***
Қандай қызық көктемменен кездескен –
Бақыттан жылаған.
Күрсіндіріп, күз келгенін сезбестен,
Күнге ұнаған...
Қандай қызық көктемменен кездескен –
Қимай қарасқан.
Ақыл-ойдың ну орманын кезбестен,
Адасқан...
Қандай қызық орамалмен кездескен –
Сүрткен көзіңді.
Һәм шығару ертең ерер сөзді естен
Және өзіңді.
Қандай қызық орындықпен кездескен –
Теңізге қараған.
Тіршіліктің тізіміне енбестен,
Сағат санаған...
Қандай қызық ағынменен кездескен –
Алыс сүйреген.
Берекесіз дүниеден безбестен,
Қайта билеген.
Қандай қызық жапырақпен кездескен –
Жаңа таңы атқан.
Көшелерде күндіз-түні көз көшкен
Күліп баратқан...
Қандай қызық қызғалдақпен кездескен –
Саған терілген.
Содан кейін самал желге жолда ескен
Жақсы көрілген.
Қандай қызық теңізбенен кездескен –
тұзды су алған.
Ешкімге де, ештеңеге сенбестен,
Қуанған...
Гүлнәр САЛЫҚБАЙ
***
Бәйшешектер он күн ғана өмiр сүредi екен.
Автор
Қыс таусылды.
Қалды алыс сары жiбек күз.
Ертең-ақ құлпырады үлбiреп түз.
Келiп қалған көктемнен зәресi ұшып,
Шатырдан құлап өлдi су жүрек мұз.
Шуағына тәнті боп өрт аспанның,
Ақ бұлақ таңдай қағып қолпаштар мың.
Маужырап күн шуаққа жонын тосар,
қартайған қу сүйегi жартастардың.
Көктем келдi көгiлдiр.
Жылыды бақ.
Тiршiлiкке жүгiрдi тiрi бұлақ.
Кемiредi ақ күшiк жоқшылықты,
қоғамның бiр бұрышына тығылып ап.
Өттi-ау өмiр!
Тоқтамас ағыс мүлде,
қысқа ғұмыр қарайды алыс күнге.
Күлiп тұрып және де жылап тұрып,
Бәйшешектер билейдi қар үстiнде.
Оңайгүл ТҰРЖАН
***
Ханамиде,
Сакура гүлдегенде,
Шие ағашын мадақта,
Күнде кел де,
Жүрегіңе жеткендей бейіш лебі,
Фудзи жақтан жел демі үрлегенде.
Әппақ гүлі ағаштың – ерекше гүл,
Күлкі сыйлар аралға бөлекше бір,
Сайгётанка арнаған,
Басё– хайку,
«Сакураны саялап, – деп, – өтсе өмір...»
Фудзи тауын бөктерлеп жүрер тірлік,
Ұмытарсың мұңыңды бірер күндік.
Қырғауылдар қиырдан сәлем жолдап,
Беріледі тылсымнан бір еркіндік!!!
Көктем келді – Жыл келді, гүлденді аймақ,
Жадырайды жабырқап жүрген бейбақ.
Сарқырама биіктен түседі ыршып,
күлтемен қауышар күндерді ойлап...
Күншығыста – сакура гүл жарғанда,
Қол жеткендей болады күллі арманға.
Сакэ ішеді самурай шөлін басып,
Асқақ қарап, Өткінші бұл жалғанға...
Жанат ӘСКЕРБЕКҚЫЗЫ
***
Даланы сүйіп қайтса таң самалы,
қарағай қаладағы ән салады…
Жаныңнан пыр-пыр ұшса аққу-өлең,
Жүректің сезілмейді-ау шаршағаны…
Ақпанның артта қалып дауылдары,
Ақкөңіл бұлттың бәрі ауылдағы –
аңқылдап жауып кетсе Ақтөбеге!.
Жүректің ұмытылар ауырғаны…
Бұл көктем…көктем емес, тылсым ба еді?
Бұл өмір өмір емес, қыршын ба еді…
Күркіреп бір найзағай ойнап кетсе –
Жүректің білінбес ед күрсінгені!..
