Аймақтар • 06 Наурыз, 2019

Интернатта оқып жүр талай қазақ баласы...

2080 рет
көрсетілді
11 мин
оқу үшін

Кереку өңіріндегі білім саласының басты бір мәселесі – ауылдардағы шағын мектептердің көптігі. Облыста 400-дей мектеп болса, оның 234-і, яғни 63 пайызы шағын мектептер қатарында. Бұл мектептерде 15 мыңнан астам бала білім алуда. Шағын мектепте оқитын бір оқушы үшін жылына 400 мың теңгеден 3 миллион теңгеге дейін қаржы жұмсалады. Облыстық білім басқармасының мәліметіне қарағанда, соңғы үш жылда өңірдегі ауылдарда 41 шағын мектеп жабылған. 

Интернатта оқып жүр талай қазақ баласы...

Біз жуырда шағын мектептер мәселесін аудан орталықтарында мектеп жанынан интернат ашу арқылы шешуді қолға алған Баян­ауыл, Ақтоғай аудандарына барып, мектеп-интернаттарды көріп қайттық. 

Аудан орталығы Ақтоғай ауылында интернат үйі 2017 жылы ашылса, Баянауылда 2 млрд теңге қаражат жұмсалған 600 орындық интернат үйінің құрылысы 2010 жылы аяқталып, пайдалануға берілген-ді. Бұл құрылыстың Баян­ауылдың шалғай ауылдарында тұратын балаларына арналған ин­тернат болуына Қорабай Шәкіров бас­таған сол кездегі аудан әкімдігі үлкен қолдау көрсетті. 

Алдымен аудан орталығы Баян­ауыл­­дағы Ш.Айманов атын­дағы 

 мек­теп-интернаттың тыныс-тіршілігінен бас­­тап кө­релік. Мектеп-интернаттың дирек­­торы Салтанат Досмағанбетова­ның ай­туынша, бұл күндері 446 оқушы бі­лім алуда. Оқушылардың 200-і интер­нат тәрбиеленушілері. Бір ауысымда оқуға толық мүм­кіндік бар. Интернатта тұрып жат­қан оқушылардың әлеуметтік жағдайына келетін болсақ, аз қамтамасыз етілген отбасынан 8 оқушы, 21 көп балалы отбасынан 104 оқушы, толық емес 12 отбасыдан 17 оқушы, жартылай жетім 7 оқушы, жағдайы төмен отбасынан 10 оқушы оқиды. Интернатта 18 тәрбиеші жұ­мыс істейді. Интернат бөлмелері таза, кең. Балалардың сабаққа дайындалуына, бос уақытын өткізуге, демалуларына барлық жағдай жасалған. Жуыну бөлмелерінде суық су, ыстық су бар, кір жуу машинасы, кептіргіш машина, киім үтіктеу орны жұмыс істейді. 

– Басты міндет – шалғай ауылда тұратын отбасы балаларының білім алуына мүмкіндік жасау. Мысалы, 1 сыныпқа 8,9 жастағы балалар да келген жайлар кездесті. Біздің әлеуметтік педагог осы ауыл­дардан келетін Туу туралы куә­­лігі жоқ кейбір балалардың құжаттарын әзірлеумен айналысады. Бірінші сыныпқа оқуға келген балаға осында үйренгенше өз отбасының балаларымен бірге бір бөлмеден орын беріледі. Ин­­тернатта балалар күндіз-түні мұ­ғалімдер, сынып жетекшілері, тәр­биешілердің бақылауында. Интернат үйінде, мектепте 60 бейнекамера орнатылған. Мұғалім – сабақта, тәрбиеші – сабақтан тыс уақытта, аспазшы тамақ пісір­генде, от жағушы жылуға жа­уапты дегендей, қызметкерлердің әр­қайсысына жауапкершілік жүк­телген, – дейді Салтанат Сейіт­жанқызы. 

Шалғай демекші, ауданға Май­­қайың кенті және Баянауыл, Ақсан, Бірлік, Жаңажол, Жаңа­­тілек, Қаратомар, Құндыкөл, Күр­к­елі, Қызылтау, Лекер, Сәт­баев, Торайғыр, Ұзынбұлақ аталатын 14 ауылдық аумақ қарайды.

Аудан әкімдігінің мәліметінше, бұрынғыдай емес, ауылдың саны да, халқы да азайып барады. Бұл­ күндері тау баурайында қал­­­­­­­­­ған ауыл­дарда мал өсірген ауыл­ша­руа­­­шылық кәсіпорындары мен 261 шаруа қожалығы бар. 

Бұған қоса 414 жеке бөлімше­лерге айналған, шалғайда жатқан шағын ауылдар бар. Құжаттарын жөндеп, жаздырып алуға 

аудан­­­ ор­­талықтарына да жете ал­­­май­­­­­­ды. Шалғайда жатқан бұл бө­­лім­­шелерде тұратын отбасы­лардың ұл-қыздарын білім алуы үшін аудан орталығындағы мек­теп-ин­тер­натқа әкелу де аудан әкім­­­дігінің басты жұмысы. 

