27 Ақпан, 2013

Ботагөз

826 рет
көрсетілді
47 мин
оқу үшін

Ботагөз

Жұмбақ жалау

Кезекті почтаны ақтарып отырға­ны­мызда арасында кеңестік заманнан соң ұмыт қалған «авиа» конверт жүрді. Қа­зақ­стандікі емес. Той-томалақтың асаба­сын былай қойғанда әріптестеріміз аты мен затынан жиі шатасатын мекеме мен қызметімізді орысша толық және қатесіз көрсетіпті. Бәрі тасқа басылмай, қолмен жазылған. Мектептің оқушысы жазған­дай. Салып жіберушінің мекенжайы Ресейдің сонау Томск облысынан болып шықты. Стрежевой қаласынан. Ондай қаланың барын бұған дейін естісек, екі құлағымыз керең болсын.

Жұмбақ жалау

Кезекті почтаны ақтарып отырға­ны­мызда арасында кеңестік заманнан соң ұмыт қалған «авиа» конверт жүрді. Қа­зақ­стандікі емес. Той-томалақтың асаба­сын былай қойғанда әріптестеріміз аты мен затынан жиі шатасатын мекеме мен қызметімізді орысша толық және қатесіз көрсетіпті. Бәрі тасқа басылмай, қолмен жазылған. Мектептің оқушысы жазған­дай. Салып жіберушінің мекенжайы Ресейдің сонау Томск облысынан болып шықты. Стрежевой қаласынан. Ондай қаланың барын бұған дейін естісек, екі құлағымыз керең болсын.

Ауыл ара­сын­да жүргенде «қыз бен қой қайда бар­майды» деген қалжың сөзді айта беретінбіз. Қайтып алдық.

Хатты жолдаушының мекенжайы – біздің табанымыз тимеген, ешбір таны­сымыз тұрмайтын өңір. Содан шығар, конвертті енжар аштық. Тілдей қағаз шықты. Оқушы дәптерінің үшке бүк­теліп салынған бір парағы. Ресейден кел­ген соң орысша жазылғанына таңыр­қамадық. Есесіне талдырып түсіре жаз­даған – хат мазмұны.

Естен тандырған мәтін мынадай.

«Аманбысың, Қайнар!»

Жоқ, аударуға болмайды екен. Түп­нұс­қасын оқығанда тура құлағымыздың түбінен өз дауысы естіледі. Аудармада ондай әуез жоқ. Кезінде қиянат жасауға бармаған көңіліміз бен қолымызға «енді бұзылмаңдар» дедік. Хат атымызға қа­лай келді, солай қалады. Қазіргі ұрпақ үш тілге де сауатты болуы керек деседі. Оқи алар. Сонымен:

«Здравствуй, Кайнар!

Ты, конечно, удивишься моему письму. Ведь прошло столько лет. Но я всегда помнила тебя и надеялась, что когда-нибудь я все объясню. Пишет тебе Ботагоз. Помнишь г.Кустанай, сельхозра­бо­ты в п. Жуковка. Я виновата перед тобой за то, что солгала. Я ждала от тебя решительных действий, но ты поступил по-джентльменски. Я была молодой, жила в ожидании романтики. Но в жизни оказалось все иначе. Я живу и работаю в России, на Севере, в школе работаю учителем русского языка и литературы. Если хочешь мне позвонить, то мой номер сотового телефона … . Прости меня за это сумбурное письмо. Но мне очень хотелось сегодня написать. А завтра, может быть, я буду сильно раскаиваться.

До свидания, Кайнар.

Может быть, когда-нибудь увидимся.

Ботагоз.

Вспомни, как я тебе писала «До востребования».

Ботагөз!..

Бар екенсің ғой. Есеңгіреп отырдық па, шаттанып тұрдық па, білмейміз. Қаншама жыл бұрынғы көріністер мен сезімдер қайтадан атойлап шыға келді.

