25 Мамыр, 2012

Қазығұрттың басында кеме қалған

5375 рет
көрсетілді
15 мин
оқу үшін

Қазығұрттың басында кеме қалған

Жұма, 25 мамыр 2012 6:47

Алланың ізі – Қазығұртта;

сөзі Қағбада;

ілімі он сегіз мың ғаламда.

Әрбір өткен қас-қағым сәт пен тұтас дәуірлер келер кемел болашақтың кескін-келбетін айшықтайтын, ба­ғыт-бағдарын айқындайтын тарихи құбылыс. Адамзат баласы өз өткенінен үйренеді, сол арқылы ертеңін болжайды, бүгінін таразылайды. Адамзат өркениетінің тұң­ғыш дүмпуі, алғашқы қанат серпіні жасалған Азия даласы, оның ішінде түркі атаулының қара шаңырағы – қазақ байтағы қасиетті, әулиелі Қазығұрт.

 

Жұма, 25 мамыр 2012 6:47

Алланың ізі – Қазығұртта;

сөзі Қағбада;

ілімі он сегіз мың ғаламда.

Әрбір өткен қас-қағым сәт пен тұтас дәуірлер келер кемел болашақтың кескін-келбетін айшықтайтын, ба­ғыт-бағдарын айқындайтын тарихи құбылыс. Адамзат баласы өз өткенінен үйренеді, сол арқылы ертеңін болжайды, бүгінін таразылайды. Адамзат өркениетінің тұң­ғыш дүмпуі, алғашқы қанат серпіні жасалған Азия даласы, оның ішінде түркі атаулының қара шаңырағы – қазақ байтағы қасиетті, әулиелі Қазығұрт.

Ұлы дала – Қазақ даласы адамзат баласы жаралғаннан бері қилы-қилы заманалардың, әлемдік тарихтың өзе­гі­не айналған небір айтулы оқиғалардың отаны болған кең байтақ кеңістік. Жұмыр жердегі құрлықтың 1,8 пайызынан артық көлемін алып жатқан бүгінгі Қазақстан Республикасының осынау құтты қонысы – бұдан мыңдаған жыл бұрын қазақ этносын қалыптастырған бабаларымыз қазіргі Қазақ атты әлем таныған мемлекеттің негізін қалап отыр­ған, әлемдік өркениетте өзіндік ерек­шелігі, салт-дәстүрі мен таным-тағылымы бар халықты талбесікте тер­бетіп, атқа қондырған ұлтымыздың ақ отауын тігіп кеткен алтын аймақ.

Ата-бабаларымыз мұра етіп қалдыр­ған осынау Ұлы даланың әрбір сынық сүйемі біз үшін жанымыздан да қымбат. Қазаққа қазақ жерінен құнды, қазақ жерінен қасиетті ештеңе жоқ. Өйткені біз ұлт ретінде де осы шалқар кеңістік, байтақ аймақ – Ұлы даламен біте қай­насып қалыптастық, бірге жаралдық.

Созылып кербез жатқан қазақтың Ұлы даласының табиғаты қандай бай болса, ол небір аңыз бен шежіреге, адам таңғаларлық таңғажайып кереметтерге де толы. Сондай кереметі мол өңірдің бірі – қасиетті Қазығұрт аймағы. Ол қа­зақтың тарихы терең, құнарлы да шұ­райлы, өзгеше өңірі. Қазығұрт пен Ала­таудың баурайынан миллиондаған жылдар бұрынғы адамзаттың мекені болған орындар табылып, ғылыми негізде дә­лел­денуі, сондай-ақ ежелгі Түркі қа­ға­нат­тары тұсында қалалардың жан-жақты өркендеп, өзіндік өркениет орта­лықтары ретінде танылған талай-талай жайтты аңғартады. Бұған баршаға бел­гілі тарихи кенттер, тастағы таңбалар мен жазбалар, Испиджаб, Тұрбат, Шарапхана т.б. ша­һар­лар, кейінгі кездер­дегі қазбалар нәти­жесінде анықталып жатқан қорғандар мен қалашықтардың қалдықтары дәлел. Әлі де небір құпияларын бүгіп, жұм­бақ­та­рын жасырып жатқан орындар қаншама.

