Ауыл • 12 Наурыз, 2019

Жақсы адам туралы бір үзік сыр

538 реткөрсетілді

Ғылымдағы өмірім  жақсы адамдарға жолығудан басталды. 1995 жылдың күзінде Тіл білімі институтының табалдырығын аттағанда Көбей ағай Шахметұлы – директор, Нұргелді ағай Мақажанұлы орынбасарлық қызметін енді бастап жатыр екен.

Келсем, елдегі қиыншылық, аумалы-төкпелі, жоқшылық бұл аймақтан сырт айналған сыңайлы, іштегі өмір басқа.

Енді қарасақ, сол жақсы адам туралы көңілден шығатындай жақсы сөз айта алмай қалыппыз. Оның себебі: ол – жақсы адам. Болды. Қазақтың осы бір сөзі бәрін мойнына алған сияқты. Жақсы адамның жақсылығынан гөрі, жақсы емес адамның жақсылығы тез көрінеді екен. Себебі жақсы деген оның болмысы екен де, ал жаман адамның ол – ерекшелігі болады екен. Сондықтан Тіл білімі институтының 1995-2009 жылғы қызметкерлерін жақсы адамның шарапатын көрген бақытты жандар деп қана  түюге болады.

Көбей Құсайынұлы, шынымен, жақсы адам еді. «Ай – ортақ, күн – ортақ, жақсы – ортақ» деп, ұжымы өзі қолдап, директорлыққа ұсынған деседі. Себебі ол кісінің бойында «Жақсының қасиеті – жарастыру» (жаманның қасиеті – таластыру) бар еді. «Жақсы көрісіп, келістіреді (жаман келісіп керістіреді)» дегендей, әр буынның өкілдерін, еркін ойлы, (кейде тентек ойлы) ғылым адамдарын ортақ іске жұмылдыра алатын қасиеті, «қас жақсының белгісі – әрі мырза, әрі құл» бола алатын ерекшелігі бар болатын. Біреуді алалағанын көрмеппіз. Жұмысқа жаңа кірген аға лаборантқа да, атағы дардай профессорға да бірдей қарайтын. Қара жұмысты да істей кететін.   

 «Жақсы адам жолдасынан белгілі» дейді ғой, Нұргелді ағай екеуі жан жолдас, жарасқан басшы болғаны соншалық бізге басқаша билік болуы мүмкін еместей көрінетін. Екеуі бастық емес, кішіге аға, үлкенге іні, құрдасқа замандас қана болып жүріп, ұжымды басқарды.

2001 жылы бірінші Алматы жақта тұрып жатқан бір бөлмелі жатақханамызды бір түрік ағайын қоярда-қоймай, қымбатырақ бағаға сатып алды. Біраздан соң үйлердің бағасы арзандап, 3-4 мың долларға қаланың ішінен екі бөлмелі пәтер сатып алатын мүмкіндік туды. Сол кезде ұжымнан ағайын көмек көрдім. Институт бухгалтері Гүлжан Қасымовна несие алғанша, қарызға ақша ал деген ақылы бәрінің басы болды. Профессор Жамал Манкеева бере қоятын ақшам болмаса да, ағайлардан ақша сұрауға көмектесем деп, мені ертіп алып, академик Өмірзақ Айтбаевтың бөліміне апарды. Ағай сөзге келген жоқ, түстен кейін келіп, қолыма 500 доллар ұстатты. Академик Рабиға Сыздық 40 мың теңге берді. Бұл ақша ол кезде 700 доллардан асатын. Әлімхан ағай Жүнісбек «Қап, саған берер едім, осы арзаншылықты пайдаланып, жиған тергенімізді салып, қызыма үй алып жатыр едім» деді. Үйге енді 500 доллардай жетпей тұр еді. Сұрайтын адам қалмады. Көбей ағайдан сұрауға батпаймыз әрі қорқам. Сөйтіп, Нұргелді ағайға келдім. Мән-жайды айтып едім, ағай ләм демеді де, шығып кетті. Сәлден соң Көбей ағайға шақыртты. Ағай қорқып тұрған түріме қарап алды да, түстен кейін кірерсің деді. Сөйтіп, «қашан қайтарасың, қалай табасың» деп, үй-күйі жоқ, 9 мың теңге айлығы ғана бар кіші ғылыми қызметкерге қоюға болатын сұрақтың бірін де қоймай, Көбей ағай қолыма 500 доллар ұстатты да жіберді. Сөйтіп, жақсы жерден екі бөлмелі пәтер алдық.

Апай, ағайлардың шын жанашырлық ниеті болу керек, ақшаларын уәделі уақытында, тіпті уақытынан бұрын қайтарып беруге Алла өзі нәсіп етті.

Ағайды қалада тұрды, орысша оқыды демесең, жаны, жүрегі, көңілі, ойы, ділі қазақ деп тұрды. Қазақы ұжымын ынты-шынтысымен жақсы көрді. Ресми басшылықта, ғылыми кеңес, жиылыстарда директормын, бастықпын деп, өзі ғана сөйлей бермейтін, көбіне үлкендерге сөз беретін, үлкен-кішіге қарай аға буынның бәрін тыңдай алатын, әркімге тұлға деп қарап, өзі сенген лауазымды кісілеріне билік беретін басшы еді. Жақсы адамның жанын көре алатын, осы қалай дегенді алыстан айнытпай танитын. Бірақ жастардың көзінше сыртынан кісі жамандамайтын. Ең қатты айтқан сөзі: ерекше интонациясы бар «Өй, мырқымбай!» еді. 

Аз сөзді еді. Бірақ саз сөйлейтін. Сондықтан мысы басатын. Ер адамның мысы. Сізде шаруасы болмаса да, сыйлағаннан қорқып жүретінбіз. Келе жатса, алдынан қия өтуге жүрексінетінбіз. Институтта нағыз даланың этикетін орнатқандай. Ашуы жаман деп те көп естідік. Бірақ бір рет те көрмеппіз. Немесе тап келмедік пе? «Шын жақсының ашуы бар, кегі жоқ» болды-ау деймін, соған қарағанда.

Жақсы атты болуды ойламаған,

Жаманатты болам-ау деп мазаланбаған,

Жеке басының даңқын шығаруға ұмтылмаған,

Шын болмысы мен табиғатынан басқалай ғұмыр кеше алмаған, ағатайымыз-ау!

«Жақсы адам кетсе, дүние кеміп қалатыны» рас екен. Кемідік. Кемідік.

Құралай Күдеринова

 А.Байтұрсынұлы атындағы

Тіл білімі институты Тіл мәдениеті бөлімінің бас ғылыми қызметкері, ф.ғ.д., профессор

Баннер
Соңғы жаңалықтар

Елбасы шешімін жоғары бағалады

Президент • Бүгін, 09:45

Несие пайызы төмендеуі мүмкін бе?

Экономика • Бүгін, 09:19

Халің қалай, ауыл мектебі?

Қоғам • Бүгін, 09:12

Ұқсас жаңалықтар