05 Ақпан, 2019

«Тұлпар мініп, ту алған» жеңімпазына – 1 миллион теңге

3792 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Елімізде оқушылар арасында батырлар жырын жатқа оқудан «Qazaq Epos» республикалық жобасы қолға алынды. Байқау Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» және «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласындағы міндеттерді іске асыру мақсатында ұйымдастырылып отыр. 

«Тұлпар мініп, ту алған» жеңімпазына – 1 миллион теңге

Бұдан бұрын республика көлемінде «Тұлпар мініп, ту алған» ұлттық жобасын қолдау мақсатында батырлар жырын жатқа айтудан эстафета өтіп, еліміздің игі жақсылары жаппай атсалысқаны есімізде. Ал бұл жолы ұйымдастырылып отырған «Тұлпар мініп, ту алған» байқауының мақсаты – әманда ел тағдырын биік қойған ерлік дастандарымен өскелең ұрпақты сусындатып қана қоймай, ықылым заманнан бері келе жатқан жыршылық дәстүрді қайта жандандыру. Жобаның жай-жапсары туралы ОКҚ-да өткен брифингте Ақпарат және коммуникациялар министрі Дәурен Абаев, Білім және ғылым вице-министрі Эльмира Суханбердиева, «Хабар» агенттігі» АҚ Басқарма төрағасының бірінші орынбасары Ринат Кертаев, «Qazaq Epos» қоғамдық қорының бас директоры Бақытжан Тұрлыбеков айтып берді. 

Ақпарат және коммуникациялар министрі Дәурен Абаевтың айтуынша, жоба «Рухани жаңғыру» бағдарламасында айтылған ұлттық кодты қалыптастыру үшін ықпалы зор. 

– Негізгі бағыт тарихи эпостарды жаттау. Яғни, туындыны толық жатқа айту, мәнерлеп оқу, эпостағы әр сөздің мағынасы мен мазмұнын түсіну – басты талаптардың бірі. Поэтикалық мәтінді меңгеру арқылы оқушы тарихты да терең түсіне бастайды. Есте қалатын поэтикалық мәтін оқушының сөйлеу мәдениетін, сауатты жазуын қалыптастырады. Осылайша мектеп оқушысы әдеби шығармаларды талғаммен оқуды қалыптастырған болар еді, – деді министр.

Аталған жобаның ұйымдастырушысы «Qazaq Epos» қоғамдық қорының бас директоры Бақытжан Тұрлыбековтің хабарлауынша, байқау  6-10 сынып оқушылары арасында өтеді. Қатысушылар «Қобыланды батыр» жырының Марабай жырау нұсқасын жатқа айтып, жырды мағыналы-контекстік тұрғыда талдауы тиіс. Одан бөлек, қазақ тілі мен қазақ әдебиеті оқулығы бойынша әзірленген сұрақтарға жауап береді.

– Байқау 10 балдық жүйемен белгіленеді, сондай-ақ 3 кезеңнен тұрады. Бірінші кезең – жырдан сайыс. Екі адам шығып сайысады. Екінші кезең – жер-су аттары бойынша. Яғни, жырдағы болған оқиға негізінде сұралады. Үшіншісі – көнерген сөздердің мән-мағынасын ашу. Бұлар аудандық деңгей. Ал облыстық деңгейде әр ауданнан 3 адам қатысады. Бұл жерде де ауданда қойылған сұрақтар қойылады. Ең бірінші, баланың жырды толық жаттағанына ерекше назар аударылады, – деді «Qazaq Epos» қоғамдық қорының бас директоры Бақытжан Тұрлыбеков.

Жоба аясында 107 беттен тұратын «Қобыланды батыр» жырын 50 мың оқушыға толық жаттату көзделген. Ал осынау тарихи жетістікті Гиннестің рекордтар кітабына енгізу мақсатында өтінім беру де жоспарда бар. Байқау сұрақтары Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтымен және Алматыдағы Әдебиет және өнер институтымен бірлесіп әзірленеді. Ал қазылар алқасын жергілікті атқарушы органдармен, сондай-ақ Білім және ғылым министрлігімен бірлесе отырып, «Qazaq Epos» қоғамдық қоры жасақтайды». 

Байқаудың аудандық кезеңінде 1-орын үшін 150 мың теңге, 2-орынға 100 мың теңге, 3-орынға 50 мың теңге көлемінде ақшалай жүлде тағайындалып отыр. Облыстық кезеңде 1-орын үшін 1 миллион теңге, 2-орынға 600 мың теңге, 3-орын иегеріне 300 мың теңге сыйақы берілмек. Облыстық кезеңде жеңімпаз атанған оқушылардың мұғалімдеріне де ақшалай жүлде қорын тағайындау әрі біліктілік санатын көтеру де ескерілген. Бұрын-соңды болмаған жыршылар сайысын ұйымдастыруға Ақпарат және коммуникациялар министрлігі, «Qazaq Epos» қоғамдық қоры бастамашы болып, өз кезегінде Білім және ғылым министрлігі және «Хабар» агенттігі қолдау жұмыстарына атсалыспақ. Аталған байқаудың толық шарты «Egemen Qazaqstan» газетінің сәрсенбі күнгі санында жарияланады. 

Ая ӨМІРТАЙ,

«Egemen Qazaqstan»