Ұлы Жібек жолының негізгі күре­тамырларымен қатар көне кенттерге, Алатау мен Қазығұрттың асулары мен бел-белестеріне, Арыс пен Ақсудың, Бадам мен Келестің ұзына бойларына таралып жатқан тараулары мен бұлақ­тары тіпті де көп.

Қатпары қазынаға толы, көне замандардан үзілмей жалғасып келе жатқан қайнаған өмір, өркен жайған өнер, мә­уелі мәдениет пен өрелі өркениеттің ошағы болған бұл аймақ осы өңірде өмір сүрген көшпелі – отырықшы ха­лық­тың сан ықылым заманнан бергі тарихи Отаны болып қалыптасқан.

Қазығұрт тауы мен оған қарасты шуақты өлке ежелгі дүниеден бүгінгі күнге дейін ел арасында атағы кең жай­ылған қасиетті, қадірлі, әулиелі бай өңір. Сондықтанда оны заманымыздың заңғар жазушысы Шерхан Мұртаза «Қазығұрт – киелі бесік» деп атаса, қа­зақ әдебиетінің аса көрнекті өкілі, бала­лық шақтан сусындаған Мағжан ақын мынадай жыр жолдарын қалдырған:

… Қазығұрт қасиетті тау болмаса,

Топанда Нұқ кемесі тоқтар қалай?

Сонау ерте дәуірден бері төбесіне топан суда Нұқ пайғамбардың кемесі қайырлап, жаңа өмір мен жемісті тір­ші­лік осы жерден басталыпты деген аңыз-әңгімелердің тамыры тіптен тереңге кетеді. Тарихтың атасы атанған Герадоттан бастап, көне дүние ғалымдары, саяхатшылар өз еңбектерінде бұл өлке туралы сүбелі-сүбелі із қалдырды.

Қорқыт ата мен Оғыз қағандардың өмір жолдары мен жасаған қарымды қимылдары біздің өлкенің тарихымен жымдасып жатыр. Көне Қаңлы мемле­кетінің кіндік жұрты осы маңда болса, айбарымен әлемге әйгілі Батыс Түркі қағанатының табан тіреген жері де осы өлке. Атақты қазақ хандары Хақназар, Есімхан, Тәуекел, Тәуке, Жолбарыс, Абы­лай, ұлы тұлғалар Төле би, Қа­зы­бек би, Әйтеке би т.б. ғұмыры Қазы­ғұрт­пен тікелей сабақтасып жатыр.

“Ұлт тарихы – өлке тарихынан бас­тау алады. Өлке тарихын оқытудың ма­ңызы зор. Біріншіден, бүкіл адамзат­тық құндылықты, әлемдік құндылықтар мен ұлттық құндылықтар құрайтын бол­са, өлке тарихы сол құндылықтың бас­тау бұлағы” – деген Елбасы Н.На­­зар­баев­тың ұлағатты сөзі өлкені танып-білуде шамшырақ боларына сенейік.

Осы уақытқа дейін тылсымның сырын ашпаққа ұмтылған адамзат баласы топан су қаптағанда Нұқ пайғамбардың кемесі қайырлаған қасиетті мекенді іздеумен келеді. Жер бетіндегі пенде­ле­рін пиғылына қарай жазалап, пайғамбар кемесін паналағандар Алла тағаланың құдіретімен аман қалды деген дерек көктен түскен қасиетті төрт кітапта да айтылады. Сонымен Нұқ кемесі тоқта­ған тау қайсы: еврейлердің Синайы ма, әлде армяндар айта беретін Арараты ма, біздің Қазығұрт па? Қасиетті Құ­ранда жазылған әл-Жуди қайда орн­а­лас­қан. Бағамдап, талдап көрейік.

Аты аталғанда кез келген армян ар­қаланып шыға келетін Арарат тауы Түр­­кия аумағында жатыр. ХХ ғасыр­дың басында осы таудан кемені өз кө­зіммен көр­дім деген ағылшын зерттеу­шісі Джордж Хагопиан болатын. Кейін өзі көрген сол жерді есіне түсіре алмай ол да өмірден өтті. Тау басында кеме қал­­­ғанын дәлел­демекке ұмтылғанның тағы бірі Ресей авиаторы – Росковицкий еді. Ол да кеме қалған жерді айналып таба алмаған. Америка және түрік зерттеу­ші­лерінің ең­бек­­тері де мардымды нәтиже бермеді.

