Аталған іс-шараға университет басшысы А.Күрішбаев пен жастар ұйымдарының көшбасшылары, университет студенттері және өзге де құрметті қонақтар қатысты.
Университет ректоры А.Күрішбаев кезектен тыс президенттік сайлау кез келген елдегі елеулі экономикалық өзгерістердің маңызды қадамы екенін атап өтті. Өз кезегінде ҚазАТУ студенттері 2019 жылдың 9 маусымындағы сайлауға белсенді қатысатындарын және Қазақстан Республикасының Президентіне лайықты кандидатқа дауыс беретіндерін атап айтты.
«Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев 2019 жылдың 9 маусымында Қазақстан Республикасы Президентінің кезектен тыс сайлауын өткізу туралы шешім қабылдады. Қазақстан Республикасының Президентін сайлау – даңғыл жолға бет бұрған егемен еліміз үшін тарихи сәт! Ғасырдың екінші ширегі басталар тұста өтіп жатқан бұл сайлау ел тағдырының тағы бір жауапты кезеңінің бастауы болмақ. Егемен ел ретінде өмір сүрген жиырма сегіз жылдың әр жылында ғасырлар жүгі ғұмырын күреспен өткізген бабаларымыздың ақиқатқа айналған армандары жатыр. Ал арман оңай жолмен келмейтіні белгілі. Осы «соқтықпалы, соқпақсыз» жолда ел көшін адастырмас даңғылға түсіріп, бүгінгі бейбіт өмірге бастап келген Қазақстанның Тұңғыш Президенті – Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың еңбегінің ерен екенін білеміз. Біз бүгін «Мен қазақпын!», «Мен қазақстандықпын!», «Мен тәуелсіз елдің ұланымын!» деп әлем халықтарының алдында мақтанышпен айта аламыз. Қазақстан халқы бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ жолында бас біріктіріп, тілек тұтастығын танытып, дамудың түрлі бел-белестерінде тұрақтылық пен төзімділікті, бірлікті көрсетіп келеді. Бұл тарихи жетістіктер – өміршең бағдарламаларды уақытында іске асыруға ұйытқы болған Елбасы мен Елбасы тапсырмасын жүзеге асырушы атқарушы және өкілетті биліктің жеңісі! Бұл – ынтымақ пен ымыра-бірлікті мұрат еткен халқымыздың жеңісі! Бүгінде Қазақстан жастары өз елінің осындай жарқын тарихын құрмет тұтып, болашаққа сеніммен қарайды. Біздер, С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университетінің студенттері, бақытты өмірімізді, кемел болашағымызды баянды ету жолындағы аса маңызды сәтте, Мемлекет басшысы Қ.Тоқаевтың Қазақстан Республикасы Президентінің кезектен тыс сайлауын өткізу туралы үндеуін толықтай қолдап, барлық қазақстандық жастарды бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып, сайлауға белсенді түрде қатысуға және жарқын болашақ үшін өз таңдауларын жасауға шақырамыз. Алдағы сайлау, әсіресе жастарға жан-жақты дамуы мен өз білімдерін елдің баянды болашағы үшін жұмсауға мүмкіндік ашатын жаңа кезең болады деп бағалаймыз. Президент сайлауы бұл – біздің болашағымыз! Құрметті жастар! Бәріміз ынтымақта болып, белсенділігімізді көрсетіп, еліміздің гүлденуіне, кемелденуіне, мемлекетіміздің мызғымас іргетасын қалауға өз үлесімізді қосайық!», деді университет студенттері.