– Балаларымызға мектеп-интернатта барлық жағдай жасалған. Біз ризамыз. Ұл-қыздарымыз оқы­сын дейміз. Тәрбиешілер барлығын қадағалайды. Менің үш қызым осы мектеп-интернатта білім алуда, – дейді Темірбек Құр­манов. 

– Интернаттағы тәрбиелену­шілердің ата-аналарымен мектеп тығыз байланыста. Оқу ор­ны жыл бойы «Ашық есік күн­дері», даярлау курстары, лекто­рий, ата-аналарға арналған кеңес­тер, кездесулер өткізіп, тесті­леу, пси­хологпен сұхбаттар жүргі­зеді. Аудандағы мәдениет үйі, өнер және спорт мектептері, іш­кі істер, ішкі саясат, төтенше жағ­дай бөлімдері, аурухана, жас­тар орталығы, ұлттық паркпен бірле­се қызмет етеміз, – дейді С.Сейіт­жанқызы. 

– Ата-аналармен байланыс­та қа­зір еш қиындық жоқ. Ұялы телефон арқылы хабарласамыз. Жиналыстар, іс-шаралар, мектеп-интернатының жұмысына қатысу, сенбі, жексенбі күндері келіп кету демекші, ата-аналар балаларымен, мектеппен байланыс орны­ғуына толық мүмкіндік бар. Интернатта жұмыс істеу тәртібі ашық, кез келген күні баласына келе алады. Отбасылық мерекелерге жібереміз, – дейді Э. Салықова.

Сонымен бірге аудандық бюджеттен бөлінген қаражатқа интернат тәрбиеленушілері күніне 5 рет тамақтанады. Мектеп интернатта 300 орындық асхана, түрлі пән кабинеттері, роботтехника, шахмат үйірмелері, ІТ-класс, коворкинг алаңы бар кітапхана, спорт залы, гимнастика залы, шеберханалар, спорт алаңы, жеке медициналық блок, жылыжай жұмыс істейді. 

Биология пәнінің мұғалімі Қар­лыған Смағұлованың айтуын­ша, жылыжайда гүл, қияр, қызанақ өсіреді. Мектеп-интернат ауласын көгалдандыру үшін ағаштар егіп, суарып, күтіп баптайды. Ақпан айында жылыжайдан оқу­шылармен бірге 12 кило қияр жинап алыпты. Қызанақтары гүлдеп, жемістері түйіндеп келеді.

Директордың орынбасары Э.Салықованың айтуын­ша, медбикелер, балалар дәрігері тәулік бойы медициналық бақы­лауда қызмет атқарады. Тиісті дәрі-дәрмек формуляры бойынша тегін дәрі-дәрмекпен толығымен қам­тылған. 

Сабақтан соң, интернат тәр­бие­­ленушілері қосымша білім бе­ру кестесі бойынша мектеп кө­­лі­гімен Жаяу Мұса атындағы өнер мектебіне, Балалар және жас­­өспірімдердің спорт мектебіне ба­рады, үй тапсырмаларын орындайды, тәрбие сағаттарына, басқа да рухани іс-шараларға қатысады. Кешкі астан кейін музыка тыңдап, кітап оқып, теледидар көреді. Тен­нис, шахмат, тоғызқұмалақ ой­найды. 

– Мектеп-интернатымызда 2007 жылдан бері гимназия сыныптары, 2012 жылы түзету – дамыту сыныптары ашылды.­ Инк­люзивті білім беру дең­гейі­не жет­тік. Мақсат – аз қам­тама­сыз етіл­ген, көп балалы от­ба­­сылардың, да­рынды және мүм­кіндігі шектеулі балалар үшін жан-жақты табыс­ты адам қа­лып­­тастыру жолында барлық мүм­кіндік жасалуда, – дейді С.Сейіт­жанқызы. 

Интернат тәрбиеленушілері мен мектеп оқушылары «Баян­­ауылда экологиялық велотуризм» атты әлеуметтік кәсіпкер­­­лік жобасына қатысады. Соны­мен бірге жаңартылған білім бағдар­ламасына сәйкес мектеп-интернатының жұмыс кес­тесі 5 күндік оқыту жү­йе­сіне сәй­кес оқытылады. Сенбі, жек­­­сен­бі күндері оқушылардың бос уақытын тиімді өткізу, шы­ғар­машы­лықпен, ғылыми жұ­мыс­тармен айналысуға ықпал ету қарастырылған. Оқушылардың ғылыми жобалар қорғаудағы, пән олимпиадаларындағы көр­сет­кіштері жылдан-жылға жақ­сарып келеді. Аудандық, облыс­тық, республикалық өнер байқау­ларына қатысады. 

