19 Наурыз, 2019

Жайылымдық жер мәселесі шешімін табар емес

6053 рет
көрсетілді
12 мин
оқу үшін

Еліміздегі ауыл шаруашылығы мақсатындағы жалпы жер көлемі 220 млн гектар болса, соның 187 млн гектары – мал жайылымдары. Осы жерге қазіргі уақыттағы 30 млн мал басын қалай бақса да болады?  

Жайылымдық жер мәселесі шешімін табар емес

Бүгінде айтылған жайылым көлемі­нің 43 пайызы ғана қолда­­ныста немесе 80 млн гектары ғана игерілген. Сол себепті ауыл хал­қына жайылым жерлер жетпей отыр. Қазіргі уа­қытта, малдың кө­­­­бі қыстақ пен жайлау­дан гөрі ауыл маңында жайылады. Сон­дық­­тан ауыл маңайындағы 15-20 шақы­­рымға дейінгі жерлер азып- тозып, та­би­ғи өнімділігі жыл са­йын төмендеп келеді. Осыдан қол­­даныстағы 80 млн гектардың 27 млн гектары деградацияға ұшы­­­ра­ған. Мал жайылымы кезең­дері мен жайылымдардың жалпы ала­ңы­на түсетін жүктеменің шек­ті рұқ­сат етілетін нормаларын бұ­зу, мал жаю ережелерін мүлдем елеу­­сіз қалдыру салдарынан ауыл ма­­ңа­йындағы жайылымдар тақыр жер­ге айналып отыр. Осыған бай­­­­­­­ланысты, зоогигиеналық ахуал­­ да шиеленісіп, мал арасында ауру­лардың көбеюіне әкеліп соқ­ты­руда. Осының нәтижесінде қа­жетті және толыққанды мал өнімдерін алу мүмкіндігі азайды.

Осы жайттарды ескерген­ Елбасы «Қазақстан-2050» Стра­тегиясы: қалып­тас­қан мемлекет­тің жаңа саяси бағыты» атты Жолдауында жер өңдеу мәде­ние­тін өзгертіп, жаңа ғылыми, технологиялық, басқарушылық жетістіктерді пайдалана отырып, мал шаруашылығындағы дәс­түр­лерімізді  жаңғырту қажеттігін атап өткен болатын. Осы тапсыр­маны жүзеге асыруда, мал ша­руашылығын дамытуда еліміз­дің жер қорының 70 пайызын құрап отырған жайылымдық жерлерді, оның ішінде шалғайдағы жайылым алқаптарын қолданысқа енгізу маңызды.

Бұрын ата-бабаларымыз жыл мезгі­ліне сай көктемгі, жазғы, күзгі, қысқы жайы­лымдарды пай­­даланған. Мәселен, көк­темгі жайы­лымның нақты бір аума­ғында дәру­мендік шөптер, дала гүлдері гүлдеген кезде ғана шыққан. Осы жер­ге­ малды 10 күнге ғана жайған. Қазір­гі уа­қыт­тағыдай, жаздай бір жерді тап­тап мал қайырмаған, керісінше, ауыс­­палы жер технологиясын малдың ың­ғайы үшін пайдаланған. Енді бір ерек­шелігі – жаз айларында малды жусанды жер­ге бақпаған. Ол кезде жусанның гүлдейтін мезгілі, мал еркін жайыл­майды, сондықтан оны мал таптамасын деп қыс басталғанға дейін сақтаған. Есесіне, қыс­тың бас кезінде жусанды жайылымды мал­дың иммунитетін көтеру үшін қолданған. Тек қана қараша айында, бірінші ақ ұлпа қар түскен кезде ғана малды осындай жусаны бар жерге баққан. Осыған байланысты ақ-қара жусанда бағылған төрт түлік қыстай ауру­ларға шалдықпай, күйі таймаған. Қыс­қасы, жыл он екі айды малдың жайы­­на қарай бөлген. Нәтижесінде мал ба­сы көбейіп, табиғаттың тепе-теңдігі сақ­талған.

Айтылғандарға байланысты жайылым жерді жүйелі пайдалану тәртібін енгізу және мал бағу дәстүрін жаңғырту мақсатында, жайылым мәселесін түбе­гейлі зерттеп, зерделеп бір топ Пар­ла­мент депутаттары «Жайылымдар туралы» заң жобасын жазып шықты. Оған 2017 жылдың 20 ақпанында Елбасы қол қойып, Қазақстан Республикасының «Жайылымдар туралы» Заңы толық күшіне енді. Бұл заң бұған дейін өздігімен реттеліп келген жайылымның мәселесін ата-бабаларымыз қал­дырып кеткен ізбен ресми түрде реттелуін көздейтін ең алғашқы құжат болып отыр. 

