15 Ақпан, 2019

Жастар жылы нақты өзгерістер бастауына айналуы керек

326 реткөрсетілді

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Жастар жылының ашылуында сөйлеген сөзінде Үкіметке жас қазақстандықтардың маңызды қажеттіліктерін қамтамасыз етуге бағытталған қарапайым және түсінікті қолдау құралдарын әзірлеуді, оның ішінде, ең алдымен, қолжетімді және сапалы білім, жұмыспен қамту, баспана және отбасын құру мүмкіндігін қарастыруды тапсырған болатын. 

Жалпы, Елбасының өткен жыл­ғы қазан айындағы Жол­дауы­нан 2019 жылдың жастар­ға арналатындығы белгілі бол­ған сәттен бастап биыл жастар­дың несібесі артып, қорда­лан­ған мә­се­лелері шешілетіндігі анық бай­қалды. Оған қоса, бұл ерекше жылды науқаншыл­дық­қа айналдырмай, нақты мәсе­лелерге арнау керектігі аз ай­тылып жатқан жоқ.

Осы орайда, «Egemen Qazaqstan» газетінде өткен кезекті дөңгелек үстел мәжілісі де жастар мәселесіне арналды. Жиынды ашқан газет басшысы Дархан Қыдырәлі биыл ғасырлық межесін атап өтетін «Egemen Qazaqstan» газеті бұл бағытта нақты істерді қолға алғанына тоқталды. 

– Қазіргі күні басылым ұжымы да едәуір жасарғанын, жастармен толыққанын айта кеткен жөн.  2 жыл бұрын еңбек ұжымының орта жасы 57 жас болса, қазір бұл көрсеткіш 30 жас­тың төңірегінде болып отыр, – деген ол газет бетінде бұл та­қырыпқа ұдайы көңіл бөлініп, осы бағыттағы зерттеулерді жариялау, көпшіліктің талқысына шығару мақсатында «Жастар» ғы­лыми-зерттеу орталығымен өзара ынтымақтастық туралы ме­мо­рандумға қол қойылғанын айтты. 

Бұл тарапта Жастар жылына арналған арнаулы бет шы­ға­румен қатар, саладағы өзек­ті жайттарды  дөңгелек үстел басында жастардың өз өкіл­дері­мен талқылау қолға алынды. Осындай талқылауларға бұған дейін «Педагог мәртебесі тура­лы» заң жобасы өзек болса, бүгін назарларыңызға ұсы­ны­лып отырған ой-пікірлер мен тұ­жы­рымдар Жастар жылында атқарылуы тиіс жұмыстар мен назар аударылуы қажет өзекті мәселелер төңірегінде өрбіді. Жиынға Парламент, жас­тар ұйым­дары, ғылыми-зерттеу орта­лық­тарының өкілдері мен жур­налистер қатысты.

Сонымен Елбасының тап­сыр­маларын жастардың өзі қалай бағалайды және қандай үміт күтіп, қандай үлес қосады?  

Дөңгелек үстел отырысына модераторлық еткен басылымның бас редакторы­ның орын­басары Нұрмұхамед Байғара бастапқы сөзді «Жастар» ғылыми-зерт­теу орталығы директорының орын­­ба­сары, саяси ғылымдар докторы Әсем Қайдароваға беріп, аталған орта­лықтың әлеуметтік зерттеулерінің нәтижесінде анықталған, жастарды толғандырып жүрген мәселелер жөнінде сұрады. 