1978 жыл. Қазақ мемлекеттік уни­верситеті журналистика факультетінің екінші курсын тәмамдап, жазғы өнді­рістік тәжірибені облыстық «Семей таңы» газетінен сәтті өткізіп, тамыздың аяғында Алматыға келгенбіз. Қыркүйек айы бойы ауыл шаруашылығы жұмысына қатысуымыз керек. «Еңбекке жарамсыз мүгедек» деген қағазы жоқ студенттің бәрі осындай жұмысқа тартылады. Жаман ба, жақсы ма, оны сарапшылар зерттесін. Біз зиянын көрген жоқпыз. Болашақ журналист, тіпті шаңырақ иесі ретінде. Аз-кем ақша да төлейтін.

Сонымен, бүкіл КазГУ-дің студент­терін арнайы пойызға отырғызып, Қос­та­най­ға аттандырды. Ондағы вокзал басы­нан аудан-ауданға таратты. «Алек­сандровский» атты шаруашылыққа журналистика факультетінің жиырма студентін апарған. Одан онымызды жеке бөліп Жуковка атты бөлімшеге жеткізді.

Жұмыс – сиыр қораларының шіріген тақтайларын ауыстыру. Қолына балға мен шеге, ара мен балта ұстамайтын ауыл баласы бар ма. Кірісіп кеттік. Жу­ков­ка орталықтан он шақырым орна­лас­қан бөлімше көрінеді. Парк жоқ, би жоқ. Кілең кәрі-құртаң. Астығын орып, кар­то­­­бын жиып, құрылысын жүргізуге сырт­­тан науқандық жұмысшылар келеді. Сондықтан бірнеше үйді жатақхана есебінде ұстайды. Сосын асханасы үлкен екен.

Жұмыстан басқа жалғыз ермегіміз – футбол. Айтпақшы, егін ору науқаны кезінде арақ сатылмайды. Бірақ, орыстың кемпір-шалдары самогон қайнатады. Әрі арақтың бағасынан арзан. Қазақ мұн­дай­ды «құрт есесі – малтадан» десе керек.

Осы меңіреу бөлімшеге екі-үш кү­ннен соң ересен жаңалық келді.

Он студент кешкі тамақты ішіп, асханадан шыққанымызда оған жалғас са­лынған, әзірге бос тұрған жатақхананың алдына автобус тоқтады. Ішінен кілең қазақ қыздары түсе бастады. Олар да студенттер екен. Қостанай педагогика институтынан. Мына бөлімшеге картоп жинауға жіберілген.

Қыздар жатақханаға беттегенде біз терезеге үймеледік. Әлі перде құрыл­ма­ған, әйтпесе жабылмаған. Ішке кіріп жатыр. Аузымыз ашылып қарап тұрмыз. Әлбетте, онымыз тегін емес. Алматыда­ғы махаббаттарына адал жігіттер болды. Басқамыз жай тұрмай бөлісіп жатырмыз. Иә, кәдімгі біреу аспаннан түсіріп, ба­лық үлестіріп жатқандай. Бір кезде жарқ ете қалды. «Мына қыз менікі» деппіз. Айтсақ болды меншіктеп беретіндей.

 

Мөлдір махаббат

Пысық достарымыз екеуден танысып тастаған шақта көзімізге оттай басылған қызбен біз де жүздестік. Аты – Ботагөз. Фамилиясы да есте. Мына, жылдар то­ңын жарып жеткен хатынан соң теле­фон­мен тілдесіп тұрғанда фамилиясы өзгергенін естідік. «Сен мынадай едің ғой» деп қыз кезіндегісін еске салып едік, «қалай ұмытпағансың» деді. Айт­пақ­шы, ендігі екеуара сөзіміздің бәрін қазақшалай береміз. Оған толық хақы­лымыз.

Ботагөз бірнеше күннен соң кешкі қыдыруға шығатын болды. Жоғарыда жаз­ғанымыздай, Жуковка сауық орны­нан жұрдай. Паркі мен биі жоқ ауылда қайда бармақсың? Бөлімшенің сыртына қарай шығамыз. Тобыл жағасымен. Жым-жырт тыныштық. Кейде ай жа­ры­ғымен қараңдап екеу-екеу тұрған тұл­ғаларды байқаймыз. Жігіті бізге, қы­зы Ботагөзге курстас. Айтпақшы, бұлар бірінші курсты енді бітірген, біз сәл ересек, екінші курсты аяқтағанбыз. Жалпы, Ботагөз екі жарым жас кіші еді.