Заң аясында еліміздің 2 548 ауылдық округінің әрқайсысы өз жерінің табиғи-климаттық ерек­шеліктерін, тарихи қалыптас­қан мал жаю дәстүрін ескере отырып, ауылдық округ және аудан­дық әкімдіктермен, жергілікті өзін-өзі басқару органдарымен бір­­лесіп жайы­лымдарды басқару және оларды пайдалану жөніндегі жос­­парды жасайды. Жос­парда ауыл округінің мал жайылатын жайы­лымдарының көлемі анық­­­талады, оның нормадан тыс пайда­ланылатын жерлерін, жері бар, бі­рақ мал бағылмай бос жатқан жер­дің иелерін анықтап, сол ар­қылы жайылымдық жерлерді, жа­йы­лым пайдаланушылар мен жер иелері арасындағы жағдайды рет­теп, нормативтік талаптарға сәй­кестендіреді. Жоспар жергілікті өзін өзі басқару органында және аудан­дық мәслихаттың отырысында қаралып бекітіледі. Бұл құжат әді­лет органдарында тіркелуден өткеннен кейін құқықтық акт болып саналады. Осылайша ауылдық округтердегі жайылымдық жер­лерді игеруде әр өңірдің өз жос­парына сай заңнамалық нормалар жұмыс істейтін болады.

Заңға сәйкес, әрбір жайылым пайдаланушы жоспарды әзірлеуге қатыса алады, яғни ауылдық елді мекендердің аумағында өзіне же­терліктей жайы­лым­дық жерді пай­дасына асыру мәсе­лесін ше­­шу оның өз қолында де­ген­ сөз. Жо­ғар­­ғы мемлекеттік ор­ган­­­дар­­­ға, ми­нистрліктерге немесе Үкі­мет­­ке алаң­даудың ешқандай қа­жет­­­тіліг­і жоқ, барлығы жергілікті жер­де, яғни ауылдық округ және аудан әкім­­діктерінің құзыреттерінде то­лық­қанды қарастырылады. Ал егер ауылдық елді мекендердің аумағында жайылымдар жетпей жатса, онда жайылымдар ауыл окру­­гінің шегінде беріледі. Бұл мә­селе аудан әкімі шешімімен жүзе­ге асырылады. Сол сияқты жер,­ аудан­ көлемінде жетіспей жатса, ол облыс­тық деңгейде шешіледі. Бұ­­ған қолданыстағы заңымыз нақ­ты мүм­кіндіктер береді. Яғни, ауданаралық мәселелер об­­лыс әкімдерінің араласуы­мен, ал облысаралық жайылымның түйі­ні уәкілетті органның ұсы­­нысымен Үкі­меттің атсалысуымен тарқатылады. Заң жүзінде жайы­лымдарды пайдалануға беру қысқаша осылай жүзеге асады.

Жоспарда жоғарыда айтып кеткендей, үш деңгейлі жайы­лымдық жерлерді пайдалану­ қа­растырылған. Біріншісі – ауылд­ық­ елді мекендердің аумағы ше­гінде орналасқан жерлерді пай­далану. Олардың жалпы көлемі қазіргі уақытта шамамен еліміз бойынша 23 млн гектарды құрайды. Бұл жерлер ауыл тұрғындарына тек қана сауын мал ба­сын ұстау бойынша мұқтаждықты қанағаттандыру үшін тегін беріледі. Дегенмен бұл жайылымдарда жалпы алаңына түсетін жүктеменің шекті рұқсат еті­летін нормалары сақталуы қа­жет, яғни жайылымдарда ба­ғы­латын мал­дың 1 гектарға шақ­қан­дағы үлесі нор­мативтен аспауы тиіс. Егер де нор­мадан асса, мал екін­ші деңгейдегі жайы­лымға не­месе ауылдық округтің же­рі­не шығарылады. Ал қазіргі кезде дәл осы жерлерде еліміздегі мал­дың 80 пайызы жайылуда. Бұл жағдай ауыл маңындағы жа­йылымдардың тозуына себеп бо­лып отыр. Тағы бір айта кетер жайт, малы бардың бағатын жері жоқ, ал жері бардың малы жоқ. Осы тең­сіздіктерді шешу үшін, ауыл­дың маңайындағы жерлер уақ малдардан, жылқылардан боса­тылып, тек қана сауын мал­ға қалдырылады. Ал егер де ауыл­дың маңындағы жайылым сауын­ малдың жайылуына жетпесе, онда Жер кодексінің 84-бабы 4-1-тармағына сәйкес мемлекеттің мұқтажын қанағаттандыру мақса­тында жетпейтін жердің бөлігі толық­тырылады.

Екіншісі – ауылдық округтер шегін­дегі жерлерді пайдалану. Олардың кө­лемі шамамен 60 млн гектарға жуық. Олар­ға ауыл­дық округтердегі жерлерді жалға алған түрлі ЖШС, АҚ, ӨК, орман және су шаруашылығы мен ай­рықша күзе­тілетін аймақтар кәсіп­орындарының жер­лері жатады. Бұлардың көбінде малы жоқ, бірақ малы бар шаруаларды жоғарыда айтып кеткендей өз жеріне жібермейді, өйткені жерді 49 жылға жалға алған. Заң аясында бұл қарама-қайшылықты шешуге мүм­кіндік берілген. Ол үшін, бұл жерлер заң тәртібімен реттеліп жайылымдық жер­лері жоқ, бірақ мал басы бар ауыл тұр­ғындарына беріледі.

