30 Қаңтар, 2019

Жергілікті өзін өзі басқаруға ауыл жастары дайын ба?

1438 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Бүгінде «Жастарды өзін өзі басқаруға тарту жобасы» – мемлекеттік жастар саясатын жүзеге асырудағы негізгі қадамдардың бірі болып отыр. Елімізде қабылданған «Мемлекеттік жастар саясаты туралы» Заңда жастардың өзін өзі қалай басқаруы керек екені нақтыланған-ды. Яғни, жастардың өзін өзі басқаруы мемлекетпен өзара қарым-қатынас құралы ретінде оларға жауапкершілік пен әлеуметтік белсенділік жүктейді.

Жергілікті өзін өзі басқаруға ауыл жастары дайын ба?

Қоғам назарын алаңдататын бұл көкейтесті мәселе күн тәртібінен түс­кен емес. Әсіресе ауыл жастарын қо­ғамның әлеуметтік-саяси өміріне тарту үшін елімізде барлық жағдайлар жасалуда. 

Мәселен, Баянауыл ауданы Май­қайың кентіне Сұңқар Ақанов 2017 жы­лы әкімі болып тағайындалды. Мемле­кеттік және жергілікті өзін өзі басқару саласына сай маманданып, оқып біліп алғаны аз болған ба, өкінішке қарай, арада бір жыл өткенде Сұңқар Ақанов қызметінен кетті. Ал кент әкімінің міндетін атқарушы Руслан Махам­бетов деген жас жігітке де тұрғындар­дың көңілі толмады. Облыстық әкім­дік сайтына болашақ әкімге лайықты, өз қызметінің саяси маңыздылығын түсінетін адам таңдау керектігі жазылды. 

Өңірдегі аудандық, қалалық әкімдік­терде біліктілігі мен білімдерін мем­лекетшілдік мүдде тұрғысынан көрсете алмай, жеке басының қамын қызметінен жоғары қоятын жас басшылар барын көріп те жүрміз. 

Өз кезегінде Павлодар қаласының әкімі Әнуар Күмпекеев те қызметке келмей жатып-ақ, сөгіс алып үлгерді. Жас әкім қымбат, жайлы, жылы, жайдары коттеджде елден ерекшеленіп тұрғысы келген көрінеді. 

Қазір «Жергілікті өзін өзі басқару» жобасына жастарды тартудағы әлемдік тәжірибені үйрену, жастар баста­маларын қолдау, оларды мемлекеттік-жеке серіктестік аясында жүзеге асыру жүйеленуде.

Жалпы, мемлекеттік қызметке келген жастардың адами және құқықтық саналары жетілмей олар ел алдындағы жауапкершілікті сезіне алмайды. 

Осылай бола тұра, жастарды «Жергі­лікті өзін өзі басқаруды» дамыту бойын­ша басқа елдердің тәжірибесі, жер­гі­лікті бюджеттің жұмсалу тәртібі қы­зық­тырады. Олар жергілікті өзін-өзі басқаруға қатысуға да дайын. Бірақ эко­номика, қаржы, саясат, есеп, жоспарлауды білетін, экономист-бухгалтер, агроном және технологтарға білім мен біліктілік жетіспейді. Ауылдарда жастардың әкімдік және мәслихаттармен байланысы аз. 

Мемлекеттік мекемелер, ауылдық әкімдіктер жастар арасында жергілік­ті өзін өзі басқаруға жастардың қаты­су әдістері мен оның маңызы тура­лы түсіндіру жұмыстарын жүргізу жетіспей жатқандай.

Павлодар өңірінде де «Жастар бастамаларын дамыту орталығы», Жастар саясаты мәселелері жөнін­дегі бас­қар­ма жұмыс істейді. Осы басқарма мен орталықта тек қана қала жастары үшін емес, арнайы ауыл жастарына арнал­ған бөлімдер болса, ауыл жастары да жаңа­шылдықтардан шет қалмас еді.

Өзі де ауылда өсіп, еңбек жолын ауыл­дан бастаған облыс әкімі Болат Бақауов былтыр жергілікті Қазақстан халқы Ассамблеясы мүшелерін ауыл жас­­тары­мен арнайы жобалар жасау арқыл­ы бірлесе жұмыс істеуге ша­қыр­ған-ды.

Ал жас мамандарды ауылға тартуды оңтайландырудың тағы бір түрі – ауылға қажетті мамандықтарға ауылдан шыққан жастарды тарту. Сонда жастар ауылда тұрақтап қалады. Мұндай да мысалдар жеткілікті. 