– Біздің әрбір сауалнамаға орташа есеппен 2000 респондент қатыса­ды. Әлеуметтік зерттеулер еліміздің 14 облысы мен Астана, Алматы, Шымкент қалаларында өтеді. Біздің анықтауымызша, қазір жастарды толғандыратын бес өзекті мәселе бар. Біріншісі – жұмыссыздық. Өкінішке қарай, зерттеулер нәтижесі көрсетіп отырғандай, елімізде жоғары оқу орындарын бітірген жастардың 35 пайызы ғана өз мамандықтары бо­йынша жұмысқа орналасады екен. Екіншісі – тұрғын үй мәселесі. Қазіргі ажырасулардың көбейгендігіне де осы баспана мәселесі тікелей әсер етуде. Оған қоса, жас отбасылардың ажырасуларына қаржы жетіспеушілігі де себеп болуда. Бұл мәселелерді сауал­намаларға қатысқан жастар нақты атап көрсетті. Үшіншісі – білім сапасы. Біз, мәселен, жастардың шетелге көптеп кетуінің себебін анықтау барысында сауалнамаға қатысқан әрбір оныншы жас сырт елдерде білім алуға бейіл екенін білдік. Бірақ олардың көбі елге қайта оралып, Отанында жұмыс жасауға ниетті. Солай бола тұра, жас­тар шетелдік оқу орындарындағы білім сапасын жоғары бағалайды. Олар, сондай-ақ шетелдік дипломы бар маманның елімізде жұмысқа орналасуында кедергі болмайды деп санайды. Өйткені қазіргі жұмыс беру­шілер де шетелдік дипломға баса назар аударады. Төртіншісі – азық-түлік пен халық тұтынатын тауарлар баға­сының қымбатшылығы. Бесіншісі – медициналық қызмет­тің сапасына көңіл толмаушы­лық. Қазір, әрине жас­тар арасында өлім-жітім азайды деген статистика бар. Бірақ бұл көрсеткіштің ауылдық жерде төмендеп отырғаны шамалы... Әсіресе жап-жас жігіттер оқыс оқи­ғалар, қылмыс салдарынан көз жұмуда. Еліміздің жастарын замандастары арасындағы өз-өзіне қол жұмсаушылық, жұқпалы аурулардың таралуы да алаңдатып отыр, – деді Ә.Қайдарова. 

Осы орайда, Мәжіліс депутаты Бақтияр Мәкен Жастар жылын заңнамалық қамтамасыз ету, арнайы мемлекеттік бағдарламалардың орындалуын бақылау турасындағы ойларын ортаға салды. 

– «Egemen Qazaqstan» басылы­мы­ның Жастар жылына арнап дөңге­лек үстел отырысын өткізуі жас ұрпақ үшін үлкен мәртебе. Ел газеті менің студенттік шағымның кезінен жас­тар проблемасын ашық жазатын бағы­тынан таймай келеді. 

Бүгінде еліміз көптеген экономи­калық қиындықтарды еңсеріп, халық­тың әл-ауқаты жақсара түсті. Оның ішінде, аталған көрсеткіштер жас­тардың тіршілігіне оң әсерін тигізіп келеді. Алайда, осыдан он-он бес жыл бұрын өзекті болған бірқатар мәсе­лелер әлі де шешімін таппай отыр­ғандығын жасыруға болмас. 

Жуырда өңірлердегі сайлаушылармен кездесу мақсатында Қызылорда облысының қиянындағы Арал ауданына барып, жергілікті жастар­мен кездесудің сәті түсті. Оның үстіне, өңір­дің экологиялық, әлеуметтік-эко­но­микалық ахуалын өз көзіммен көр­­гім келді. Сол сапар аясында қилы тағдырлы, қазағы қалың Арал қаласында орыс мектебінің сақ­талып қалғанын көрдім. Оның мәні­сін сұрағанымда, жергілікті жастар мемлекеттік тілмен қатар, орыс тілін меңгеріп, жан-жақты болуға ынталы екендіктерін байқатты. Бұл – дұрыс ұмтылыс.

