Әдебиет • 14 Ақпан, 2019

Нағыз шындық

869 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Шындық қайда? Шындық – періштелер мекен еткен жүрек  қақпаңның нәзік саңлауларында ғана.

Нағыз шындық

…2005-тің жиырмасыншы қаңтары. Жаңа жыл туса төбемізге бақ құсы топ етіп қона қалатындай, үздіге күтетін мейрам күндеріміз кезекті рет қарсыз, ыбылыңқы-сыбылыңқы, несібеңді ит жалағандай құлазыңқы өтіп еді – екі аптаның қарасы, дембіл-дембіл сағынышты ақша қар қонақтап, әлем пәк түске бөленіп, өткеннің есесі қайтқандай болып тұр. Шіркін, таулардың тауы – Алланың сүйіктісі қарт та әз-Қаратау! Басы-соңы бар жақсылық сенің арқаң ғой, әуелім, Жаратқан Жалғыз Иеміз. Кентауым: «аппақ шәлі жамылып, қасы-көзін сүзіп, жорықтан қайтар жаужүрек жігітін қиыла күтіп тұрған арудай!..». Ал мына жазықтағы, қол созым жердегі аруақты Түркістан – иманы қалғып кеткендей – қап-қара, қатқақ…

Анаушылық аяз жоқ, қылп еткен жел-желкемік те жоқ, айнала – тұмық, бейбітшілік. Күндіз бар-жоғы нөл мен минус екі-үштердің ғана аралығы. Жұп-жұмсақ, мейірімді, аяла­ғ­ан – «ғашық-жар» қыс. Мәңгі­лік тыныштық орнап, қай-қиырлардан жаныңа жылы­лық ұялатқан тылсым күй мақ­пал­­да­на есетіндей, дүние біт­кен ұйып салғандай. Қардың жа­уғаны да қызық, өзгеше – та­маша! Аққу ұлпалар: бірде маң-маң тербетіле – әлдилей-әлпештеп, бірде бұралаңдай билей – еркелете-есіртіп, тағы бірде будақтай-бұрқырай – ас­пан­дата-аттандатып та баға­ды немесе басқалай баян еткенде: сенің  маужырыңды келтіріп те, көңіліңді көлкілдетіп те, қай-қайдағыңды қоздырып та бағады. «Мен жауып жатырмын ғой, неғып көңіл қоймайсыңдар, қандайсыңдар өздерің?!» дейтіндей де ме кей кейде. Бірер сағат әдемі, біркелкі бүлкілдеп, тынбай тыпырласа – бірер сағат кілт тоқтап, тыншып, ынтықтырып алады.

Қырық жамау жүрек бейбақ біресе қылпылдап, біресе атқақ­тап, үйде ұзақ отыра алмаймын: жиі-жиі тысқа ытқып шығып, ермекке қайта-қайта қар күреймін, – ит пен баламен жарысқан әпендідеймін де-ау, – сергіп, еңсем көтеріліп, серіленіп-ақ қаламын. Жаңа түскен қауыр­сын қарды сондайлық бір көтер­ің­кі көңілмен ықыластана күре­ген­ің­де – мейманаң тасыңқырап, кә­дімгідей, алтын-күміс көсеп жатқандай сезінесің өзіңді.

Таңертеңгілік. Күн – жек­сен­бі, жалпы жұрттың демалысы. Не асығыс, жылы төсекте соза­лаңдай жатып-жатып… өрекпи терезеге беттегенім сол, телефон құлағының алабөтен дабыл қаққаны. Теріскейдегі, Бетпақпен шектестегі ауылына кеткен – біздің үйде тұрып жұмыс істейтін мұғалима жегжат қарындас екен. «Одаманның асуында көлігіміз үріндіге кезігіп, аяқ-қолымыз байланып, сол маңдағы жездеміздің үйінде жайрап жатырмыз, сабаққа кеші­ге­тін болдым, апайға (біздің үй­дегі білгіш – мектеп директо­ры) жағдайды жеткізе саларсыз!» дейді ғой. «Әй, қол-ая­ғың мүлдем байланғыр, бай ал­мағыр… сыныққа сылтау… жез­дең­мен қоса жау алғыр қу же­лең қыз-ай!»

Терезеден тыстағы ерен тама­шаға тоғытылып, тояттап, бір­ша­ма уақыт өтіп те кеткенінде – «Одаманның асуында…» деген қу қыздың одағай сөздерінің си­қыр­­лана басыма қайта айналып соғып, төтенше жағдай жария­лап, санамды біржолата жау­лап алғаны, – дегбірімді алып, түрткілеп, түлентіп те жібергені: «Сайтан алғырдың дәрменсіздігі – жалғанмен жағаласып жемі­ріл­ген денсаулық!.. Мына, маған – ит жанды албастыға – сол жерде болуым керек еді емес пе?! Қоры­нып, не жатыс бұл?!. Жо-жоқ! – ол жерде емес, ол балапан асуда емес, қасиетті де киелі, қарт та әз-Қаратауымның ең биік ұшары – Мыңжылқы-Бессаздың оң қапталындағы, қырық күн қыс шіл­десінде тірі жан атаулының тұя­ғы тимейтін Ашасайдың өр асуының өзінде!!!»

«Қап, әттеген-а-а-ай! «Бір кем дүние-а-а-ай!» Эх-х! «Атажұр­тын­­дай жата-жабыса жай­ла­ған же­бірлік, – жегілер! – боқтыққа баттырып, көз­дерің­ді ағартқан, не несібелеріңнен айырған...». 

– Жараңдар! Қараңдар! Әне, көріңдерші! Әне-әне!.. 

«Томағасын сыпырып, қом­данып, тастүйінденген Мың­жыл­қы-Бессаз! – Ашасайдың өр асуын­да ішектері үзілердей ыш­қына ысқырынып, қан-жосаланған жанкешті көк бет долы! – тас-борандатып, жан алысып жан беріскен қиямет мұздақ қар! – бірде ала-шұбар түтінденіп, бірде от-жалынға оранып, жанынан безген жезтырнақ бұлттар! – оқтын-оқтын әлем-тапұрықты қырық-пышақ осқылап алатын күн жарықтықтың жойқын сәулелері!..» 

Міне, нағыз айқас! Нағыз әділет! «НАҒЫЗ ШЫНДЫҚ...»

Менің дәл қазіргі орным, сол бір Ашасайдың өр асуының дәп өзінде емес пе еді?! Ең-ең-ең... ұшарының ұшарында!!!

Игілік ӘЙМЕН