
Қарғын су кідіріссіз өтуі үшін өзен аңғарларымен сабақтасып жатқан 10,2 шақырым су өтетін жыралар тереңдетіліп, ені кеңейтілуде. Әдетте мұз сеңдері кептелетін өзендердің жағасындағы бөгеттердің 9,3 шақырымы биіктетіліп, нығайтылуда.
Төтенше жағдайлар департаментіне су тасқынының алдын алу шараларын тыңғылықты өткізу үшін облыстық бюджеттен 51 миллион теңге қаражат қарастырылған. Бұл қаржы облыс аумағының үстінен ұшып бақылауға, ғарыш арқылы мониторинг жүргізуге және өзен-көлдердің алқымына кептелген сеңді жаруға жұмсалады. Аймақта айтып келмейтін апаттың алдын алуға 149,8 тонна жанар-жағармай, 5,2 мың тонна инертті материалдар, 33,4 мың қапқа салынған қатты заттар дайындалған. Бұл бағыттағы жұмыс қар көбесі сөгілгенше жалғаспақ.
Облыстың елді мекендерінен 110 мың текше метр қар шығарылды. Қауіптің бетін қайтаруға 2462 адам, 1321 арнайы техника дайын тұр. Оған қоса, 131 су айдайтын, 45 су үстінде жүзетін құрылғылар бар.
Байқал БАЙӘДІЛ,
«Egemen Qazaqstan»
Ақмола облысы