Жергілікті жас мамандармен кездесу барысында «Педагог мәртебесі туралы» заң жобасында жастардың мүддесі ескерілуі керектігі айтылды. Ондағы ұсыныстарды Парламентте өз назарыма аламын. Ал жастардың жұмыссыздығына тоқталар болсам, олар көбіне тұрақты жұмыс орнының жоқтығына шағынады. Ауылдық жерлерде жастардың дені уақытша жұмыстарға тартылған. 
Қазіргі статистикаға сенсек, еліміз­дегі жұмыссыз жастардың саны шамамен 300 мыңдай делінгенімен, бұл цифрдың өзі нақты емес сияқты. Сондықтан ел көлемінде атқарылатын ауқымды шараларға жастарды мей­лінше көбірек тартуға күш салуымыз керек. Бүгінде жастарды көшеге жи­нап, ұрандатып, флешмобтар өткі­­зетін уақыт өтті. Оған қоса, жастардың өз­дері де бейтарап қалмай, өздерін қызық­тыратын мәселелерді ұсынуы тиіс. Мәселен, қызылордалық жастар ұйымдары қазір Түркістан қаласына студенттік құрылыс отрядтарын жібе­руге қамданып жатыр. Бұл – игі бас­тама. 

Ал Парламент қабырғасында Жас­тар жылын заңнамалық тұрғы­да қам­­тамасыз ету үшін тиісті заң­дар­ға өзгерістер енгізіледі. Соны­мен қатар арнайы мемлекеттік бағдар­ла­ма­лар­ды партиялық бақылау жүйесі жетіл­діріледі, – деді Б.Мәкен. 

Өзінің қызметтік мансабын жа­с­тар ұйымдарынан, жастар саясатын жүргізуден бастаған Бақтияр Мәкеннің сөзінен қанаттанған жастар дөңгелек үстел отырысындағы жарыссөз көрігін қыздыра түсті.

Жастар нақтылықты талап етеді

Қоғамдық даму министрлігі Жас­тар және отбасы істері коми­теті Ведомствоаралық үйлес­тіру және өңірлік өзара іс-қимыл басқармасының бас­шысы Асхат Ерғабылов та тақы­рып бойынша пікір қосты. 

– Жыл сайын сауалнамалар мен әлеуметтік талдауларға негізделген ұлт­тық баяндама жарияланып келе­ді. Оның қорытындысы бойын­ша біздің министрлік тарапынан мүд­делі мемлекеттік атқарушы орга­н­дар­мен келісімге келе отырып, ор­тақ шешім қабылданады. Мәселен, қазір жұмыссыз жастарды есепке алғанда көбіне жұмыс істеуге де, білі­мін жетілдіруге де құлықсыз жас­тар­дың тізімі есепке алынады. Біз былтыр осыған орай, Үкіметке тек нарыққа қажетті кадрларды даярлау жөнінде ұсыныс бердік. Оған қоса, осы мақсаттарды жүзеге асыру үшін Жол картасы қабылданды. Жалпы, мемлекет жастардың қолынан жетелеп жүріп жұмысқа орналастырмайды. Міндетіміз – тиісті тетіктерді ұсыну ғана, – деген  Қоғамдық даму министрлігінің өкілінен дөңгелек үстел модераторы «Жоғары оқу орындарын бітірген түлектерден жұмыс беру­шілердің жұмыс тәжірибесі мен екі жылдық еңбек өтілін талап ететін үдеріске заңнамалық тоқтау салуға бола ма?» деп сұрады. 

– Жұмыс берушілердің мұндай талаптарын айналып өтудің басты жолы – қолданыстағы Жастар тәжіри­бесі жобасы. Екіншіден, жоғарыда айтқан Жол картасына волонтерлік қызметті дамытып, жастардың ең­бек өтілі ретінде есептеудің жол­дары қарастырылуда. Ол үшін арнайы сайт ашылып, онда тіркелген студенттер­дің оқу орны қа­быр­ғасындағы ерік­ті қызметтерінің уақытын тіркеу жүйесі жолға қойылып, ол болашақта жас маманның еңбек өтілі ретінде есептелуі мүмкін, – деді Асхат Ерғабылов.

Осы арада әңгімеге араласқан Б.Мәкен: «Еріктілер жұмысын ұйым­дастыру мен үйлестіру – Елбасы тапсырмасы. Әлбетте, олардың басын біріктіріп, есебін шығарып отыру оңайға соқпайды. Жаңағы сайт­тың қалай жұмыс істейтіндігін, қанша­лықты сұранысқа ие боларын да болжау қиын. Мемлекет басшысының бақы­лауындағы «Жастар тәжірибесі» жоба­сын да жетілдіре түсу қажет», деген пікірін білдірді. 

