Аймақтар • 29 Қаңтар, 2019

Ауыл музейінің ажары

802 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Қазақтан шыққан алғашқы журналист қыздардың бірі – Ләзиза Серғазина туған Қызылшер ауылында ауыл тарихынан сыр шертетін мектеп-музей бар. Оны 1990-жылдары мектеп басшысы Қаратай Қасенұлы мен ұстаз Рымтай Рыспаева ашқан екен.

Музей жетекшісі Аман­жол Әсенқызының айтуынша, оқу-білім, тәрбие бағдар­ламасын жүзеге асыруға «Ша­­­ңырақ» деп ата­латын этно­­графиялық және тарихи, өлкетану ба­ғытында үлес қосып келеді. Қазір 6 бөлім­нен тұ­ратын музейде 3 мыңдай жәдігер сақтаулы. 

Өзіміз көрген «Ұлттық қазына» бөлімінде киіз үй­дің уық, кереге, шаңырақ, туырлық, үзік, түңлік, тұс­киіз, басқұр, алаша, уық бау, таң­ғыш бау, ағаш төсек, көр­пе, жастық, әбдіре, бесік, бала төсегі, аша бақан, домбыра, жозы (үстел), сырмақ, кілемше, төсеніш барлығы көрініс тапқан. 

Бұрыштағы шкафта ою-өрнектері көз тартарлық, сың­ғыры ерекше күміс жүзік, са­қина, білезік, өңірше, тұ­мар­­ша, сырға, салпыншақ, қап­­­сырмалардың неше түрі ілініпті.

Келесі бөлікте мүйіз сырнай, мүйіз түтікше, асық, топайдан жасалған қолөнер туындыларын көрдік. Оның қасында І919 жылғы Қы­зылжар ауылында тұрған Сатай атамыздың көне домбырасы ілініп тұр. 

Бұрышта – кәдімгі ши, орау­лы ши, ақ ши тұр. То­қылған ши әдемі көрінеді. Ағаш тостаған, тегеш, ожау, қос бүйректі ожау, түрі көне ыдыстар. 

– Бұл ағаштан жасалған май шайқағыш, марқұм Са­ғынтай атаның қолдан жасап, қолданған заты, деді Аман­жол апай.

Ал түйе терісінен және темір, зергерлік бұйымдар жа­сайтын ұстаның көрігі, тас диірмен, келі-келсап сияқ­ты көне заттарды Тө­леу­хан, Жомарт, Гүлхан си­яқ­ты аға-апайларымыз әке­ліп тапсырған екен. 

Ауыл маңынан табылған бұғы мен мамонттың мүйіз­дері жоғарыда тұр. 

Сонымен бірге мектеп­тің шағын музейі Елбасының «Рухани жаңғыру» мақала­сында жазылғандай «Ту­ған жер», «Өлкетану» бағы­тына сай жұмыс жасап, оқушы­ларға туған өлкені танытуға, тарихын білуге арналған бір­неше бөлім бойынша жұ­мыстар атқаруда. 

Музей жетекшісі Аман­жол Әсенқызы 1992 жылы Баян Өлгей аймағынан ал­ғашқы лекпен атамекенге оралған қандастарымыздың бірі. Педагог-зерттеуші деген атақтың иеге­рі. Өмі­­рінің 35 жылын ұстаз­дыққа арнаған екен.

Фарида БЫҚАЙ,

«Egemen Qazaqstan»

Павлодар облысы,

Қызылжар ауылы