2005 жылы Ресейдің “Аргументы и факты” басылымының екі нөміріне Дмитрий Писаренконың “Нұқ пайғам­бар кемесі. Ол қайда?” атты мақаласы жарық көрді. Мақалада журналист “Космопоиск” қоғамдық ғылыми бір­лес­тігі жүргізген зерттеу қорытын­ды­ларын жария еткен. Ондағы мәліметтер бойынша Арараттың қарлы шыңда­ры­нан түсірілген суреттегі кеме емес, жанартау атқылауынан пайда болған ұзын­дығы 200 метрдей қазаншұңқыр. Ғы­лыми бірлестік тұжырымынша Синай тауында да пайғамбар кемесі тоқтады деген пікірге табан тірететіндей дәлел­дер кемшін. Осының барлығы қазақтың “Қазығұрттың басында кеме қалған…” деп басталатын әйгілі аңызының өзе­гінен ақиқат іздеуге мәжбүрлейді. Шын­дығына келгенде Синай мен Ара­ратқа байланысты белгілі бір аңыздар немесе топан суға қатысты олардың айналасында жер атаулары да сақталмаған.

Қадым заманғы “Авеста” мәтінінде “көне Кангханың тауы заңғар һәм қа­сиетті, өйткені Күн құдайы сонда орна­ласқан” дейді. Мынаған назар аудары­ңыз, Әмудария мен Сырдария аралы­ғына күннің көзі Қазығұрт тауынан асқаннан кейін барып көрінеді.

Қазығұрттың басында кеме қалған,

Ол әулие болмаса неге қалған?

Мұндай жыр жолдары араб, армян, еврей халқында бар ма? Әрине жоқ. Топан суға қатысты аңыздың жүлгесі болмаса, деректі қайдан аларсың. Қазы­ғұрт­та кеменің қайраңдағаны туралы сандаған жыр-аңыздар, топан судың тасқынының себеп-салдарлары жөнінде әпсана ғасырлар өтсе де бізге жетіп отыр. Яғни, бұдан белгілі бір қоры­тын­ды жасауға болады. Қазығұрттың жоталарына түскен жан-жануарлардың аяғы тиіп басқан жерлері қасиетті саналып – Ойсыл қара, Қамбар ата, Шопан ата, Зеңгі баба аттары Қазығұрт өңі­рі­мен астасып жатыр. Қазығұрттың «Қа­зық жұртқа» жақындығына көңіл бөл­сек те талай ойға қаламыз. Басқаша айт­қанда Қазығұрт адамзаттың орасан апаттан кейін қазық қаққан жұрты болып шы­ғады. Оған жанаса тұрған жерге арғы бабаларымыздың Ілінгір деп ат қою­ын­да да үлкен мән бар. Нұқ пай­ғам­бар кемесінің ілінгірі сол жерге түскен…

Аңыз бойынша Нұқ кемесі Қазы­ғұртқа келіп қайырлағанда күн мен түн­нің теңескен мезгілі екен деседі. Сол сәтте пайғамбар да мерейленіп, қолда­ғы асын кемедегі тіршілік иеле­ріне үлестіріп берген екен.

Пайғамбар кемесінің Қазығұртта тоқ­тағанына сол өңірдегі жер атаулары да нақты дәлел бола алады. “Пайғамбар тоқтаған”, “Пайғамбар саусағы”, “Нұқ пайғамбардың мешіті”, “Әбрахмат бұла­ғы”, “Ғайып ерен, қырық шілтен”, “Ата тас пен Ана тас”, “Ақбура ата”, “Көзді ата”, “Кеме қалған” тағы басқа әулиелі жерлер, үш жүзден астам бұлақ, бірнеше үңгір бар.

Халқымыз ежелден – “Қазығұрт кие­лі тау” деп санаған. Дүние жүзіне даңқы шыққан ұлы ұстаз Әбу Насыр әл-Фараби “Сеңгір алмаған Қазығұрт, сені кім алады?» деп жазған екен. Көне заманда туындаған ауыз әдебиетінің жауһары «Оғыз намада» Қазығұрт ерекше атал­ған. Араб тілінде жазылған шығарма­ларда Гаркерт, Газкерт, Газкурт нұсқа­ла­рында кездеседі. Ғалым Қ.Өмір­әлиев пікірінше, осы өңірде осылайша аталатын қала б.д.д. бірінші ғасырда болған. Қазығұртта Кеме қалған аталатын жер бар. Сол маңайдан тастан қаланған қосу белгісі бар үлкен доңғалақ табылған. Бұл таңбаның өркениет әлемінде кең та­рағаны белгілі.Оны шумерлер udu “Күн құдайы” (“бог солнца”) деп оқ­ы­ғанын Олжас Сүлей­менов атап көрсеткен.