Елбасы қолдаған волонтерлік қызмет жайында «Ұлттық волонтерлер желісі» ЗТБ атқарушы директоры Татьяна Миронюк: 

– Елімізде әрбір бесінші адам волонтерлік қызметпен айналысады. Бірақ олардың жұмыстарының атауы әркелкі. Қазіргі уақытта мұндай қызмет Алматы, Астана, Қостанай, Павлодар қалаларында жақсы дамып келеді. Алайда, өңірлердегі науқан­дық шараларға қатысып, жалаушасын желбіретіп тұратындарды волонтерлер қатарына жатқызуға болмайды. Жалпы, бізде волонтерлік қызметке жастардың қолдары тие бермейтіндіктен, көбіне маңызды әлеуметтік жобаларды ересек адамдар атқаруда. Жастардың күші біріктірілмегендіктен, әлеуметтік салада көптеген проблемалар ескерусіз қалуда. Оның ішінде мүмкіндігі шектеулі жандар мен зейнеткерлерге қатысты және экологиялық жобалар бар. 

Тағы бір айта кетерлігі, аймақ­тар­дағы сенбіліктерді де волонтерлікке жатқызуға болмайды, бұл әрине керек­ті, сауапты іс, бірақ орны мен ұғымы басқа. Сондықтан бұл саланы дамытпас бұрын, осындай түсініспеушіліктердің басын ашып алу қажет. 

Н.Байғара: – Көптеген мемлекеттерде волонтерлік қызмет жастарды көтермелеу үшін қолданылады. Бізде осы жүйені енгізуде қандай кедергілер бар?

Т.Миронюк: – Елімізде волон­терлік қыз­метті реттейтін арнайы заң қабыл­­данды. Осы сауапты іс­пен айналыса­тын­дарды көтермелеу жөніндегі ұсы­ныстар түсіп тұрады. Мысалы, күні кеше ғана мемлекеттік грант арқылы білім алатын жастар еріктінің қызметін атқарған күнде шәкіртақысын 30 пайызға көтеру жөнінде ұсыныс айтылды. Алайда, ақылы оқитын немесе мүлдем оқуда жоқ жастарды қалай көтермелейміз, ынталандырамыз? Ал қазір қоғамда волонтерлік қызметті жастардың еңбек өтілі ретінде есептеу мәселесі қызу талқылануда. Бірақ биз­нес өкілдерін волонтерлік еңбек өтілі бар адамды жұмысқа алуға мәж­бүрлеу мүмкін емес. Бұл ұзақ жыл­дар бойы қалыптасатын мәдениет. Тіпті дамыған мемлекеттерге тән қалып­тасқан ортақ қағида да жоқ. Сон­дық­тан осы мәселелерді жүйелеп, бірың­ғай­лайтын нақты бағдарлама қажет. 

Б.Мәкен: – Бұл істе де жастарды алалау, жіктеу болмауы тиіс. Осыдан 10 жыл бұрын шет мемлекеттерде волонтерлік қызмет дамыған екен, бізге қашан жетер екен деп жүрдік. Енді 10 жылда бұл қызмет біздің елде толық жүйеленеріне сенімдімін. Оның үстіне сауапты, қайтарымсыз істер жасау – біздің қанымызда бар қасиет. 

Ұсыныс сұранысқа сай емес

Тілектес Адамбеков, «Бола­шақ» бағ­дарламасының түлегі:

– «Мен «Болашақ» бағдарлама­сы­ның түлегімін, ауылдан шыққан жас­тардың бірімін. Осы орайда, «Егеменнің» мүдделі тараптарды бір үстелдің басына жинап, жастарды алаңдатқан мәселеге назар аударғаны қуантып отыр. 

