Мемлекеттік еңбек инспекциясы басқармасы өңірде ең төменгі жалақы алатын жұмыскерлердің еңбекақысын көтеру бойынша мониторинг және түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, тексеріс нәтижесінде кейбір жұмыс берушілердің 28-30 мың теңге ғана айлық төлеп отырғаны белгілі болды. Жұмысшылардың жалақысын көтеруі тиіс 13852 кәсіпорын анықталды. Олардың 84,5 проценті ішкі резервтер есебінен 38 мыңнан астам жұмысшының жалақысын арттыруға келіскен. Осыған орай жұмыс берушілермен 3327 меморандум жасалып, 928 ұжымдық келісімшартқа қол қойылды.
Аймақ басшысы Құмар Ақсақалов бюджет саласында 43 мың, нақты секторда 101 мың адамның жалақысын көтеру бойынша жоспарлы жұмыс жүргізу қажеттігін атап айтып, тиісті басшыларға нақты тапсырмалар берген болатын. Еңбекақыны көтеруге байланысты тиісті шараларды қолдану, мүмкіндіктерді іздестіру арқасында еңбекақыны еселеуге ниеттілер қарасы молайды. «Изолит» ЖШС-і электр оқшаулағыш материалдар шығарумен айналысады. Онда тұрақты жұмыспен 97 адам қамтылған. Орташа жалақы 100 мың теңгені құрайды. Мұнда былтыр жұмысшылардың жалақысы 13 процентке артса, биыл тағы 10 процентке көбейіп, 110 мың теңгені құрамақ.
«ЖБИ Единство» жəне «Альянс жолы» сияқты кәсіпорындарда 350-ге жуық адам еңбек етсе, олардың үштен бірі ең төменгі жалақы алады екен. Кәсіпорын басшылығы Елбасының төменгі жалақыны өсіру жөніндегі тапсырмасына орай ең төменгі жалақыны 58-62 мың, ал орташа жалақыны 110 мың теңгеге дейін арттыруды жоспарлап отыр. Сол сияқты «Блок» ЖШС-і де өз қызметкерлерінің тұрмыс сапасын жақсарту мақсатында еңбекақыны арттыру туралы шешім қабылдады. «Ризолин» атты электр оқшаулағыш материалдарымен танымал осы аттас зауытта соңғы үш жылда еңбеккерлердің жалақысы 30 процентке артып, орташа айлық жалақы 120 мың теңгені құраған. Серіктестік алдағы уақытта жалақыны тағы 10-15 процентке ұлғайтуды белгілеп отыр.
Өмір ЕСҚАЛИ,
«Егемен Қазақстан»
Солтүстік Қазақстан облысы