Үшіншісі – шалғайдағы жайы­лым­­дар. Олар толығымен мемлекет менші­гінде. Олардың жалпы ауданы 100 млн гект­ардан асады. Бұларды шалғайдағы мал жайылымдары ретінде қолдануға болады. Алайда оған мал бағуға әлеу­меттік-экономикалық жағдайына бай­ланысты қарапайым шаруаның күші жетпейді. Сондықтан заңға сәйкес жер­гілікті ауыл округі және аудан әкім­дігі өзін өзі басқару органымен бір­лесе отырып, мәслихат бекіткен жоспарға сәйкес «жайылым пайдаланушылар бірлестігі» деген ұйымдар құ­рады. Мәселен, бір ауылдағы бірнеше отбасының уақ малын біріктіру арқылы бір отар жинақтау көзделеді. Басқа мал­дың түрлерін де осылайша бірлесе белгілі бір жайылым­да­ қайырмалап бағуға болады. Әрине, бұл жерде барлық жұмыс­тар зооветеринарлық талап­тар­ға сәйкестендіріліп ұйымдас­тыры­лып, шалғайдағы жайы­лымдар­ды қолдануға мүм­кіндік болады. Ол ауылдарда кооперативті ұйым­­­дар­ды және шағын орта бизнесті жан­дандыруға жол ашады.

«Жайылымдар туралы»­ Заң­ның бас­ты мақсаты ауыл тұр­ғын­дарының қолын­дағы малды­ (әсіресе қой, ешкі, ұсақ ірі қара, жыл­қы және т.б.), сауын малдан басқаларын, шалғайдағы шүйгін жерлерге шығарып, қыстақ пен жайлауларда ұстауға бағытталған. Бұл шара жайылымдық жерлерді тиімді пай­далануға, олардың то­зу процестерін бол­ғызбауға, нә­ти­­­жесінде жыл бойы сапалы мал шаруашылығы өнімдерін өн­діруге мүмкіндік береді. Бұған қо­са, жайылымдарды ұтымды пай­далану үшін заң шеңберінде оларды түбегейлі жақсарту мә­селесі қарастырылған. Ол­ үшін шы­ғымдылығы жоғары көп­­­жыл­­дық шөптердің сорттарын егу ар­қылы жаңа шалғын өсіру көз­делген. Сонымен қатар екпе жайылымдарының көле­мін ұл­ғайтып, шығымдары жоғары шал­­ғын өсіріп, оларға ұтымды агро-техни­калық іс-шараларды қол­данып, ғылыми негіз­делген жүйе­сін дамытуға жол ашады.

Депутаттар заңды қабылдап қана қой­­­май, оның орындалуын қатаң қа­да­ға­лауда. Дегенмен, заңды орындау бойынша уәкілетті орган – Ауыл ша­руа­шылығы ми­нистрлігінің және жергілікті ат­қарушы органдардың тарапынан заң­ның нормаларын орындау формальды сипатқа айналған. Оны депутаттардың өңірлерде сайлау­шылармен кездесу нәтижелері, ауыл халқы жергілікті өзін өзі басқару субъектісі ретінде өзінің аталған заңнан туындайтын құ­қық­тары мен мүмкіндіктері туралы білмейтіндігі көрсетеді. Оның себебі, бүгінге дейін заң­наманың нормаларын іске асыру бойынша тиісті әдістемелік, кон­сультативтік іс-шаралар өт­кізіл­меуіне, халық арасында заң­­ды түсіндіру жұмыстары жүр­гізіл­мегеніне байланысты болып отыр. Бұл уәкілетті және жер­гілікті атқарушы органдардың құ­­лық­сыздығын білдіреді деп тү­сі­неміз.

Өкінішке қарай, аталған заң қолданыс­қа енгеніне екі жылдан астам уақыт өтсе де жайылымның жетіспеушілігі, одан туындайтын түсінбеушіліктер өткір мәселе ретінде қалып отыр. Осы орайда заң мал басының өсуіне, өзіндік құ­ны арзан әрі экологиялық таза мал шаруашылығы өнімдерін шығаруды арттыруға, ауыл шаруа­шылығына арналған жерлердің тозуын тоқтатуға, ең бастысы, еліміздің байлығы болып табылатын 187 млн­ гек­тар жайылымдық жерлерді ұтым­­д­ы пайдалануға бағытталғанына қарамас­тан, оның тиісті деңгейде толық орындал­май отырғандығы алаңдатады. Сон­­дықтан тиісті органдар заңда бекі­тілген міндеттерін лайықты орындап, өз жауапкершіліктерін арттырса деген тілек бар.

Жексенбай ДҮЙСЕБАЕВ,

Мәжіліс депутаты