«Қытайдағы құрлық біріншілігіне негізінен жастарды қатыстырамыз. Биыл Шымкенттегі ел Спартакиадасында чемпион атанған балуандардың барлығы да Азияда бақ сынайды. Мұндағы мақсатымыз – жастарды үлкен бәсекелерде шыңдап, тәжірибе жинауына, шеберлігін арттыруына мүмкіндік жасау. Әсіресе, 57, 70, 97 келі салмақтағы жас балуандар әлі біраз ысылуы тиіс. Негізгі міндетіміз елімізде өтетін лицензиялық әлем чемпионатында жақсы нәтиже көрсету. Сол себепті, Нұр-Сұлтанда өтетін әлемдік сынға дейінгі барлық халықаралық турнирлер балуандарымыз үшін үлкен тәжірибе болмақ», - дейді бас бапкер.
Әсет Серікбаев Азия құрлығындағы басты қарсыластарға да тоқталып өтті.
«Кіші салмақтарда Жапония мен Оңтүстік және Солтүстік Корея спортшылары қарымды қарсылас атанбақ. Ал Иран құрамасы құрлықтың ғана емес, күрестен әлем үздіктерінің бірі саналады. Өзбекстанды да есептен шығаруға болмайды. Байқасаңыздар, оңай қарсылас жоқ. Десе де, балуандарымыз жүлде алуға тырысады. Алтын медаль алу қиындау соғатын шығар. Бірақ біз алтынға ұмтыламыз», - дейді бас жаттықтырушы.
Еркін күрестен Азия чемпионатына қатысатын Қазақстан командасының тізімі:
57 келі: Мейрамбек Қартбай
61 келі: Бауыржан Төребек
65 келі: Дәулет Ниязбеков
70 келі: Нұрқожа Қайпанов
74 келі: Данияр Қайсанов
79 келі: Ғалымжан Өсербаев
86 келі: Әділет Дауланбаев
92 келі: Ералы Әбдірашев
97 келі: Әлішер Ерғали
125 келі: Олег Болтин
Күрес түрлерінен Қазақстан командасы бұл күндері АІВА спорттық базасында жаттығуда. Команда 20 сәуір күні Қытайға ұшып кетеді.