Ер балаларға, қыздарға арнал­ған шеберханаларда қолөнер, ағаш өңдеу, іс тігу үйірмелері қарас­тырылған. Жыл сайын мек­теп-интернатта 7-8 сынып оқушы­лары арасында химия, физика, математика, география, информатика, биология пәндері бойынша халық­аралық Сәтбаев олимпиадасы өтеді.

Ал аудан орталығы Ақтоғайда орта мектептің 1-қабаты интер­нат­қа лайықтанып қайта жаб­дықталыпты. Интернаттың іші-сыр­ты жарқырап тұр. Бұл игі істі ауданның бұрынғы әкімі Ағыбай Әмрин қолға алып, ауыл балаларына жанашырлық танытты. Яғни, ауданға қарасты Шолақсор, Жоламан, Приреченск, Жалаулы ауылдарынан 11 оқушы тұрып жатыр. Бір өкініштісі, мұнда ба­ла саны аз, әлі де болса өңірдің бас­­­­қа да ауылдарында тұрып жат­­­­­қан кейбір ата-аналардай ин­тер­­­­натқа деген сенімсіздік бар се­­­кілді. «Балаларым қасымда бол­­­­­­­сын, шағын мектеп болса да оқи берсін», – деген ойда. Ата-ана­лармен тұрақты насихат, таныс­тыру, заман ағымына сай білім беру жайлы жұмыстар жеткілікті жүргізілсе, ата-аналардың да көз­қа­растары өзгеріп, интернатқа қарай бет бұрар. 

Ал өңірдегі басқа аудандар­да, мысалы, Аққулы, Май, Пав­лодар, Железинка, Тереңкөл, Ертіс аудандарында, 30-дан аса шағын ауылдары бар Екібастұз бен Ақсу қалаларында интернат жоқ. Аққулы ауданындағы 23 мек­тепте 1775 оқушы ғана қал­ған. Аудандағы Шарбақты ауылын­дағы ауылдық интернатта 15 ба­ла бар. 

Өңірдегі шағын мектептердің көптеген оқушылары екі ауыл ара­сында жылдар бойы тасымал арқылы оқуда. Биыл әкімдердің есе­бінде тұрғындардың кө­бі ес­кі, тоз­ған автобустар­мен барып оқып жүр­ген бала­ла­ры­ның қауіпсіздігіне алаң­­дай­тын­дықтарын айтты. Екін­шіден, аудандық әкімдіктер ауыл­да­рын­­дағы шағын мектептер жабыл­са ауылдан ел кетеді, ауыл­ды сақтап қалу керек дейтін ұстаным­да. 

Алайда, бұл бастаманы ауыл­дан ел кетпес бұрын жасап, суын, жолын жөндеп, әлеуметтік мәсе­ле­лерді дер кезінде шешу керек еді. 

Облыстық білім басқармасы мамандары да шағын мектептер жабылмайтынын айтады. «Сақтап қаламыз, 32 шағын мектеп қайта құрылмақ. Әр ауданға оң­түстіктен қоныс аударған 5-6 отбасы балаларымен келеді», дей­ді.

Бірақ мәселе қоныс аударып келген тұрғындарға жағдай жасау­да ғой, балаларын жетектеп келген отбасыларға ең керегі бас­пана, жұмыс тауып бе­ру керектігін де ойланғанымыз жөн.

2007 жылы қабылданған елі­міз­дің «Білім туралы» заңында «Мем­лекет тұрғындар саны аз ауыл­дарда тұратын балалардың бас­тауыш, негізгі орта, жалпы орта білім алу құқықтарын қам­тамасыз ету үшін шағын жи­нақ­ы мектептер мен интернат ұйым­дарының жұмыс істеуіне кепіл­дік береді» деп көрсетілген. 

2011 жылдарға дейін өңірдегі Май, Шарбақты, Железинка, Пав­лодар, Успен аудандарында, Екібастұздың Ақкөл, Өлеңті ауылдарында шағын интернаттар болды. Кеңес өкіметі кезінде әрбір облыс, аудан орталықтарында мектеп-интернаттар жұмыс істеді. Ал қазір интернаттар саны азайған. Сондықтан Баянауыл мен Ақтоғай аудандарындағы интернаттардың қызметі басқа аудандарға да ой салар деп ойлаймыз.

Өйткені шалғайдағы ауыл ба­лаларының оқып, білім алуы үшін әрбір ауданға интернат қажет. Бұл жайында «Нұр Отан» пар­тиясының ХVIIІ съезінде Елбасы айтып өтті. Мектеп интер­наттар ауыл балаларының сапалы білім алуын қамтамсыз етіп қана қоймайды. Сонымен бір­ге аймақтар арасындағы өмір сапа­сының теңсіздігін жоюға да ықпал ет­пек. 

Фарида БЫҚАЙ,

«Egemen Qazaqstan» 

Павлодар облысы