Үнемі үнсіз жүреміз. Қазақтың «ау­зы­ңа маржан салып алдың ба» дегені екеумізге арнап айтылғандай. Армансыз сөйлесер едік, оған Ботагөз бір ауыз қазақша айта алмайды. Ал, қазақы ауыл­дан келген, Алматының өзінде қазақша оқып жүрген біздің орысшаны ұқсатып жатқанымыз шамалы. Енді ойлап қара­сақ, екеуміз де кінәлі емеспіз. Оған қазақша, бізге орысша үйретпеген ата-ананың кінәсі жоқ. Бір ұлттың екі өркенінде емен-жарқын, ашылып сөйлесу мүмкіндігінің болмауы – сол құрып кеткір кеңестік кезеңнің кесірі. Жеткізген жері. Бүтінді екіге жарудың зымиян амалы. Өкінішті жері, сол амал ойдағыдай іске асты. Оны өз басымыздан өткердік. Жаныңдай жақсы көріп, соны жеткізіп айта алмау – ит қорлық көрінеді. Жүрегіміз жырлап тұрады. Бірақ, тіл байлаулы.

Қараңғыда қол ұстасып жүретінбіз. Бар ойымыз быртық саусақтарымыз арқылы Ботагөздің нәзік, әппақ әрі ыстық саусақтарына ойысып, одан әрі зердесіне толық қалпында жеткеніне еш шүбәміз жоқ. Мұндай тәсілмен тілсіз ақпарат алмасуды кейін «Аватар» фильмінен көрдік. Ең озық деген фильміңіз бізден отыз жыл кейінде жатыр.

Ымырт үйірілген соң күн жауынды болмаса жатақханасының алдына тұ­рамыз. Онда қазіргі байланыс құрал­да­­ры жоқ. Соның өзінде Ботагөз күттіріп қой­май тез шығатын. Осы үнсіз жүру оған да ұнайтын. Түнгі аспан астында шы­­мырлап толқыған Тобыл өзенінің бо­­йындағы серуен өміріміздің ең көркем сәті еді.

Рас, мүлде тілсіз емеспіз. Үй ішін, сабақ жайын, достар төңірегін айтуға жететін сөздеріміз бар. Анда-санда сол орайдағы қысқа сұрақ-жауаптар болатын. Бірақ, түнгі кездесудің басым бөлігі үнсіздікпен өтетін.

Жүріп-жүріп келіп шөмеле болып үйілген сабанға тоқтаймыз. Маңайдың егіні орылған соң айналада одан көп нәрсе жоқ. Шөмелеге арқаны тіреп отырамыз. Сәлден соң Ботагөз алдымызға басын қойып жатады. Ол аспандағы жұлдыздарға қарайды. Біз алыста тұрған Жуковка ауылының шамдарын санаймыз. Шамдар ақырында өше бастағанда ол ұйықтап кетеді. Үстіміздегі киімімізді жауып, қымтап қоямыз. Жұлдыздардың аспандағы орындары жылжып, бүкіл шам атаулы сөнген шақта селк етіп оянады. Бізден кінә жоқ, оятып алмайық деп еш қимылсыз қатып отырғанымыз. «Қайтайық», дейді. Қол ұстасып ауылға ораламыз.

Сонымен, қоңыр күздің алғашқы айын Тобыл жағасында бірге өткізіп, оқу­ға қайттық. Қостанайда жалдап тұ­ра­тын үйінің мекенжайын жазып бер­ді. Біз Алматыдағы Бас почтаға «До востребованияға» жаз дедік. Қаншама жылдан соң «До востребованияны» ұмытпағаны мына хаттан көрініп тұр.

Хатты оқыған сәттен-ақ бір кездегі жиырмадағы жігіттің он жетідегі қызға арнаған өлеңдері санамызға қайта оралды. Ешқашан, ешқандай басылымға жарияламап едік. Қа­лың оқырманға емес, Ботагөзге арнал­ғандықтан. Ақындығымызды әйгілеу емес, сол кездері толқыған, шалқыған сезімді сыртқа шығарудың құралы еді. Ботагөз қашан қазақша түсінетін болғанда өзіне оқып бермек едік. Отыз бес жыл кеудедегі қапасқа қамалыпты.