Өз басым Қазақстан жастарын үш топқа бөліп қараймын. Біріншісі – ауылдық елді мекендерде тұратын, екіншісі – облыс орталықтары мен Алматы, Астана, Шымкент секілді ірі қалаларда тұратын, үшіншісі – шетелде оқитын жастар. Егер, аңғарып қарайтын болсақ, осы үш топ өкілдерінің ойлары да, мақсаттары да бір-біріне мүлдем ұқсамайды. Ауылдықтардың арманы – қалаға жету, қалалықтар жақсы жұмыс пен жайлы баспананы армандайды, ал шетелде жүрген замандастарымыз сол жақта қалуды ойлайды. Бұған Қытайда білім алған 14 мыңдай студенттің басын қосқан ұйымды басқару барысында көз жеткіздім. Қазірдің өзінде шетелде жүрген жастармен жиі хабарласып тұрамын.

Енді, ортақ әңгімеге көшсек, қазір баспанаға мұқтаждық туралы айтылғанымен, бұл мәселеге қатысты нақты зерттеу, талдау жұмыстары жоқ секілді. Еліміздегі «Нұрлы жер», «7-20-25» бағдарламалары да жастардың тұрғын үйге мұқтаж­дық мәселесін шешуге жеткіліксіз сияқты. Өйткені құрылыс компания­лары тұрғын үйлердегі пәтерлерді сол ғимараттардың іргетасы қаланып жатқанда сатып жібереді. Сондықтан жастар бағасы қымбат дайын пәтерді ғана ала алады. Мемлекеттік бағдар­ламаларда бұл жағдай ескерілмеген. 

Сондай-ақ сол пәтерлердің алғашқы жарнасы үшін қажетті 3-4 млн теңге жұмысқа жаңа орналасқан жастарда қайдан болсын? Міне, Жастар жылында осындай нақты мәселелер көтерілуі керек. Ал жұмыссыздықты жою үшін жастарды кәсіпкерлікке баулып, бизнестің қыр-сырына үйрету әрі арзанға әрі оңайға соғады. 

Бір айта кетер жайт, біздің жастар жұмыс пен баспананы мемлекет­тен дәметіп отырады. Мен Қытайда 8 жыл тұрып, АҚШ-та жұмыс істеген уақыт­тарымда ол дамыған мем­лекеттерде жастарға үкіметтері­­нің үй де, жұмыс та бермейтіндігіне көз жеткіздім. Жақсы жұмыс керек пе – біліміңнің озаттығын көрсет, сол жетеді. Сол арқылы бас­паналы да боласың. Қыз­меттік ман­сабың да өседі. Сон­дық­­тан біздің жастар университет қа­быр­ғасында жүргенде-ақ аспанға қарап, жұлдызды санап уақытты текке өткізбей, үздіксіз жұмыс іздеп, білімдерін жетілдіруді ойлауы керек. 

Осы орайда, журналист Ерболат Мұхамеджан Қоғамдық даму министр­лігі өкілінен жұмыссыздық пен баспанаға нақты мұқтаждықтың себептерін және олардың санын сұрады. 

Бұл сауалға Қоғамдық даму ми­нистр­лігінің өкілі Асхат Ерғабылов:  «Бұл мәселелердің себептері де салдары да жеткілікті. Қазір Қоғамдық даму және Еңбек және халықты әлеумет­тік қорғау министрліктері бірлесіп «Ұрпақ­тар келісімі» атты жобаны баста­дық. Осы жоба аясында мекемелер мен ұйым­дарда зейнеткерлікке шығуына 1-2 жыл қалған тәжірибелі мамандар өз орындарына жас мамандарды даяр­лауға міндеттелді. Әрине қазір жұ­мыссыз жастардың нақты саны белгісіз екендігін мойындау қажет. Оған қоса, статистика органдары өзін өзі жұмыспен қамтып отырғандар­ды жұмыссыздар есебіне қосып келген. Өйткені олардың көбі салық төле­мей­тіндігі және зейнетақы қорына мін­детті жарна аудармайтындығы бел­гілі», деп жауап қайырды.