Күндердің қызылы не, күреңі не…
Бір дүмпу беріңдерші Жүрегіме!..
Жанна ЕЛЕУСІЗ
***
Сіз жай ғана әлеміме еніңіз,
Дәл мендей боп тарылады деміңіз.
Қайраңдағы қайран балық тұншығып,
– Өлдім! – десе, шын айтады ол, сеніңіз.
Бірінші боп хабарлашы көктемді.
Құтқарып қал ой түбіне шөккенді.
Бірінші боп «Қайырлы таң!» дей салшы,
Керегі жоқ көп нүкте де, көп белгі.
Қарда өскен бәйшешекті қолда шын,
Ерте оянған, еркелік-ау, тоңбашы.
Бақыт деген таудай шығар деп жүрсем,
Бақыт деген нәрсе екен ғой болмашы.
Танагөз ТОЛҚЫНҚЫЗЫ
***
Өзің жайлы арманымның түсі аппақ,
Өзге дүние кетсін құм боп ұсақтап.
Екі кештің ортасында отырам,
Елесіңді есім кетіп құшақтап.
Үрей сазын сарнатқанда ұлып түн,
Үнсіз ғана үрлеп шоғын үміттің.
Қарашығым қара аспанға қадалып,
Қанша көктем ауысқанын ұмыттым.
Күрең үстел. Күңгірт бөлме. Көк шамдал.
Мұң арылмас мың бір шырақ жақсам да.
Ауық-ауық ауыр ойға шомдырды,
Алабөтен жамыраған ақшамдар.
Сұп-суық ай. О, не деген сұғанақ,
Көк сәулесі көк пердеден сығалап.
Сырыма ортақ болмақшы ғой бұл- дағы
Менің дертті жүрегімді дуалап.
Өшпенді түн. Өң менен түс арбасып,
Жаза алмадым бұл жырдың да жалғасын.
Жұлдыздардың бұлдырады жанары,
Боз таңнан бір хабар келіп болмашы.
Түсі аппақ өзің жайлы арманның,
Тылсымыңа тіл жетпейтін арбалдым.
Тек өзіңмен тілек қосқан күндерден,
Абайсызда аулақ кетіп қалғанмын.
Жолығар ма екенбіз...
Әлия ДӘУЛЕТБАЕВА
***
Әй, дегенмен, бесінші бір маусым бар...
Тыныштықбек
Төрт-ақ маусым, төрт мезгіл, төрт құбыла,
Талайына пенденің шақ ғұмыр, ә?!
Бір маусымнан көшкенше бір маусымға,
Басыңнан да көшеді бақ құбыла.
Бақ көшеді, қонады қайда барып,
Ақын отыр аларып, Айға налып.
Құлагер-қаламына мініп алып,
Қалыңдық іздеп кетті бойдақ әріп.
Аспанда алақанын жайған Ай-ды,
Алайда ол да бізді ойламайды.
Қаламын жетектеген әріп-ақын,
Қағаздың аппақ тәнін аймалайды.
Тағдырдың тісін санап кетілмеген,
Келеді ақын тобыр, нөпірменен.
Екі ғасыр өмірге бұрын келіп,
Еліне жаны ашиды жетілмеген.
Ес – бүтін, ақыл – аман, сана – сергек,
Өмір өзі жүзіңе салады өрнек.
Бесінші бір маусымды күтіп ақын,
Бейітінің басында қала бермек.
Қыс өтер көрпелері құрақтанып,
Көктем келер көзінен шуақ тамып.
Жаз бен Күз, сонан кейін тұрады ылғи,
Тағы да бір маусым бар сияқтанып.
Төрт маусым жол тартады кезеңдерге,
Тағдырдың талқысына төзер мен бе?
...Беу, ақын, бұ жақта емес, бақи жақта,
Бесінші маусым барын сезем мен де.
Асылзат АРЫСТАНБЕК
***
Бәрінен шаршап кеттім:
Жанымды мұздатқан көктемнен,
Жүректі сыздатқан өткеннен.
Ап-ауыр азапты шегуден,
Үн-түнсіз жасымды төгуден.
Мәні жоқ ғұмырды кезуден,
Қажет еместігімді сезуден.