Айтпақшы, оқиғаның ретін аттап өтіп айтар болсақ, Ботагөзге қазақ­ша үйретуге қатысты мынадай әңгімеміз болыпты. Біз ұмытыппыз, екінші күні телефонмен бір сағат тілдескенде өзі еске түсірген. Ол «қазақша үйретші» дегенде «саған «Балдырғаннан» бастау керек» деппіз. Қатыгездеу кетіппіз, содан да санасында сақталған шығар. Он жеті жыл бұрын орыс деревнясындағы жалғыз қазақ үйінде туған, үш жыл бұрын ата-анасы көшіп келген Қостанай облысының Ресейдің Челябі облысымен шектес, ондағы азғана қазағы тегіс орыс тілінде сөйлейтін ауылда тоғызыншы-оныншы класты тәмам­даған, бір жыл бұрын бәрі орысша тілдесетін Қостанай педагогика инс­титутының орыс тілі мен әдебиеті факультетінің бірінші курсына түскен қызға басқаша қалай айтарсың?

Хош, ол – кезегі келер әңгіме. Қазір көкіректен Ботагөзге арналған өлеңдер ақтарыла бастаған.

 

Үндеместен менімен тауға бардың,

Үндеместен менімен бауда қалдың.

Үнсіз ашып есігін жүрегімнің,

Үндеместен жанымды жаулап алдың.

 

Жан сияқты жасымнан бірге өскен,

Жаудыраумен шықпайсың түнде де естен.

Үндеместен соңымнан ілесіп ең,

Ілестірдің соңыңнан үндеместен.

 

Артық емес тілсіз-ақ түсінгеннен,

Аяр сөзбен аруды түсірген де.

Қадағанда қарақат жанарыңды

Қайталадым Абайды ішімнен мен:

«Ғашықтың тілі – тілсіз тіл!»

 

Бірінші еске түскені – осы өлең. Мынау – екіншісі:

 

Алдымызда кездесу бар-ау әлі,

Арманымның жүйрігі жарау әлі.

Көз алдымнан кетпейді түнгі Тобыл,

Көк құраққа бөленген жағалауы.

 

Алғы күндер асыға шақырады,

Айтылмайтын сырларға батырады.

Көз алдымнан кетпейді түнгі қайың,

Ай нұрына малынған жапырағы.

 

«Келіп едің бір ауру меңдеп» дейсің,

«Бір аптада жібердім емдеп» дейсің.

Тобыл, қайың тіліме оралмас ед,

Сол арқылы ойымнан сен кетпейсің!

Есіміз жиылмай жүрген бірнеше күннің ішінде біртіндеп баяғы өлеңдер санаға қайта тола бастады. Қатып қалған қар мен мұздың күрт еріп, сайын даланы суға толтыратыны сияқты. Ерніміз өз-өзінен күбірлейтін болды.

 

«Сағыныштың торындағы құспын» деп,

Хат жазыпсың «және не деп бұл бақыт?»

Бірден саған қарлығаш боп ұшқым кеп

Тұрғаныммен ойға кеттім шым батып.

 

Кеудемдегі ұлан-ғайыр сезімдер

Шындығында әкелді екен саған не?

Дей алмаймын «уақыт жоқ, өзің кел»,

Және өзім де бара алмаймын, амал не.

 

«Бүгін көріп жүргеніңмен мың сынақ,

Шыдамыңды бекер жаным, үгітпе!».

Намысыңды сенің солай шымшылап

Және өзім де берілемін үмітке.

 

Мұңы басым мына жазған хатың мен

Ешқандай да қиын емес сұрағың:

«Бақыт деген менің махаббатым мен

Сенің амандығыңнан-ақ тұрады!»

Үшінші өлеңде соңғы шумақтың бунақтарын нағыз махаббат ақыны Тұманбайша жазғанымыз аңғарылады. Жалпы, қай өлең бұрын, қай өлең кейін туғанын кім білсін. Енді ойымызға түскен ретімен келтіріп жатырмыз. Төртінші өлең төмендегідей:

Сен хатыма қуандың «келем» деген,

Мен хатыңа қуандым «сенем» деген.

