Руханият • 12 Сәуір, 2019

«Ұлы Дала: тарих және мәдениет» атты көрме ашылды

1454 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Кеше Өзбекстандағы Қазақстан жылының салтанатты ашылу құрметіне орай, Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігінің қолдауымен Қазақстан Республикасы Ұлттық музейі Өзбекстан Мемлекеттік өнер Музейінде «Ұлы Дала: тарих және мәдениет» көрмесі ашылды. Бұл туралы Ұлттық музейдің баспасөз қызметі хабарлады.

«Ұлы Дала: тарих және мәдениет» атты көрме ашылды

Көрменің ашылу салтанатына Қазақстан Республикасы Ұлттық музейі директоры  Алмаз Шәйкенұлы Нұразхан, Өзбекстандағы Қазақстанның Төтенше және өкілетті елшісі Дархан Сатыбалды, Өзбекстан Республикасы Мәдениет вице-министрі Камол Акилова, Өзбекстан Мемлекеттік өнер музейінің директоры Васила Салихқызы Файзиева қатысты.

Көрме ашылар алдында бұқаралық ақпарат  құралдары өкілдері үшін баспасөз мәжілісі ұйымдастырылды. Шараға екі мемлекеттің ресми делегация өкілдері мен Өзбекстан мемлекеттік өнер музейінің аға ғылыми қызметкері, т.ғ.к. Тамара Нуритдинова, Ұлықбек атындағы Өзбекстан Ұлттық университеті Тарих факультетінің профессоры, т.ғ.д. Рустам Сулайманов, Л.Н. Гумилев ат. Еуразия Ұлттық университетінің Археология және этнология кафедрасының профессоры, т.ғ.д. Жамбыл Артықбаев, т.ғ.к. Ә. Марғұлан ат. Археология институтының бас ғылыми қызмтекері Арман Бейсенов сынды қазақстандық және өзбекстандық ғалымдар қатысты. Баспасөз мәжілісінде екі мемлекеттің бас музейлері туралы ақпараттар беріліп, алдағы жоспарлар туралы айтылды. Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы ынтымақтастық қарым-қатынасты нығайту мақсатында музейлердің мәдени байланысының маңызы туралы жан-жақты сөз қозғалды.

«Ұлы Дала: тарих және мәдениет» көрмесінің мақсаты – Қазақстанның тарихи-мәдени бай мұрасымен шетелдік көрерменді таныстыру.

Көрмеге Қазақстан Республикасының символы саналатын «Алтын адам» қойылады. 1960-жылдардың соңы мен 1970-жылдардың басында Алматының маңайында танымал археолог Кемал Ақышев зерттеп жүрген Есік қорғанынан, кейін Қазақстанның символына айналған, сақ патшасы – «Алтын адамның» сүйегі табылған археологиялық сенсация орын алды. Баға жетпес олжаға «Қазақ Тутанхамоны» деген ат беріліп, «ғасыр жаңалығы» деп танылды.  Ежелгі дала билеушісінің тәжіндегі қанатты алтын пырақ әшекейлері Қазақстан Республикасы Елтаңбасының бөлшегіне айналды, ал Алтын адамның мүсіні Алматыдағы Тәуелсіздік алаңына орнатылды. 

Көрменің ашылу салтанатында сөз алған Өзбекстандағы Қазақстанның Төтенше және өкілетті елшісі Дархан Сатыбалды: «Бүгінгі көрменің орны ерекше. Бұл мәдени шара Өзбекстандағы Қазақстан жылының салтанатты ашылу құрметіне орай ұйымдастылып отыр. «Алтын адамның әлем музейлеріне шеруі» көрме жобасы Қазақстанның ұлттық құндылықтарын, төл мәдениеті мен терең тарихын жауһар жәдігерлер арқылы дүниежүзіне танытады. Көрменің басты экспонаты – «Алтын адам». Аталған көрме жобасы бүгінге дейін әлемнің түрлі елдерін, Оңтүстік Корея, Польша, Ресей, Беларусь, Қытай мемлекеттерінде көрсетілгенін атап айтқан жөн», -деді.

Бұл көрме жобасы әлемнің жеті елін – Беларусь, Әзербайжан, Ресей, Қытай, Польша, Корея мемлекеттерін және Татарстан Республикасын табыспен аралап, миллионнан астам көрермен тамашалады. Жоба 2018-2020 жылдарға жоспарланған.

Аталған көрме биылғы жылы Малайзия, Италия, Түркия және Грузия музейлерінде ұйымдастырылмақ. Ал 2020 жылы АҚШ, Австрия, Франция, Швейцария мен Германияның басты музейлерінде өткізіледі.

Өзбекстан Мемлекеттік өнер музейіндегі көрмеге киімі алтын, ал бас киімі жебе, қар барысы, арқар, жылқы және құс бейнесіндегі алтынмен әшекейленген Алтын адамның реконструкциясы ұсынылып отыр. Сонымен қатар аталған көрмеден сақ жауынгерімен (археологтардың пікірлері бойынша 17-18 жастар шамасында) бірге жерленген ерте темір ғасырының (б.д.д V-IV ғғ.) археологиялық олжаларының коллекциясын тамашалауға болады.

