...өтініш білдіреді
Баба мұрасы баспада қалып қоймаса
Көптен бері қолыма қалам алмап едім. Биылғы жылы 160 жылдығы тойланғалы отырған Әулие бабамыз Мәшһүр Жүсіп Көпейұлының шығармалар жинағы баспада жатыр деп естіп, мазам кетті. Онсыз да көп жылдар бойы кешеуілдетіп мектеп бағдарламасына енген шығармаларын оқуға 10-сыныпта 4 сағат қана бөлінеді. Соған қарамастан ұстаздар қауымы «Мәшһүртану» курсын өткізіп, «Мәшһүр оқуларына» оқушыларды қатыстырып, тіпті ғылыми жобаларды да жазғызып жүрдік. Осы ретте бабамыздың шөбересі Нартай Қуандықұлы мен «Әулеттік архивтегі» материалдардың көмегіне сүйендік. Қуандық ағамыздың көзі тірісінде ұрпағымен жазған рухани мұраны жас ұрпаққа жеткізіп, пайдаланса деген ниетпен осы мақаланы жазып отырмыз. Қуандық Пазылұлының өзінің іздесең таптырмайтын әдістемелік, тәрбиелік мәні зор кітаптарын да жарық күнде шам алып таба алмайсың. Ол да баспада жатыр. Мүмкін қалталы азаматтар табылып қалар! Әулие бабамыздың кітабын тек облыстың оқырмандары мен жас ұрпақ қана емес, Семейде тұратын, Қуандық Пазылұлынан білім алған біз сияқты шәкірттері, бүгінгі зейнеткерлер де қолдап отырғанын жеткізгім келеді.
Тұрсын ҚОМШАБАЙҚЫЗЫ,
зейнеткер ұстаз
...ой бөліседі
Экологиялық мәдениет қалыптастырайық
Адам – табиғаттың ажырамас бөлігі. Сондықтан халқымызда «Жер-Ана» деген егіз ұғым қалыптасқан. «Жер шоқтығы Көкшетау», «Жер жәннаты – Жетісу» деп, бабаларымыз туған жерге, табиғатқа деген ыстық махаббатын білдірген. Сондықтан орман-тоғайларды сақтап, қоршаған ортаның, өзен мен көлдердің ластанбауына ерекше мән берген. «Су ішкен құдығыңа түкірме», «Бұлақ көрсең – көзін аш» деп жас ұрпақтың бойына табиғатты қорғаудың тәрбиесін сіңірген.
Адам мен табиғаттың үндестігі экологиялық мәдениеттің негізін құрайды. Мұндай үндестік қоғамдық сананың өскелеңдігін сипаттайды. Өкінішке қарай, экологиялық мәдениеттің негізін сақтай алмай жатқанымызға аяқ басқан сайын көз жеткізудеміз.
Сұлулығы мен табиғи көркіне таза ауасы, кәусар бұлақтары мен өзен-көлдері жарасқан еліміздің Ұлы даласы қазіргі кезде экологиялық апат алаңына айналып отыр. Экологиялық мәдениеттің биігіне жету үшін білімді болу жеткіліксіз. Білім байлығына рухани байлықтың қосылуы ғана адамды шынайы мәдениетті етеді. Ондай адамның экологиялық мәдениеті де биік болады. Сондықтан мәдениетті ұрпақты тәрбиелеу үшін аянбай еңбек ету керек.
А.КАМЗИНА,
мұғалім
Павлодар облысы,
Май ауданы
...қынжылады
Саябағында бақырауық әндер шырқалады
Астананың «Жерұйық» атты саябағына жолдасыммен бірге барып жүрген кезімізде бір күні бізбен еріп жүрген кішкентай немереміз түсініксіз тілдегі әндерді естіп, шыдамай айғай салды: «Осы біз, қазақпыз, қазақпыз дейсіздер, неге ана тілімізде әндер айтылмайды?». Сасқаннан біз Санжарға: «Асықпа, қазақтың әні де, домбыраның дауысы да әлі шығады», дедік. Өкінішке қарай, бұл күні де, соңғы күндері де басқа да саябақтарға барғанда ана тіліміздегі әндерді ол да, біз де естіген жоқпыз.
Шынында, Астанада ғана емес, кейбір басқа қалалардың саябағына барсаң да өзіміздің тілде емес, басқа тілде жын соққан, бақырауық әндер сайрап тұрады. Осындай кезде өзіңді басқа елдің адамы секілді сезінуге мәжбүр боласың. Мәселен, көп уақыт Германия жерінде әскери қызметімді атқаруға тура келді, сол кезде саябағына бара қалсаң тек неміс тілінде ғана әндерін естисің. Жақындағы елдер де солай. Біз неден, кімнен ұяламыз, қорқамыз?!
«Өз үйім – өлең төсегім» деп жастарға жиі айтқаннан гөрі, іскерлігімізді тәрбие-тәлімнен деп, неге көрсетпеске? Бір сөзбен, жұрт бала-немерелерімен, біздің елге келген қонақтар болсын саябақтарға серуендеуге жиі барады, сонда шіркін Құрманғазы, Дәулеткерей, Дина, Шәмшінің, Әсеттің, басқа атақты композиторлардың күйлері, әндері шырқалса қандай ғанибет! Қазақшылығымызды қандай адам болсын сезініп, бір жасайды. Ол үшін әкімдіктер арқылы мәселені шешуге болады ғой.
Сапарғали ЖАҒЫПАРОВ,
әскери журналист
АСТАНА
...сенім артады
Жастар театрына сәттілік тілейміз
Маңғыстау ауданында аудандық Жастар ресурстық орталығы жанынан әуесқой әртістерден құралған «Жалын» жастар театры құрылған болатын. Мақсат – «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында ауыл жастарының шығармашылық әлеуетін пайдалана отырып, қоғамдағы жастар арасында кездесетін келеңсіз жайттарды сахналау, жастар көзімен көрермендерге жеткізу, ой салу, пікір қалыптастыру.
«Театр ашу – жастар орталығының басшысы, жазушы-публицист Аллаберген Қонарбаевтың идеясы. Жылдың басында мектеп оқушылары мен колледж студенттері арасында кастинг жариялап, оншақты жасты іріктеген болатынбыз. Жастардың талабы таудай болғасын және әуесқой жастар болғандықтан әзірге қысқа уақыттағы қойылымдарды ұсынуды ойластырып отырмыз. Алғашқы қойылым А.Қонарбаевтың «Алданыш» драмасы. Бұл драма қазіргі түйткілге айналған мектеп жасындағы оқушы қыздардың жүкті болып, ерте ана атануына қатысты дүние», дейді театр режиссері Дина Жолдасбайқызы.
Жұрттың жүрегінен орын алып, көптің көңілінен шығуды мұрат еткен жастар театрына сәттіліктер тілейміз.
Қалампыр ТӨЛЕГЕНҚЫЗЫ
Маңғыстау облысы