Құрсын мына махаббат елеңдеген,

Бар қызығын күндердің тел ембеген.

 

Бір күн өтті аңсаудың мұңын артып,

Біреулерге көрінер мұным артық.

Сен өткіздің бұл күнді жолға қарап,

Мен өткіздім бұл күнді шылым тартып.

 

Тағдырыңның бел-белес, ирегінде

Білем сені алдыға сүйреді не.

Сонша азаптың келмейді бәрін қоссаң,

Біз кездесер бір сәттің ширегіне!

 

Тағдырдың нағыз «бел-белесі» мен «ирегі» қандай екенін онда сезбесек керек. Мына сүйкей салған сөзіміз ақиқатқа айналарын білсек, бүйтіп жазбас едік. Адамды өзінен бұрын сөзі сорлатарын аңғармаған аңқылдақ басымыз?!

Шыны керек, Ботагөзге арналған барлық өлең бірден ойға оралмады. Бастапқы екеуі отыз бес жылдан кейін жазған хаты қолымызға тиген сәтте санаға сарт ете қалғанын айттық. Үшіншісін шумақ-шумағымен қайта құрастырып алдық. Бірнеше жыл бұрын Жайық жағасында көне Са­райшық қаласының қазбасында архео­логтардың сынық қыш табақшаны қайта құрастырғанын көріп едік. Тура соның кері келді.

Төртінші өлеңнің бірінші шумағын еске түсіре алмай қиналдық. Бассыз, бірақ кеудесі мен аяғы іспетті екі шумағы бар өлең баяғыда оқыған Майн Ридтің «Жұмбақ салт аттысы» сияқты біздің санамыздың сахарасын бірнеше тәулік әбігер етті. Қайта жазсақ қайтеді? Жоқ, онда тарихқа қиянат. Әрі шабыттың шоғы сөніп қалған. Барына тәубе деп жүргенде, Ботагөзден хат алғанымыздың тура алтыншы күні жоғалып кеткен бірінші шумақ өз-өзінен тілімізге оралсын. Төртінші өлең солай бүтінделген.

Ал, қанша шумақ болғаны бей­мәлім бесінші өлеңнің соңы ғана бар. Осы түйінді шумағын енді же­тімсіретіп көшкен жұртқа тастап кете алмадық. Жеңіс парадына қатысқан жауынгерлер арасында мүгедек солдат болды ма, жоқ па білмейміз, ал Ботагөздің тірлігімізге қайта оралуы құрметіне өтіп жатқан санадағы Жыр парадына жылдар көшінде тұлғасы жырымдалып қалған жарадар өлең де қатысуға хақылы деп санадық:

Сабақ қазір аяқты тұсады да,

Екі қала біздерді алшақ бөліп.

Құласам деп жүремін құшағыңа,

Сені аңсатқан жолдардан шаршап келіп.

Бас жағында не жазғанымыз бәймәлім, мына екінші тармақтағы «екі қала» Алматы мен Қостанай еді, енді алшақтық Қостанайдан екі жарым мың шақырым әрідегі орыс қаласына жетіпті. «Сені аңсатқан жолдардың» отыз бес жылда соншама ұзарарын біліппіз бе?

Бас пен кеудесі жоқ, аяғы бар өлең сапқа қосылғанда керісінше басы бар, кеудесі мен аяғы жоқ өлеңді тастап кету – қиянат шығар. Мына бір өлеңнің аяққы екі шумағы есте жоқ. Дәлірек айтқанда, әрбір шумақтың үшінші жолдарын ұмытыппыз. Ол тұста махаббат жырының әрбір шумағында үшінші жолы өзгеріп келетін үлгіні Қадыр мен Жарасқаннан көргенбіз. Еліктеп жүрген 20-21 жасымыз ғой, сол пішінді қолданғымыз келіпті:

 

Мен өзіңді қиялмен елестетем,

Бейнең сенің бар қыздан ерекше екен.

Күн болып көкжиектен күліп шыққан

Шіркін-ай, Ботагөзім емес пе екен.

