2019 жылдың 2-3 наурызында Қызылорда қаласындағы «Белкөл» кентінде және Қызылорда облысындағы барлық аудандардағы тұрғын үйлерде кезекті рейдтер өткізілді. Қызылорда облысы ТЖД қызметкерлері жадынамалар таратты, әңгімелер жүргізді, тұрғындарға өрт қауіпсіздігі ережелерін сақтау туралы айтты, пеш, газ, жылу және электр жабдықтарын пайдалану ережесін түсіндірді. Жеке сектор тұрғындарын өрт қауіпсіздігі талаптарын сақтауға оқыту өрттің пайда болуының алдын алады, себебі статистика бойынша өрттің 75%-ы жеке секторда орын алады. Тұрғындар өрт болған жағдайда өзін қалай ұстау керектігін жақсы білуі қажет, өйткені дұрыс әрекет ету оның мүлкін ғана қорғап қалмайды, сонымен бірге өз өмірін де сақтап қалады.
Әрбір адам өзін, балаларын, туыстарын қайғылы жағдайлардан қорғау үшін қарапайым ережелерді сақтау қажет:
1. Жер учаскесінің аумағы жанғыш қалдықтардан, қоқыстардан, ыдыстардан, түскен жапырақтардан, құрғақ шөптерден және т. б. уақтылы тазартылуы тиіс.
2. Тұрмыстық газ аспаптарын газбен жабдықтауға арналған газ баллондары (жұмыс және қосалқы) ғимараттан тыс жапсарлас құрылыстарда (баллондардың жоғарғы бөлігін және редукторды жабатын шкафтарда немесе қаптамалардың астында) орналасуы тиіс.
3. Өрт қауіпті кезеңде балалармен және жасөспірімдермен түсіндіру жұмыстарын жүргізіңіз. Ешқашан балаларға сіріңкемен ойнауға жол бермеңіз;
4. Жылыту құралдары мен пештерді пайдалану кезінде сақ болыңыз;
5. Тек ақаусыз электр құралдарын, штепсельді розеткаларды ғана пайдаланыңыз, электр сымдарының оқшаулау жағдайын қадағалаңыз;
6. Төсекте, қорада, шатырда, жанғыш материалдарды сақтау орындарында темекі тартпаңыз, сөндірілмеген сіріңкені, темекі тұқылын тастамаңыз;
7. Үйден кетер кезде теледидарды, жарық шамдарын, барлық электр қыздырғышты және газ аспаптарын сөндірілгеніне көз жеткізіңіз.
Тұрғын үй секторындағы негізгі бұзушылықтар пештердің ақаулығы, көзге көрінетін зақымдары бар электр сымдары мен электр жабдықтарын пайдалану, тез тұтанатын сұйықтықтарды ауладағы құрылыстарда нормативтік мөлшерден асатын көлемде сақтау болып табылады.
Осы рейдке Қызылорда облысы ТЖД және оған қарасты мекемелерден 279 қызметкер жұмылдырылып, 4782 үй араланып, 20430 адамға өрт қауіпсіздігін сақтау жөнінде түсіндіру жұмысын жүргізді.