Міне, пікір алуандығы, салмақ­ты жарыссөздер арқылы жастардың негізгі проблемалары осылайша нақтылана түсіп, бұдан кейінгі пікір­лер де қызу талас-тартыстармен өр­нектелді.

Әлібек Мәдібеков, Л.Н.Гуми­лев атындағы ЕҰУ өкілі:

– Мемлекет тарапынан жастардың жұмыссыздығын жоюға бағытталған тәуір бағдарламалармен қатар, біз де бұл мәселені дуалдық оқыту тәсілімен бірыңғайлай бастадық. Қазіргі уақытта көптеген оқу орындарының кафедралары өндірістік кәсіпорындарда филиалдарын аша бастады. Ондағы мақ­сат – теориялық білім мен тәжіри­бені ұштастыра отырып, білікті маман әзірлеу. Қазір біздің университет­тің Жылу энергетикасы мамандығы­ның сту­денттері Астана жылу электр орта­лығында білім алуда. 

Бұдан кейін жиын модераторы тарапынан журналист Ерболат Мұхамеджанға «Еуропада мемлекет жастарды жұмыспен де, тегін оқумен де қамтамасыз етпейді. Ал біздің жас­тарды мемлекетке алақан жайдыратын масылдық сезім билеп алған жоқ па?» деген сауалын қойды. 

– Мен біздің жастар масыл деген пікірлермен келіспеймін. Мәселен, жуырда Астанада бес баласы өртте қаза тапқан жас ана мемлекетке алақан жаймастан түнгі жұмысқа шығып кетті емес пе? Ал «Дипломмен – ауылға!» жобасы жастар үшін тиімді болғаны­мен, өңірлерде орындалуы әркелкі болып отыр. Ол әкімдердің мемлекет­тік бағдарламаны мойынсұнғандығы­на тәуелді болып қалды. Ал шекаралас облыстардан Ресейге көшіп жатқан жастарды түрткілеген қан­дай күш? Сондықтан қандай да бір бағдарламаны, жастарға қатысты шешімді қабылдамас бұрын нақты зерттеулер керек сияқты. Біз жұмыссыз жастардың нақты санын білмей отырып жұмыссыздық­пен қалай күреспекпіз? Баспанаға мұқтаждар санын анықтай алмай отырып неліктен бағдарлама қабылдаймыз? – деді Е.Мұхамеджан.

Бұл сауалдарға жауап ретінде депутат Бақтияр Мәкен: – Жастар арасында баспанаға мұқтаждық анық бар. Ал «7-20-25» бағдарламасы­н­да айтылған сындардың бірқатары халықтың ақпараттандырылмауына байланысты туындады. Иә, әрине бұл жобаға қатысуға ниетті кейбір жастардың бастапқы жарна төлеуге шамалары келмейді. Алайда бірқатар облыстарда жастарға жеңілдік ретінде бастапқы жарнаның құны бюджеттен өтелуде. Міне, осы мәселені халыққа дұрыс жеткізе білу керек. Оның үстіне, жуырда Үкімет отырысында Ұлттық банк төрағасы Данияр Ақышев аталған бағдарламаға қатысушылар саны 2,5 есеге көбейгенін айтты. Сонымен қатар алдағы уақытта жастарға Швейцария, Швеция, Норвегия мемлекеттерінің жолымен екінші дәрежелі пәтер беру ісін қарастыру керек. Оған қоса, жергілікті әкімдіктер де орталыққа иек арта бермей, өз беттерінше қамдануы тиіс. Қазір аймақтарда пәтер кезегінде тұрғындар саны 20-30 мыңнан кем емес. Мұндай қарқынмен бұл кезекті ешқашан тауыса алмаймыз, – деді. 

Осы арада депутаттың сөзін то­лықтыра түскен «Жастар» ғы­лыми-зерттеу орталығының өкілі Ә.Қай­дарова жастардың мемлекеттік саясатқа көзқарасы оң екендігіне тоқталды.