 

Иә, ары қарай еске түспеген екі-үш шумақтың үшінші тармақтарында «мөлтілдеген шыққа», «тербелген гүлге», «желпіген самалға» теңеген шығармыз. Қисыны солай.

Тоқтаңыз. Тағы бір өлең бар екен. Ботагөзден хат келгеніне жетінші күн болғанда, жексенбінің ұзақ таңында, тура сағат жетіде компьютер алдында осы мақаланы жосылта жазып жатқанда біреу түртіп қалғандай болды. Басқа өлеңдер сол қалпы оқылмай қалса да, мына өлеңді ойымызда сан қайталағанымыз есімізге түсті.

 

Бұлтқа кірген күннің де нұры аунады,

Жапырақтар толтырып жүр ауланы.

Қайтқан құстың көшіне ілесе алмай

Кеудемдегі бір тырна тыраулады.

 

Тыраулады, білмеймін сезді нені?

Таныды ма қыс барын без жүрегі?

Күзгі бұлақ монтаны күйге енген соң

Күзгі тұман еңсесін езгіледі?

 

Әлде намыс санады ұшпағанын,

Әлде жүзі жақын ба ұстараның?

Жо-жоқ, тырна сезімім сезген екен

Сыңарының сен жақта қыстағанын!

 

Ендігі байсал тартқан бойымызбен бажайласақ, әлдебір үрей бар. Әлденеден қауіптенген екенбіз. Ойымызда ұзақ жыл жатталып, оңаша қайталап жүргенімізбен, жеме-жемде ең соңынан еске түсуіне қарағанда, ең соңғы өлеңіміз шығар. Осымен жетеу екен. Жетінші күні таңғы сағат жетіге дейін бүтіні бар, жарымжаны бар қайырылып соққан жеті өлең! Жетер. Тіпті, біз жетер демесек те, одан кейін өлең табыла қоймас.

Сонау 1978-1979 жылдары жа­зыл­ған жырлар 2013 жылы ескі фотолар сияқты көрінді. Қарап отырсақ, қаншалықты ғашық екеніміз айна-қатесіз таңбаланыпты. Қадыр ақын­ның «Орта Азия отаулары» атты топтамасында:

Қандай шындық айтқанымды болашақ,

Қандай таяқ жегенімнен біледі,- деген жолдар бар еді. Сол айтпақшы, қалай ғашық болғанымызды қалай жыр жазғанымыз айғақтап тұр.

Тура жалындап тұрғанда пышақпен кескендей кілт тоқтап едік. Ботагөзден қоштасу хаты келген күні. Ол хатты соншалық аңғал, аңқау қыздың көңіл суыту үшін емес, керісінше қыздыру, арадағы қатынасты ширату, алда болуы керек кездесулерді тездету үшін балалықпен, қиялдан жаза салғанын біліппіз бе?! Бармағыңды шайна, басыңмен тас қабырғаны сүзгіле, бәрібір отыз бес жылыңды, өзіңнің жиырма бір, Ботагөзіңнің он сегіз жасын енді оралта алмайсың, Қайнеке!

Иә, қайтып бір шумақ жыр жазылмады. Егіліп-сөгіліп те, қайғырып-қамығып та жазбадық. Түрлі қалалардан хандар мен патшалардың, батырлар мен әмірлердің астындағы атты ырғытып тұрған тас мүсіндерін талай көрдік. Біз де жыр тұлпарын солай қарғытып шыққан қалпымызда тас болып қатып қалыппыз.

Одан кейін жырлап та керегі жоқ еді. Ботагөзсіз өткізген уақыттың на­зы мен наласы, аңсауы мен өкініші Өте­жан ақынның бір-ақ шумағымен тү­­йінделген. Соны қайталай салсақ жетеді:

Жалаулар лаулап жолыма,

Құйылушы еді нұр көзге.

Қона алмай кеткен қолыма

Бақытым болды бір кезде.

«Бақытымыз болуы керек» Бота­гөздің бір-ақ күнде ғайып болып, отыз бес жылдан соң тор көз оқушы дәптерінің жалғыз парағына орыс тілінде жазған хаты баяғы жырлар мен жылдарды еске түсіріп, осылай тебіренткен.