Көліктер сабылған көшеден,
Айыптай беретін кешеден.
Үмітім тоналып қалғаннан,
Алдамшы бес күндік жалғаннан.
Шаршадым таусылмас мұңымнан
...Ештеңе шықпады бұнымнан...
Құралай ОМАР
***
Көктем дейді...
Көңілімде күз менің.
Қарсы алмадым қайтқан құстың тізбегін.
Қанатына хат жазар ем...
Жазбаймын.
Бүгін менің санам суық, аз қайғым.
Алыстамыз. Менде - шер де, Сізде – мұң.
Сағынасыз?
Сағынбайсыз! (Сағынар...)
Кім бар екен біздің құсни халді ұғар?
Аз дейсіз бе, мына дүние-ғайыпта,
Мен секілді,
Сіз секілді,
Адасып,
Біз секілді тоғыспаған тағдырлар?
Сыртта жаңбыр...
Жасы емес ол аспанның,
Мен де енді жыламаймын.
Басқамын.
Көктем, күз бе, мезгілдің жоқ берері,
Қу жаныма бұл өмірден керегі –
Тек Сіз аман болыңызшы, асқарым!
Бақытгүл БАБАШ
***
Гүл-Көктем жетсе аптығып,
Қаларсың қалай аңғармай.
Дауыстың бәрі сап тынып,
Құс үні ғана қалғандай.
Біз жаққа жетсем деуменен,
Сарқылған шығар күш талай,
Сарнатып әуен кеудемнен,
Сағынтып жеткен құстар-ай.
Дос санап барлық адамды,
Ұя да салдың бұтаққа.
Көктемді күткен ғаламды,
Қанатыңменен құшақта.
Қарасаң сонау алысқа,
Көрінер ме екен түп шынар?!
Жер деген, бәлкім ғарышта
Қалықтап жүрген құс шығар.
Көңілімді шат қып көтерген
байланып қалдым бір үнге.
Бір күні сөйлеп кетем мен
Қанатты құстың тілінде.
Сағыныш НАМАЗШАМОВА
***
Мен осы ғажайыпқа сенем-ау көп,
«Қуаныш пен шаттыққа бөлер-ау» деп.
Сол күнді сағынышпен тосам жиі,
Көктемін көңілімнің «Келер-ау» деп.
Мұңайып, жүрек қанша сыздамады,
Жанымда жүр сол шақтың ызғары әлі.
Мен аңсаған бір көктем келеді әлі,
Ауыспай ма, Қашанғы күз болады?!
Қарсы алсам қуанышпен таң нұрларын,
Күтемін көктемімнің жаңбырларын.
Сол көктем жеткізеді кеудемдегі
Керемет күйсандықтың сан жырларын.
Жүректе аялаған ән құндағын,
Тербеткен жыр желкенін тағдыр барын!
Салатын ол көктемнің әні ерекше,
Оранған жасыл желек сәні ерекше
Тамаша құбылыс дер көктем деген,
Көңілдің періштесі елең етсе.
Сылдырап жылғалардан су ағады,
Су ағады, естіліп бұлақ әні.
Даланы көріп тұрып гүл жайнаған,
Менің қос қызғалдағым қуанады.
«Көрсем, – деп, – жайқалғанын жасыл жырдың»,
Сенімнің сан моншағын қасыма ілдім.
Бір сурет көз ұшында сағымданып,
Көктемді көңілімдегі тосып жүрмін.
Нұргүл МАУЛИНА
***
Көктем кеп, көк майсасын төсеген бе,
Гүлдер өлең оқып тұр көшелерде!
Жиырма төрт жыл жүрегім жайқалғалы,
Қанша көктем қалды екен пешенемде?!
Көктем кеп, көгерткен бе айналаны,
Қыз-ғұмыр қыр басында ойланады.
Көбелек-көңіл құрғыр алып-ұшып,
Көктемнің бұрымына байланады.
Гүл-әлем, шымылдығын ашқаны ма,
Көркемдік, қонап алды аспаныма.
Түннің ғана исі шығушы еді-ау,
Күннің исі сіңіпті шаштарыма!
Шынымен, қанат бітіп ұшқаным ба?