– Сауалнама нәтижелері көрсетіп отырғандай, жастардың 75 пайызы мемлекет қамқорлығы қажет деген пікірде. Осыған қарамастан, 2017 жылы Дүниежүзілік банктің тап­сы­­ры­­сымен аймақтарда сауалнама жүр­гізген уақытта жастардың тек 25 пайызы ғана кәсіпкерлік саласына қызығатынына көз жеткіздік. Жас­тардың көбі қарапайым түйіндеме толтырудың тәртібін де білмейді, оны үйрететін де адам жоқ. Тіпті көпшілігі жастарды қолдауға бағытталған мем­лекеттік бағдарламалардан бейхабар, – деді орталық өкілі. 

Жалаң жиындардан арылу

Дөңгелек үстел отырысындағы әңгіме ауаны ұзақ уақыттан бері сынға ұшырап келген жастарға қамқорлық тек жалаң жиындармен шектеле ме деген сауалға қарай ойысты. Осы орайда, «Қазақстан жастарының конгресі» қауымдастық нысанындағы ЗТБ атқарушы директоры Тоқтар Болысов: – Соңғы кездері жастарға қатысты форумдардың, жиындардың жиі өткізілетіндігі сынға жиі алынып жүр. Бірақ ол іс-шаралар осындай ашық талқылаулар арқылы өтсе, пайдалы бола түсер еді. Қазір көпте­ген жиындар алдын ала белгілен­ген бес-алты баяндамашының сөзін тыңдаумен шектеледі. Сондық­­тан да алдағы уақытта облыстардан жиналған өкілдердің басын құрап, ашық әңгімелесу пайдалы бола түспек. 

Б.Мәкен: – Бізде жекелеген бағдар­ламалар, ауқымды іс-шараларды өткізу жүйеленбегенін мойындау керек. Мәселен, тәп-тәуір «Диплом­мен – ауылға!» бағдарламасын әрбір облыс қал-қадерінше, бірінші басшы­лары­ның ниетіне сай жүргізуде. Мәсе­лен, жастарға байланысты қазір­гі Жастар және отбасы істері коми­теті үш министрліктің қол астынан өтті. Алғашқыда Білім және ғы­лым министрлігінің құрамында болып, кейін департаментке дейін төмен­детіліп, бюджеті қысқарып қалды. Қазір Қоғамдық даму министрлігінің құрамында қайтадан комитет мәр­тебесін алды. Мұндай маңызды салаға немқұрайлы қарауға болмайды. 

Арнұр Асқар, «Egemen Qazaqstan» газетінің бөлім меңгеру­шісі: 

– «Расын­да, «Дипломмен – ауылға!» бағ­дар­ламасын жалпылама түрде жемісті болды деп айтумен келеміз. Бірақ оның республикаға ортақ нақты көр­сет­кіштері белгісіз. Оның атқары­луы­на байланысты есеп беретін орган да жоқ. Мысалы, мен, күні кеше жас­тар ұйымдары­ның интернеттегі парақ­шаларына шолу жасап отырсам, бірде-біреуінен тұшымды ақпарат таппадым. Көбі­нің ақпараттары уақытында жаңартылмайды, бірқатары тіпті бос тұр. Әлеуметтік парақшаларының көбі осылай. Сонда бұл маңызды тетіктерін пайдаланбай отырған ұйымдар жастарды қалай соңынан ертпек? Бұл арада сайттардағы бар материалдардың сапасы, тілдік тепе-теңдік туралы айтуға ауызым бармайды».  

Сонымен жастардың өзекті мәсе­лелері талқылана келе сөз «Жас Отан» Жастар қанаты Астана қалалық филиалының басшысы Мархат Қасымовқа тигенде, жас көшбасшы ұйым мүшелерінің белсенді санаты аз екендігін атап өтті. Оған қоса, М.Қасымов жастардың 35 пайызының өз мамандығы бойынша жұмысқа орналаспайтындығы туралы дерекке мазасызданатындығын жасырмады. 