Железинка ауылында туып өскен Райхан Усина Ұлыбританияда «Бола­шақ» бағдарламасы бойынша оқып, магистратураға Эдинбург универ­ситетіне түседі. Шотландия, Франция, Ұлыбритания, Бельгияны артқа тастап, «Дипломмен – ауылға» бағдарлама­сын патриоттық сезіммен қабылда­ған жастардың бірі. Ол туған ауылына қайта оралды. 

– Сондықтан, ауылдағы мектеп біті­руші түлек ауылға қайта оралатын­дай бағдарламалық қолдау қажет. Оқу бітірген түлек өз ауданына келіп жұ­мыс істеуге міндеттенеді. Өйткені, ауыл шаруашылығының жаңашыл-инно­вациялық әдістерін жетік меңгерген білікті мамандар жетіспейді. Ауылдың өркендеуіне, дамуына қомақты қаржы­лар бөлініп жатқанда, ауылда сол қар­жыны игеретін, мамандар тапшы ауыл шаруашылығына қажетті кадр даярлау ісіне ерекше назар аудару қажет, – дейді ауыл шаруашылығы саласының мамандары. 

Қазір өңірдегі қай аудандық әкім­діктің сайтын ашып қарасаңыз, арнайы мамандардың жоқтығына көзіңізді жет­кізесіз. Әкімдіктің сайтынан аудан­ның тыныс-тіршілігі байқалмайды. Аудан­дардағы әртүрлі бөлімдердің атқарып жатқан жұмыстарына сай мәлімет беру­дің орынына, аудан әкімі­нен бас­тап орынбасарлары мен бөлім бас­шыларының өмірбаяндары жазылады. Жұмыс барысы, аудандағы жаңа­лық­тар, қажетті ақпараттар кейбір аудандық әкімдік сайттарында жоқтың қасы. Қазақ тілінде түсініксіз сөйлемдер, сөздер, қателер қаптап жүр. 

Елбасы былтырғы 5 қазандағы Жол­дауында 2019 жылды Жастар жылы деп жариялағаны және «Ауыл – ел бесігі» деген жақсы жоба ұсынғаны бел­гілі. Осы орайда, облыстық ішкі сая­сат басқармасының маманы Нұрсұлтан Шәкіровтың айтуынша, қазір өңір­де «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасын жүзеге асыруға бағытталған жобалар жасалуда. 

Облыстық білім басқармасының бөлім басшысы Гүлнар Ибраеваның сөзіне қарағанда, бағдарлама бастал­ғалы өңірдегі ауылдарға 3792 маман қызмет­ке барған. Тұрақтамай кері қайтқан жас мамандар жайлы жиі айтылады. Біріншіден, олардың әлеуметтік жағдайы жасалмайды, екіншіден, ауыл мектептерінде бала саны азаюда. 

Алдағы уақытта жоғары оқу орнын бітірген түлектер «Дипломмен ауылға» бағдарламасы бойынша ауылдық әкім­діктерде қызмет ете алады.
Жуырда өңірге жасаған жұмыс сапары барысында Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі төрағасының орын­басары Айгүл Шайымова бағ­дар­лама бойынша ауылға қыз­метке келе­тін жас дәрігерлер мен мұғалім­дер­­­дің қатарына енді жас мем­ле­кеттік қыз­мет­шілердің де қосылуы мүмкін екен­дігін, қазір осындай мақ­сат­тағы заң жоба­сының Мәжіліс қарауына ұсыныл­ғанын жеткізді. 

Білікті жас мамандардың көпшілігі ауылдық жерлердегі мемлекеттік қыз­мет­ке қызығушылық таныта қоймай­ты­ны да белгілі. Сондықтан, Мемле­кет­тік қызмет істері агенттігі, Ұлттық эко­номика министрлігі тарапынан «Дипломмен ауылға» бағдарла­масына ауылдық жерлерге жіберілетін экономика, қаржы, есеп, информати­ка, компью­терлік бағдарламалар тілін білетін бухгалтер, экономист, қаржы­гер сияқты бас­қа да мамандық алған жас мамандарды қосу туралы бастама жасалмақшы. Өйткені, былтыр «Жергілікті өзін өзі басқару» бойынша бюджеттің төрт деңгейлі түріне көшу кезінде барлық ауыл әкімдерінің дені – мұғалімдер бол­ған­дықтан, экономика, қаржы маман­дарының тапшылы­ғы қатты сезілді. 

Фарида БЫҚАЙ,

«Egemen Qazaqstan»

Павлодар облысы