ҚР Ұлттық музейінің директоры Алмаз Нұразхан: «Мен ең алдымен Қазақстандықтарды ыстық ықыласпен қабылдаған Республика басшылығына, осы көрмеге атсалысқан Өзбекстан Мемлекеттік өнер музейінің ұжымына алғыс білдіргім келеді. «Алтын адамның әлем музейлеріне шеруі» көрме жобасы Елбасы Н. Назарбаевтың «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында қолға алынған болатын. ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің қолдауымен бүгін, міне, жетінші мемлекетке табан тіредік. Көрмеге «Ұлы даланың жеті қырында» атап көрсетілген әр сала бойынша құнды жәдігерлер қойылды. Өзбекстандықтар бізге жат емес, тарих, мәдениет, салт-дәстүр, діни ұғымдарымыз ортақ қалыптасқандықтан, бүгінгі көрме сіздергі қызықты болады деп ойлаймын», - деді өз сөзінде.  

Сақтар (парсы тілінен аударғанда  – «алып ерлер») – қазақтардың ертедегі бабалары. Грек авторларының шығармаларында оларды азиялық скифтер (saka сөзі скифтердің «бұғы» сөзінен туындайды), басқа ежелгі дереккөздерінде «ұшқыр атты турлар» деп көркем сипаттаған. Осы тайпалардың үлкен үш тобының қатарында «Алтын адам» жерленген Есік қорғаны табылған аймақта тұрған сақ-тиграхаудтар («шошақ бөріктілер») бар болатын. 

Қорғаннан киімдерді безендіретін деталдар, сол сияқты әшекейлер мен тұрмыстық заттар бар төрт мыңнан астам алтын бұйымдар табылды. Зерттеушілердің қорымдағы заттардың топографиясын тер төгіп зерттеулері нәтижесінде, көрмеге ұсынылып отырған сақ жауынгерінің келбетін жаңадан жасап шығу мүмкін болды.

Ежелгі дала өнерінің маңызды ерекшелігі саналатын зооморфтық бейнелердің басымдығы да мифологиялық ойлау өлшемдерімен белгіленеді. Мұның сюжетінің драматизмі жақсылық пен жамандықтың күресі, жарық пен қараңғының бастауы, жаңа өмірдің жасалуы, қарама-қайшылықтардың мәңгілік қозғалысының және мәңгілік күресінің символы ретінде түсіндіріледі. Осындай қарама-қайшылықтың айқын үлгісі ретінде көрмеге ұсынылған алтыннан қалыптау және бедерлеу техникасымен жасалған V-IV ғасырларға тән жапсырмасы бірін бірі дәл қайталайтын қос барыс түріндегі айылбасты айтуға болады.

Христиандық пен мұсылмандықтың орнығуына қарай «аң стилі» біртіндеп пұтқа табынушылық пен түсініктен шығатын бастапқы мәнін жоғалта бастады. Алайда бастапқы сиқырлы мәнінен айрылған жануарлардың сәндік бейнелері зергерлік бұйымдарда, миниатюра кітаптарда, ағаш, тас және сүйек нақыштарында, сәулет сынды ортағасырлық өнерде әлдеқайда жинақталыңқыраған түрде, стилденген ою, зер элементтерінің пішінін қабылдап қолданыста қала берді.

Бұл үрдістер экспозицияға қойылған XV ғасырға тән деп даталанған Сайрам көмбесінен табылған зергерлік өнер бұйымдарынан айқын байқалады. Көрмеде сол сияқты Тақсай (Батыс Қазақстан облысы), Талды-2 (Қарағанды облысы) және Берел (Шығыс Қазақстан облысы) сынды сақ қорғандарынан табылған археологиялық бірегей олжалар да көрсетілетін болады.

Есік қорғанынан табылған заттар арасында ежелгі жазба ескерткіштерінің бірі руна жазумен жазылған жазбасы бар күміс тостағанның экспозициядан алар орны ерекше.

Көрмеде сол сияқты Тақсай (Батыс Қазақстан облысы), Талды-2 (Қарағанды облысы) және Берел (Шығыс Қазақстан облысы) сынды сақ қорғандарынан табылған археологиялық бірегей олжалар да көрсетілді.

Көрмеге Қазақстан Республикасы Ұлттық музейінің қорларынан барлығы 127 зат ұсынылды. Көрмеге ұсынылған Қазақстанның ежелгі және ортағасырлық өнерінің жауһарлары – бұл Еуразия дала мәдениеті мұрасының өзіндік ерекшелігін көрсететін, бұрынғы дәуірдің есімдері белгісіз шеберлері жасаған ғажап туындылардың аз ғана бөлігі.