Аймақтар • 13 Сәуір, 2019

Ақтөбе облысының атынан Әнел Сүлейменова өнер көрсетеді

1095 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Ақтөбеде өткен жылы пайдалануға берілген, сыртқы сәулеті мен ішкі келбеті келісім тапқан шығармашылық академия өңірдегі өнерге бейімі бар балдырғандардың тұсауын кесетін орталыққа айналып келеді. Осы орайда «Бала дауысы» байқауының облыстағы іріктеу кезеңінің осы ғимаратта өткізілгені оң әрі сәтті шешім болғаны анық.

Ақтөбе облысының атынан Әнел Сүлейменова өнер көрсетеді

Бұған қоса мұның нышандық мәні мен маңызы да жоғары екені белгілі. Музыкалық продюссер Фарида Ниязова осы топырақта туып өскен Димаштың інілері мен қарындастары іспеттес балдырғандардың балаң дауыстары көңілге түрлі ой салғанын айтып берді. Әсіресе олардың кастингтың ережелері мен форматы тез түсініп, тез түйсіне алғаны сүйсіндірді, - дейді ол.

Қауырсын қанат ұл-қыздардың үндері мен дауысында таңғы шықтай тазалық пен мөлдірлік бар. Іріктеу кезеңіне қатысушыларға өз кезектері келгенде үш өлеңнен айту белгіленген еді. Байқау барысында «Әнші балапандардың» базалық жаттығулары да өз деңгейінде екенін аңғардық,- дейді «Бала дауысы» жобасын ұйымдастырушылардың бірі, танымал қазақстандық орындаушы Дастан Оразбеков.

Әрине сегіз бен он екі жас аралығында вокалдық қабылет пен әртістік шеберлік, сахнада өзін өзі ұстау мәдениеті қалыптасып кете қоймайды. Дегенмен Ақтөбедегі іріктеу кезеңі барысында мұндай талаптар деңгейінен көріне білген жас өрендердің жиі ұшырасқаны қазылар алқасының мүшелері ризашылықпен айтып берді. Сондай-ақ ата-аналары мен музыкалық тәлімгерлерінің және достарының қолдауымен сахнаға шыққан төменгі оқушылардың жүздерінде ән өнеріне деген құштарлық пен ынтазарлық айқын аңғарылып тұрды. Сонымен бірге қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде шырқалған әндер де балғын орындаушылардың жан-жақты екенін көрсеткендей әсер қалдырды.

Қалай дегенде де, байқаудың аты байқау, іріктеудің аты іріктеу. Осы орайда жан тебірентер даусымен әрі жарқын жүзімен, нұрлы дидарымен  қазылар алқасының және көрермендердің бәрін сүйсіндірген Әнел Сүлейменованың қорытынды суперфиналға жолдама алғанын айтуға тиіспіз. Он жастағы қаршадай қыздың әндерді мүлтіксіз шырқауы, оған айрықша ажар мен жарқын бояу бере білуі, әрі сахналық сәтті шешімдерге талпыныс жасауы қазылар алқасынан жоғары баға алды. Ендігі кезекте ол биылғы жылдың 25-27 қазаны күндері Алматыдағы республика сарайында өткізілетін Ұлттық балалар ән байқауының қорытынды кезеңінде Ақтөбе облысы атынан өнер көрсетпек.

АҚТӨБЕ