Бағытымыз – денсаулық, арманымыз – Олимпиада!
Сенбі, 14 шілде 2012 6:43
Олимпиадаға 13 күн қалды
Әлем құлақ түрген Лондон Олимпиадасын қостанайлықтар да тағатсыздана күтіп отыр. Спорттың шыңы саналатын Олимпиадаға қостанайлықтар екі дүлдүлін қосады. Осыған дейін талай жарыстарда топ жарған Иван Дычко мен желаяқ қызымыз Марина Масленко еліміздің намысын қорғайтын болады.
Сенбі, 14 шілде 2012 6:43
Олимпиадаға 13 күн қалды
Әлем құлақ түрген Лондон Олимпиадасын қостанайлықтар да тағатсыздана күтіп отыр. Спорттың шыңы саналатын Олимпиадаға қостанайлықтар екі дүлдүлін қосады. Осыған дейін талай жарыстарда топ жарған Иван Дычко мен желаяқ қызымыз Марина Масленко еліміздің намысын қорғайтын болады.
Олимпиада – спортты жаны сүйген әр жастың арманы. Ал Қостанай спортының жалпы бағыты – саламатты өмір салты, денсаулық. Сонау 90-шы жылдардан бері спортты жанына серік ететіндердің қарасы молая түсті. Сөзіміз құрғақ болмасын, 2001 жылы облыста 178 мыңнан аса адам спортқа маңыз берсе, ал 1997 жылы олардың қатары небәрі 57 мың ғана болатын. Бүгінде облыс бойынша 230 мың адам спорт және денешынықтырумен үздіксіз айналысады.
Еліміз тәуелсіздік алған жылдардан бастап, 20 жылдың ішінде жаңадан 360 спорт нысаны бой көтерген екен. Қазір жұртшылық жаттығуға, шынығуға баратын спорт ғимараттарының саны сонау 90-шы жылдардың бас кезімен салыстырғанда 1,5 еседей өскен. Облыс орталығын былай қойғанда, қазір аудандардағы, елді мекендердегі стадиондардың, спорт залдарының жабдықталуы кімді де болса таңқалдыратындай. Қарасу, Қостанай аудандарындағы алаңы жасанды шөппен жабылған стадиондардан 1500-2500 көрермен футбол тамашалай алады. Қостанай ауданындағы стадион астынан жылытылатындықтан, онда қыс айларында да жаттығу өткізуге, тіпті футбол ойнауға мүмкіндік бар. Қостанай қаласында бірнеше бассейн іске қосылған. Қалалардағы, ауылдардағы спорт кешендері жұртшылықтың қуанышына айналған.
Бүгінде облыста спорт залдары мен басқа да ғимараттарға жөндеу жұмыстары жүргізілді. Жаңадан 30 спортзал салынды. Қазір ауыл адамдары қыс айларында спорт кешендерінің арқасында бос уақытын тиімді пайдаланады. Жұмыстан кейін сандалып, ащы суға құныққандарды қазір ауылдан да, қаладан да сирек байқаймыз. Спортпен айналысқан жанның кезбе болып жүруге уақыты қалмайды, оның қасиеттілігі де осында болса керек.
Облыста балалар мен жасөспірімдер спортына барынша көңіл бөлініп отыр. Арнайы спорт мектептерінің саны тәуелсіздіктің елең-алаңынан бері қарай екі есеге өсті. Ол қазір 16 мыңнан астам жас спортшыны қамтиды. Онда жаттығу, спорт сабақтарының барлығы балаларға тегін қарастырылған. Тек соңғы үш жылдың өзінде 300 миллион теңгеге спорттық құрал-жабдықтар алынды.
Тәуелсіз Қазақстан тарихындағы спорт жетістіктерінде қостанайлықтардың да үлесі бар. Сұр мерген Сергей Беляев 1996 жылғы Жазғы Олимпиаданың екі дүркін күміс жүлдегері болды. Грек-рим күресінен мен де Азияның жеті рет чемпионы атандым, жастар арасындағы әлем кубогының екі мәрте чемпионымын. Атақты конькишіміз Денис Кузин 2007 жылғы Қысқы Олимпиадада рекордты жаңартқан еді. Ал өткен жылғы Ақ Олимпиадада конькиші Александр Жигин, шорт-трекші Анна Самарина, Дария Волокитина, Федор Андреев тамаша өнер көрсетіп, жүлдегер атанды. Азия чемпионатының жүлдегері балуан Бейбіт Нұғымановтан үмітіміз мол. 20 жыл ішінде 560 спорт шебері дайындалды. Соның ішінде 107 спортшы халықаралық деңгейді бағындырды. Жыл басынан бері жоғары категориядағы он жаттықтырушы дайындалды. Олимпиадаға ел үміті мен намысын арқалап бара жатқан екі ұланымыз да осы жаттықтырушылар еңбегінің арқасында биік асуларды алған болатын.
Облыс жұртшылығы үшін 2000 жылы УЕФА үлгі-қалпы бойынша 8000 көрерменге арналған стадионның ашылуы қуаныш болған еді. Одан кейін Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев Қостанай қаласындағы жабық мұз айдыны бар спорт сарайының лентасын өзі қиды. Лисаков қаласындағы спорттың күрес түрлеріне арналған спортзал, Арқалық қаласында күрес және ауыр атлетикаға арналған залдары жабдықталған ірі спорт кешені пайдалануға берілді. Материалдық база қалада да, ауылда да осындай қадаммен алға басып келеді.
2010 жылы «Тобыл» командасы Қазақстандағы премьер-лига командалары арасында чемпион болды. Облыста ұлттық спорт түрлері де жанданып келеді. Қазір оның он үш түрінен жарыстар өткізіледі. Әсіресе, тоғызқұмалақ, қазақ күресі, ат спортына жастардың тартылуы ерекше. Ауылды жерлерде ұлттық спорт секциялары жанданып келеді.
Қостанайлық спорт командалары барлық республикалық жарыстарға қатысып отырады, олардан құралақан да қайтып жүрген жоқ. Командаларымыз спорттың көптеген түрлерінен үздік бестік арасынан көрініп жүр. Жергілікті жердегі ірілі-ұсақты спорт жарыстарының барлығы да жастарды алдымен патриоттық сезімге тәрбиелейді. Күштілер, мықтылар, ептілер ғана Отанын сүйе алады. Олимпиада арманы да ауылдағы жарыстардан бастау алады.
Сергей МАТВИЕНКО,
Қостанай облыстық туризм, денешынықтыру және спорт басқармасының бастығы.