Аймақтар • 29 Қаңтар, 2019

Шалғай ауылдағы шағын coworking оқушыларды робот құрастыруға құлшындырады

717 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Алматы облысының мектептерінде заманға сай техникалық керек-жарақпен жабдықталған IT-сыныптар мен робот техникасы кабинеттерін ашуға жергілікті бюджеттен 220 млн теңге қаржы бөлінген. Бұл қаржыға мектептерде арнайы сыныптар жасақталып, оқушылардың цифрландыру бағдарламасына сай білім алуына жағдай жасалуда. 

Шалғай ауылдағы шағын coworking оқушыларды робот құрастыруға құлшындырады

Ал өңір бойынша «Цифрландыру бағдар­ламасы» аясында атқарылған жұмыстар «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалының бақы­лауында.

– «Нұр Отан» партиясы аймақтарда ІТ-сынып пен ІТ-орталық ашып, жастарды цифрлы ортаға бейімдеу мен оқыту жұмыс­тарын назарға алып отыр. Былтыр Талдықорған қаласындағы агротехникалық және политехникалық колледждердің базасында екі ІТ-орталық ашылып, онда ынталы жастар тегін білім алуды бастаған. Оқушылар сарайында да осындай орталық жұмыс істейді. Жалпы Жетісу жерінде балаларға арналған оқу орталығының саны көбейіп, алдағы жылда да 62 ІТ-сынып пен робот техникасына арналған 19 кабинет ашылады, – дейді «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Ғалиасқар Сарыбаев.

Жалпы біз Жетісу мектептерінде ІТ-сынып, coworking-орталықтар  мен робот техникасы кабинеттері көптеп ашылып жатқанын үнемі жазып келеміз. Бұл бағыттағы шаралар орталықтан алыста орын тепкен ауыл мектептерінде жүзеге асқаны қуантады. Мысалға, өткенде ғана Кеген ауданындағы мектепте coworking-орталық ашылған еді. Қазір ауыл оқушылары 3D-модельдеу, анимациялар жасау, бейнемонтаждау бағыты бойынша дәріс үйреніп, жаңа технологияларға бейімделуде. Олар аз уақыттың ішінде робот та құрастырыпты. Негізі Кеген ауданы бойынша ашылатын IT-сыныптар саны биыл тағы көбейіп, жалпы саны беске жетпекші.

Дәл сондай жаңа үлгідегі ІТ-сынып жа­қында Іле ауданының Нұрғиса Тілендиев ауылындағы №26 орта мектепте де пайда­лануға берілді. Мектептегі ерекше орын ретінде балалардың қызығушылығын оятқан сыныпта балалар цифрлы технология әле­міне қадам басып, робот құрастыруға талаптанады. Олар ІТ-сыныптың ашылуы­на келген қонақтарға өздері құрастырған алғашқы роботтарын да көрсетіп үлгерді.

– Бүгінде қазіргі заманғы ІТ технология­ларды қолданумен қатар бағдарламалау негіздерін оқыту мектептерде кеңінен жүріп жатыр. Әсіресе, ауыл мектептеріне бетбұрыс жасап жатырмыз. Нұрғиса Тілен­диев ауылында ашылған ІТ сыныпта оқушылар робот­­­техниканы тереңдеп меңгеріп, қарапайым алгоритмдерді жасау, бағдарламалар мен WEB-сайттар, компьютерлік ойындар, анимациялар құру дағдыларын үйрену мақ­сатында тегін қосымша сабақтарға қатыса алады, – дейді Іле аудандық білім бөлімінің басшысы Ләззат Кәткеева.

Қалмаханбет МҰҚАМЕТҚАЛИ,

«Egemen Qazaqstan»

Алматы облысы