҚАМЕТҚАЛИ,

«Егемен Қазақстан»

Алматы облысы