11 Қазан, 2019

Газет көркі – тілшілер

836 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

«Еңбекші қазақ» газетінің (1925 жылы) №407 санында жарияланған Аманғали Сегізбайұлы деген автордың бұл мақаласы газетке ел ішінен хат жаза жүріп, қосынға қосылған тілшілердің ел жағдайын жазуға төселуі төңірегінде сөз қозғайды. 

Газет көркі – тілшілер

Ел ішіне саңлау орнатып, жаңа жұртшылыққа жол бастайтын баспасөз: газет-журнал екенінде сөз жоқ. Елдің салт-санасы, жұртшылығы, дүниеге көзқарасы газет бетінде айқындалып отырады. Ел тағдыры, өткендегі қатесі, келешектің күңгірт түйіні шешіліп, алдағы өмірге нысана белгілейтін әлеумет пікірі де – осы газет. Сондықтан газеттің ел ішінде беделі артып, елмен қолтықтасуы өзіне парыз.

Міне, «Еңбекші қазақ» газеті де өзінің төрт жылдық өмірінде елге қаншалық әсер беріп, ел еңбекшілерін бауырына тарта алғандығына дәлел боларлық дәйектемесі бар ма – осыны оқушыларының алдына тартқалы отыр. 

«Еңбекші қазақтың» арналған елі, аралаған жұрты қай дәрежеде, мәдениеттің қай сатысында тұрғанын шамалаған оқушы төрт жылдық өмірде таудай пайда келтіріп, аспанға сүйрей алмадың деп кінәлай да алмас.

Жаңа жұртшылыққа енді бет алған, саяси саңлауы жоқ дала еңбекшілері «Еңбекші қазақ» газетін өзінің қамқоры екенін біліп, тұс-тұстан атсалыса бастағанын 4 жылдық қуанышты мерекесінде ашық айта алады.

«Еңбекші қазақ» ел ішіне жалшылар үстемдігін, жаңа жұртшылықтың негізін орнатты деп ауыз толтыру ерсілік те болар. Өйткені жұрт – сыншы. Жақ­сы­сын да, жаманын да көріп, күндік өмірін болжап отырған – сол жұрт. Олай болса, сынды көп беруі керек.

Жалғыз-ақ надандық қараңғылығына тұншық­қан, мәдениет сәулесі көмескі жететін даладағы ең­бекші елдің өз аузынан шыққан үнін, өзінің мұң-зарын жеткізіп отыратын шаруаның қалам көмегі жетісе бастағаны «Еңбекші қазақты» едәуір үміттендіреді. Қалың ұйқыда қамауда жатқан сары дала селт етіп серпіле бастағанына осыны дәлел деп ұстап, көңіліне демеу қылады.

Алғашқы шыққанда жетіде, айында әрең келетін ел газеті осы кезде тобымен, түйдегімен келіп жатқаны елмен қолтықтаса алғанына дәлел бола алады. Күндік өміріндегі өзгерісі, әлеумет тіршілігіндегі талас пікірлерге моқал қаламы, шұбалмалы сөзімен тілшілердің жазыса бастағаны – жалпы елдің селт еткенін көрсетеді. Елдің қақ ортасында отырып ел күйзеліп, ел қуанса, бірге болған тілшілердің қаламы – ел қаламы, ел сөзі. Сондықтан «Еңбекші қазақ» елмен араласа алды деп қаймықпай айтуға болады.

Соңғы кезде «Еңбекші қазақтың» маңайына топталған, алыста жатса да арнап сәлем жазып, басқарманың бір адамы болуды міндетіне алған арнаулы тілшілері көбейді. Басқармамен алыстан тілдесіп, атсалысқан қоғамының шаруашылық, мәдениеттік ісіне қатыса бастаған бірнеше сенімді тілшілері бар. Ақ пен қараны айыра алмайтын, хат танитыны жоққа тән қазақтың қаламға ысылып, жөндіге бастағаны – басқарманың шабытын көтеріп, келешектен үмітін зорайтады.

Газеттің жаны – жазушы. Жазушысы кем болса, газет ақсайды. Бір адамның немесе 2-3 адамның ғана қолынан шыққан газет жалпыға тегіс ұнап кетуі қиын. Сондықтан әлі де шешілмеген мәселе, әлеумет алдында талқыға салынбай жатқан көп әңгімені ортаға салып отыратын ірі мағлұматты басшы азаматтардың қалам көмегіне «Еңбекші қазақ» әлі де мұқтаж. Жүздеген-жүздеген тілшілері, шаруа жазушылары елдің кем-кетігін, жайын айтып зарлап отыр; қолдарынан келген көмегін аямай отыр. Бұл жөнінен басқарманың тілшілерге өкпесі жоқ. Тіл­­ші­лердің саны да, сапасы да күн санап артып келе­ді. Бір-біріне жөндеп хат жаза да білмейтін қазақ ке­дейінің баласы қолына қалам ұстап, жазуға төсе­луі –  қазақ сықылды мәдениеті шағын елге көп олжа.

Ел ішінде газетке құмарлық, сығалап оқып отыратын газет достары да саналы тілшілердің көмегі арқасында көбейіп келеді. Газетім жоғалды, пәлен нөмірі тимей қалды деп басқармаға зарлайтын хаттар да елдегі газет оқығысы келген адамдардың көбейгендігін көрсетеді. Бұлардың бәріне себеп – әлгі айтқан тілшілер. Тілші сөзі – ел сөзі. Тілші айтты – ел айтты. 

«Еңбекші қазақ» өзінің 4 жасында елді өзіне қаратып келеді. Қаламы түзу, адал деген сенімді тілшілері елге жақындасудың жолын тауып, жақындасып жатыр. Әлі де үміт көп. «Еңбекші қазақ» 4 жасқа келгенде тілшілерін жүздеп санаса, 5 жасында мыңдап санауды нысана қылады.

Тілшілерді баулу, жол-жоба көрсетіп, салт-санасын өсіру жөнінде басқарма еңбек етуді мойнына алады. Газеттің жаны, үкімет пен ел арасында дәнекер болатын тілшілердің қаламы гүлденіп, еңбегі көркейсін!

Дайындаған Ұларбек НҰРҒАЛЫМҰЛЫ