08 Ақпан, 2019

Былтыр Ақмола облысында «7-20-25» бағдарламасына 213 тапсырыс мақұлданған

326 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бес әлеуметтік бастамасы - қазақстандықтардың әл-ауқатын жақсартуға бағытталған маңызды құжат.

Былтыр Ақмола облысында «7-20-25» бағдарламасына 213 тапсырыс мақұлданған

Бағдарламада тұрғын үй, білім, бизнес және газдандыру сынды қоғамдағы ең өзекті және маңызды мәселелер қозғалады. Соның ішінде, «7-20-25» бағдарламасы ел ішінде ерекше қызығушылық туғызып отыр. Бағдарлама аясында 2018 жылдың өзінде облыс бойынша жалпы құны 1,8 миллиард теңгеге 213 тапсырыс мақұлданған.

Бағдарлама шарттары қарапайым халық үшін тиімді әрі қолжетімді. Яғни, алғашқы жарна көлемі жалпы құнның 50 пайызын емес, 20 пайызын ғана құрайды. Бұдан бөлек, пайыздық мөлшерлеме де әдеттегіден әлдеқайда төмен, яки 7 пайыз мөлшерінде.

– Елбасының бес әлеуметтік бастамасы қазақстандықтардың өмір сүру деңгейін жақсартуға бағытталған. Мәселен, «7-20-25» бағдарламасы тұрғын үй қолжетімділігін арттырып, халықты баспанамен қамтамасыз етуге ықпал етпек. Бүгінгі таңда бағдарлама аясында облыста көп жұмыс атқарылып жатыр, әсіресе, атқарушы органдар тарапынан. Құрылысшылар белгілі бір көлемде тұрғын үйлер салып, бүгінде баспанаға мұқтаж азаматтарға бағдарлама аясында сатып жатыр. 2019 жылға да ауқымды құрылыс жұмыстары жоспарланып отыр. Бүгінде бағдарлама өзінің бастапқы міндетін орындау үшін қоғамда үлкен ақпараттық жұмыс жүргізілуде, – дейді «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Ғалым Бекмағамбетов.

Негізінен бұл бағдарламаға бүгінде жас отбасылар мен жас мамандар ерекше қызығушылық танытып отыр. Олардың айтуынша, «7-20-25» бағдарламасы көптен күткен пәтерді төмен пайыздық мөлшерлемемен сатып алуға мүмкіндік береді.

Байқал БАЙӘДІЛ,

«Egemen Qazaqstan»

Ақмола облысы