Ғашық боп қалсам қайтем, қас-қағымда?
Әр сәулесін кеудеме құйып тұрмын,
Айырбастап ала алмай басқа мұңға.
Көктем кеп көк майсасын төсеген бе,
Гүлдер өлең оқып тұр көшелерде!
Динара МӘЛІК
***
Көктемді ертіп келемін! Көктемді ертіп!
Көп өкінген екенмін өткенге елтіп...
Мұңлы адамша жыласам, сөкпеңдер түк,
Жынды адамша қуансам, сөкпеңдер түк!
Көктемді ертіп барамын, қайда барсам,
Жараса ма Гүлден Тәж байлап алсам?
Ренжімеңдер шаттанып, күлімдесем,
Ренжімеңдер біртоға ойға қалсам...
Бір естілмей дауысы, бір естіліп,
Өткен сәттер қалады кіл ескіріп...
Жүректегі Күн нұрлы Көктемімнен,
Барлығыңа берейін үлестіріп!
Жалған жеңіп соңында, Жыр ұтылып,
Сен де сонда кетерсің ұмытылып...
Көктем деген – көнбейтін "Ұмыт, ұмыт..."
Көктем деген – сөнбейтін Үміт... Үміт...
Жадыра БАЙБҰЛАНОВА
***
Қалай қалың?
Жүрсің бе аман, текті адам?
Осы сені іздегенде, кеудемде,
Жүрек емес, сыздауық бар деп қалам...
Әлем-ғашық,
Жүрек сынды сыздайды екен бүр деген,
Жарылардай демінен, көктем-қыздың үрлеген.
Жылп-жылп еткен жылғадан,
Кең дүниенің етегі,
Мың сан рет тазарып,
Сан мың мәрте кірлеген.
Келесің бе?
Сағынышым, сарала қаз қаңқылына ұласты.
Саңғырықтан кірлемейді Күн асты.
Амалсыздан ақтап алып өзіңді,
Айыптаймын ашылмаған құлашты.
Хаос кеше үркіп ұшқан қансырап,
Қанатынан мұң-үйлесім тамшылап,
Үнің сенің өткен шақта тұншықты,
Үйлесімдер тамған тұсқа гүл шықты.
Көктем сайын күшіктеді жүз үміт,
Біз үмітке қарай бердік сүзіліп.
Қай көктемде кеп тұрады екенсің,
Мейірімсіз мезгілдерге мүжіліп?..
Айнұр ТӨЛЕУ
***
Жүрсем де ойлап күн қатып,
Жүрекпен үнсіз тіл қатып.
Таңдардың қағып қанатын
Сағына білу – бір бақыт...
Сүйгізіп күнге маңдайын,
Бақытын күткен жандайын.
Жырыма жыр боп қосылшы,
Әніңді ән боп жалғайын.
Көңілмен көктем ұғыстық,
Күндердің үні, сыры ыстық.
– Сүйемін!
– Тыныш! Үндеме!
Бақытым қалар тыныштық.
Мақпал МЫСА
***
Көктем жайлы адамдар босқа айтады,
Еске алғысы келмейді ештеңені.
...Біздің жаққа Құстар да кеш қайтады,
Біздің жаққа Көктем де кеш келеді...
Күту...Күту – Мендегі Төзім – шынар,
Ұғыңдаршы, шықса егер наз-үнім көп.
...Бір Бақытқа асыққан өзім шығар,
Көктем, сенің ешқандай жазығың жоқ!
Қанатында Құстардың кеткен Күлкім,
Жылатады Жанымды. (Неге есімде?)
Кешіксе де келеді Көктем бір күн,
Ал, Сен ше? Келесің бе?
Нұргүл ОҚАШЕВА
***
Көңiлiмдегi көктемдi күткем...
күткем...
Келмеді.
Қуанып қызыл көйлегiн кидi қыз бiткен –
Жердегі.
Гүл өспей жатып семгенi,
Сағына алмаса-ешкімiң.
Кеш, күнiм.
Көктем келді деп қуанды құрбым –
Көрмедiм,
Естiдiм.
Кiнәлi мен бе?
Көктем бе?
Көктем ғой... (ел сенер...)