Топан су мен Кеме қалған аңызы қазақ өмірімен, тыныс-тіршілігімен толық байланыста туындаған. Танымал француз ғалымы Жорж Дюмезиль: «Мифы нельзя понять, если оторвать их от жизни людей, которые их создавали» – деп босқа айтпаған.

Қазығұртты ежелгі табиғат тылсым­дарының ғажайып куәгері деуге болады. Қазығұрттың биігінде ғалымдардың зерттеуі бойынша энергия ағыны мен ерекше аура байқалатыны дәлелденген.

Қазақтың асқақ рухының шыңы, ұлтымыздың береке-бірлігінің ұйытқы­сы болған Қазығұрттың қазіргі хал-жағдайы қандай? Оның әлемге танылар мүмкіндігі бар ма?

Шымкент – Ташкент күрежолының бойындағы Қазығұрт жотасына қойыл­ған Нұқ кемесінің символдық макеті осынау аты аңызға айналған киелі жердің қадір-қасиетін айшықты ашып беретін толымды туынды. Кезінде облысты басқарған азамат Болат Жыл­қы­шиевтің бастамасымен ірге көтерген пайғамбар кемесі осында туристерді тартудың, ел азаматтарын рухтанды­ру­дың алғашқы баспалдағы іспеттес болды. Бұл ескерткіш жалпы қазаққа тағы да бір рухани тірек болғандай. Қазақ­тың отансүйгіштік қасиеттерін көтере­тін “Қазығұрт адамзаттың алтын бесігі” жазуымен қатар тау беткейінде “Қазы­ғұрт Қазақтың асқақ рухының шыңы” деген жазу пайда болды.

Ендігі кезекте Нұқ кемесін қасиетті Қазығұрттың нақ өзіне орнықтыруды сол арқылы қасиетті тауды қастерлеуді барынша қолға алғанымыз жөн.

Тауларды іс жүзінде адамдардың қызығы мен игілігіне пайдаланудың жаңаша жақсы мысалы ретінде Швейцария мемлекетін айтуға болады. Алатау мен Қазығұрттағы самалдың, күн­нің, тау дарияларының қуатын пайдалану және қоршаған ортаға экологиялық зиян келтірмейтін үлгілі тау аймақ­тарын түзу жөніндегі азаматтық пікі­рім­ді білдіруді жөн көріп отырмын.

Таулы ауылдар берекеге толы жер, таза ауа, тұнық өзендер, жанға жа­ғым­ды домбыра үні, бұрқыраған қымыз иісі – мұның барлығы біздің үйіміз. Бұлар біздің ешқашан жоғалмас мәңгілік салт-дәстүрлеріміздің бесігі.

Қазығұрт өңірінің тағдыры, көр­кеюі ең алдымен республика Үкіметі­нің, сон­­дай-ақ Оңтүстік Қазақстан об­лы­сының, қала берді бүкіл ел азамат­тарының белсене, бірлесе араласуына тіреліп тұр. Ұлы Жібек жолы бойын жайнатқанға не жетсін! Асылы, Қазы­ғұрт маңайын ұлт­тық этносаябаққа ай­налдыруға әбден болады. Жан-жақтан келетін саяхатшы­лар­ға бар мүмкін­дік­терді жасауға тиістіміз.

Қазығұртты ұлықтап, еліміздің сан ғасырлық тарихын әлемге таныстырып, сұлу табиғатымен тамсандыратын жағ­дай жасау ғанибет емес пе?

Ендеше, сол бабалардан басталған аңыздың басталған өзегіндегі ақиқатқа үңіліп, Қазақ елінің қадірін арттыру бізге перзенттік парыз.

Жұмахан МЫРХАЛЫҚОВ,

М. Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінің ректоры, профессор.

ШЫМКЕНТ.