Жас көшбасшының бұл са­уа­лы жауапсыз қалған жоқ. Оған Жас­тар ғылыми-зерттеу орталығы директорының орынбасары Әсем Қайдарова: «Мектептерде кәсіби бағдар дұрыс жолға қойылма­ған. Мектеп түлектеріне болашақ мамандығын ата-анасы немесе тума-туыстары таңдап береді. Сондықтан жастар көңілі қаламаған мамандық бойынша оқиды да, кейіннен одан бойларын аулақ салуға тырысады. Оның үстіне бізде «беделді» жұмыстар­ға қызығушылық үдерісі басылмай тұр. Өйткені қазір жастар жұмысшы маман­дықтарынан ат-тондарын ала қашады», деп жауап қайырды. 
Осы орайда ел газетінде өндірістік тәжірибеден өтіп жатқан болашақ журналист Мөлдір Рысханқызы: «Мамандығым бойынша жұмыс табу қиындық келтірмейді деп ойлаймын. Алайда мен білімімді шетелде жалғастырғым келеді. Өйткені елімізде магистратурада оқу құны 1 млн 700 мың теңгенің шамасында. Ал шет мемлекеттерде тегін оқытып, студенттерді ас-су, жатын орынмен қамтамасыз етеді. Тек, тіл білсең болғаны. Бірақ шетелде оқысам да, еліме қайта оралар едім», – деп ой-пікірін арманымен ұштастыра жеткізді. 

Ал Мәжіліс депутаты Бақтияр Мәкен өз сөзін жастардың елдегі тыныш­­тық пен тұрақтылықтың қаді­рін білу керектігінен бастап, әрбір адам­ның тағдыры мақсатына бай­ланыс­ты екендігін және осы мәсе­лелерді тал­қылау үшін Парламент есігі жастар үшін әрдайым ашық екен­дігін жеткізді. 

Осылайша дөңгелек үстел барысында жастарды толғандыратын көптеген түйткілді жайттар мен ма­ңызды мәселелер кеңінен тал­қы­ланды. Мемлекет пен жастар және жастар ұйымдары ара­сындағы өзара байланысқа, жастарды әлеуметтік-экономикалық, саяси қолдау тетік­теріне, баспанамен қамтамасыз етуге, жұмыспен қамтуға, қоғамдық және басқа да бастамаларын дамытуға   қатысты ой-пікірлер ортаға салынды. Жалпы алғанда, біздің еліміз­де жас­­тарды қолдауға арналған мем­­­ле­кеттік бағдарламалардың көбі шет мем­лекеттерде кездесе бермей­ді. Дей ­тұрғанмен, әлі де жетілдіретін, қолға алатын жұмыстар ауқымы орасан екені анық. Олардың бір парасы осын­дай өзара талқылаулар негізінде айқын­далатыны, тиісті тараптардың мүдделерін тоғыстыратын ұсыныс-пікірлер арқылы тиімді шешімін табуға септігін тигізері сөзсіз. Жиынды қорытындылаған «Egemen Qazaqstan» газетінің басшысы Д.Қыдырәлі талқылауға қатысушыларға алғыс айтып, ел газеті бұл тақырыпты алдағы уақытта да ұдайы назарында ұстап, келелі мәсе­лелерді кеңінен қозғауды жалғас­тыра беретінін жеткізді. 

Серік ӘБДІБЕК,

«Egemen Qazaqstan» 

Баннер
Соңғы жаңалықтар

«Менің атым Қожа» – Лондонда!

Руханият • Бүгін, 12:09

Бас жүлдеге бергісіз жеңіс

Руханият • Бүгін, 09:42

«Ролан Гаррос» басталды

Теннис • Бүгін, 09:37

Ғылымға бетбұрыс

Қоғам • Бүгін, 09:12

Капитан қызы – Маша

Руханият • Бүгін, 08:57

Интернет қатерлері

Қоғам • Бүгін, 08:53

«Әдеби өлкетану» - жаңа жоба

Аймақтар • 25 Мамыр, 2019

Ұқсас жаңалықтар