Бізді ғана тебірентіп қойса, кәне. Бірге тебіренер достар бар әлі. Жа­лаулы жылдарды қатар өткізген, бұл күнде бір-бір шаңырақтың тіре­уі болып қоймай, көбі ұжым бас­қарып, кейбірі басқармаса да белді қызметкеріне айналған азаматтар. Бірге тебіренер еді, біраз достар Ботагөздің ғайыптан оралғанын білмей, естімей, яғни осы күнге жетпей өмірден өтіп кеткен. Жібіміз қайта жалғасқан төртінші күні «Скайп» арқылы ішімізге түсіп кетердей емі­рене тілдесіп, осы жігіттердің біріне топырақ салғанымызды, бірінің асына қатысқанымызды, бірінің алыс­та жатқан зиратына барып Құран оқытқанымызды айтқанымызда Бота­гөз ебіл-дебіл жылаған.

Ол төртінші күнге, Ботагөздің толқығанын көретін кезге дейін қаншама оқиғалар бар. Уақыттың екі кеңістігінде де. Бірі – әлі ақтарылып бітпеген 35 жыл бұрынғы; екіншісі – мына хат қолға тигеннен бергі.

Сонымен 35 жыл бұрын қыркүйек айы аяқтала алаулай жанып, сағымдай толқып, жүрегіміз шаттыққа кенеліп, қиялымыз қияға самғап, керемет күйде Алматыға қайттық. Сөйтсек, енді шын ғашық үшін нағыз сынақ басталмақ екен.

Біріншіден: сағыныш. Беті ұйы­ған уыздай әппақ, шашы даланың түніндей қап-қара, көздері аспандағы жұлдыздардай жап-жарық сол қызға деген шексіз сағыныш. Шыны керек, Ботагөздің беті, шашы, көзінен басқа кескін-келбетін сипаттауға тіл жетпейді. Мана «орысшаны оқсатпаймыз» деп сылтауратып едік, енді қазақтың сөзіне шорқақтаймыз-ау. Анау Мұқанов, Нұршайықов, Мағауин сынды жазушылар өз кітаптарында қыздарды қалай керемет бейнелейді. Әсіресе, Мағауин «Қыпшақ аруын» қалай ғажап суреттеген! Сәлден соң тірі адамға айналар тас мүсінінің өзін: «…Жазық маңдай, ай жүзі. Иілген қасы, бота көзі. Әдемі қыр мұрын, оймақ ауызы, үзілген иегі. Сол сұлуға ғана тиесілі бүкіл балғын мүшесі… белі нәзік, мықыны қиылған…». Цитатаның соңы. Осылай суреттелетін Айсұлумен қатар тұрса, біздің Ботагөз асып түспесе кем емес еді, әттең шеберлігіміз Мұхтар ағаның тобығына да жетпей жүр.

Ләйлі-Мәжнүн дәуірінен бергі барша ғашыққа сын болған сағыныштан бөлек екінші қиындық жеке басымызға тап келіпті: сол сағынышты жеткізетін хат жазу. Қанша дегенмен, журфактің студентіміз, шама-шарқымызша жазар едік-ау, ол қазақша түк түсінбейді. «Мына хатты аударып беріңізші» деп Қостанайда кімге жалынып жүрмек? «Мазақ болсақ, біз-ақ болайық» дейміз де, орыс бөлімінде оқитын студенттерге «жазған хатымызды аударып берші» деп жалынамыз. Ерігіп жүрген олар алдымен арақ, темекіге жұмсайды. Сосын «ой-бой, сөйлемдерің орыс­ша аударуға келмейді. Онда қи­сынбайды. Басқаша жазу керек» дей­ді. Өздерінше жазған болады. Анау қызды өмірі бір көрмеген, бәлкім біз сияқты ғашық болмаған адамның бар сағынышымызды сыйғызып, ойдағы сезімімізді айнытпай хат жазып беруі мүмкін бе? Басқа амалымыз жоқ еді. Жазып бергендерін қайта көшіріп почтаға саламыз.