Шын жазықтының кiнәсi – Өзгеде екен ғой,
Өкпелегiсi келсе егер.
Көп гүлдер өспес орнына өртең – қатенiң.
Қате ұғым,
көктеммен сезім келмейді!
Өткен еридi!
Кешірiм – жалғыз аты Оның.
Құндыз ЖҰБАЕВА
***
Көктем келіп оятты бүгін мені,
«Сұлуым, ең асылым, күнім» деді.
Жүрегім жас балаша жүгіреді,
Шуаққа оның сыңғыр үніндегі.
Мейіріммен құстардың тіліндегі,
Көктем өзі оятты бүгін мені!
Білесің бе, дәл солай бұл өмірде –
Ешкімге де еркелей алмағаным,
Тұңғыш рет жанымды тілімдеді...
Әлия ІҢКӘРБЕК
***
Көктем келді ағаштар бүрін ашқан,
Адамзатқа төгіп тұр жырын аспан.
Жыр дегенім – жауын ғой сіркіреген,
Табиғаттың күн кешкен ғұрпыменен.
Топырақтың нəр алам иісінен,
Тал-шыбықтың бұралған би ісінен.
Көгершіндер əн салып жыр тілінде,
Сол бір сезім билейді кірпігімде.
Бұл қалаға сырымды тағы ақтардым,
Тырсылына ғашықпын сағаттардың.
Ғашықпын Тəңірдің əр шешіміне,
Жəне өзімнің арайлы есіміме.
Шаттық іздеп несіне сандаламын
Сол шаттығы менмін бұл паң қаланың.
Кейде осылай теңіздей тасып алам,
Бар болғасын өзіме ғашық адам.
Жүрегімнің дүрсілін дүбірлетіп,
Ғұмыр кетіп барады, ғұмыр кетіп.
...Көктем келді ағаштар бүрін ашқан,
Адамзатқа төгіп тұр жырын аспан...
Арайлым МҰРАТАЛИЕВА
***
Өмірдің өксігін естідім,
Күрсініс кірпігін жұмғанда.
Сызайын жүзіне күлкінің кескінін,,
Өзім де ұмытпай тұрғанда.
Тағдыр ғой,
Жұлдыздан айырды Түн Айды
Бір ғұмыр ақты да жұлдызбен
Жымиған суреті мұңайды.
...Қаталдық қолынан шәй ішіп,
Күлкілер кей кезде дәл солай жылайды.
Біз мүмкін шатасып кеткенбіз,
О, бәлкім, "көктем" бе өткен күз?!
Шын аты – "Күз" шығар көктемнің?!
"Өмір" деп аталар -өткен мұң.
Кім айтты сағатты- уақыт деп?
Ғұмырды жылдармен өлшемен!
Кім айтты тағдырдың мұраты-бақыт деп?
Адамның арманы-басқада! Мен-сенем!
Дөңгелек ғаламшар сыртында,
Жүректің сыңарын іздейміз біз несін?
"Тағдыр" деп аталған тылсымда,
Әр адам өз-өзін іздесін!
.......................................
Айтпақшы, содан соң,
Ендігі әр күзді – көктем деп, көктемді – күз десін!...
Қарлығаш ҚАБАЙ
***
Көктемдегі ең ақырғы қар ұшқын...
Мен онымен ертеден-ақ таныспын.
Сырын айтып түсіп жатты жерге кеп,
Мен де онымен сыр айтысып жарыстым.
Соңғы қар ма? Менің адал досымдай,
Бұл көктемде қанбай тұрған хошымды-ай!
Соңғы мұң мен өкінішті жоқ қылар
Тәтті дерсің соңғы ұшқынды осындай!
Көктемде сәл жүрдім және жүгірдім.
Жүгірдім де тағы бір рет сүріндім...
Алда қандай ғажап тосып тұр екен?
Ең соңғы мұң секілденді бүгінгім.
Ай, қайсы бір жауып жатыр қар ізді,
Көктем жаққа келе жатыр ән ізгі,
Бұл көктемнің ең ғажайып сәттері
Соңғы ұшқыннан бастау алар тәрізді...
Кәусәрия СӘУЛЕХАН