Соның өзіне Ботагөз жауап жазып тұрды. Тәрбиесі мен тәлімі хат­тарынан-ақ аңғарылатын. Ал жәудір көзін, ыстық алақанын қағазға қалай сыйдырсын?!

Сағынышқа толы айлар ақырындап жылжып, жаз шыққанда Қостанайға тартып кеттік. Өндірістік тәжірибені сондағы облыстық газетте өткізетін болдық. Көп ешкім бара қоймайтын «Коммунизм таңына» бізді не магнит тартқанын деканаттағылар қайдан білсін, «жолың болсын» деп тәжірибеден өтуге жолдаманы қолымызға ұстатқан.

Алдында жазысқан хат бойынша ол да практикада болуы керек. Бір пионер лагерінде. Кезекті жексенбіде іздеп бардық. Ағаш арасындағы қоныс екен. Қақпасына барып хабар бергіздік. Шықты. Әудем жер ұзап, ағаш арасымен жүрдік. Екеуміз де сағыныппыз. Бірақ, сол сағынышты жеткізе алмадық. Ол табиғатынан ұяң, сөзге сараң. Біздің тіліміз орысшаға әлі ағытылмаған. Қайыңның ба, қарағайдың ба, бір ағаштың түбінде тұрдық. Аздан соң бетімізге тіке қарап «енді отрядқа қайтуым керек» деді. «Не айтасың?» дегендей. Сол 1979 жылы тамыз айында не айту керектігін міне 2013 жылы қаңтар айында сездік!

Қақпаға оралдық. Ол лагерьдің ішіне енді. Артынан қарап тұрдық та, бұрылып ағаш ішімен аз ғана жаяу жүріп, жосылып жатқан тас жолға шықтық. Кезекті автобусқа іліндік.

Екі-үш рет жексенбіде осылай барып жүрдік. Шығады. Қасымызда тұрады. Шолақ тілдесеміз. «Мен кетейін» дейді. Болды.

Айтпақшы, біздің есімізде жоқ, Ботагөз «Сонда бір рет гүл сый­лағансың» дейді. Оның айтуынша «мұндай әдемі раушан шоғырын бізден басқа ешкім сыйламапты». Қазір қанағаттанып отырмыз. Шын мәнінде, есімізде жоқ. Кітап та сыйлаппыз. Қазақша. Аты, авторы есінде жоқ. «Төркінімде тұруы керек» деді.

Бір айлық өндірістік тәжірибе бітіп, «Коммунизм таңы» газетінен кәдімгідей қаламақы алып, Қоста­най­дан қайттық. Ботагөзді тапқанымызға екінші жыл болған. Ауылда аз ғана демалып, Алматыға келісімен оның біздің өмірімізден жоқ болып кетерін білмегенбіз.

Адасқандар

Алматыға келдік. Алып-ұшып Бас почтаға кірдік. «О» деген терезе. Бәлкім, өзіне көршілес басқа бас әріптермен бірге шығар. Әдеттегідей «Олжаев» деген фамилиямыз бар құжатымызды ұсындық. Қолымызға тиді. Ботагөздің кезекті хаты. Лагерьден кейін жазғаны. Сағынғаны. Біз ауылдан хат жолдамағанбыз. Ол жақта «хат жазып берші» деп кімге жа­лынғандайсың. Мынаны аштық. Оқыдық.

Сағынған қайда?! Мүлде күтпеген, қарама-қарсы тараптағы сөздер. «Қайнар, кешір. Мен белорусқа күйеуге шығатын болдым». Иә, ол анда белорусқа күйеуге шығатын болыпты, біз мында мәңгіріп түкке түсінбей қалдық.

Сол сәттен бастап Ботагөздің өміріне араласуға еш хұқымыз жоқтығын сезіндік. Таңдау өзінікі. Бәлкім, белорус жігіт орысша жақсы сөйлеп, тілін тапқан шығар. Лагерьде…

Басқа ештеңе ойламадық. Жалпы, Ботагөз жайында ойлағымыз келмеді. Өзімізді өзіміз жеңіп, сабаққа бардық. Төртінші курс. Оған дейін екі жыл бойы әлгі «КПСС тарихы», «Ғылыми коммунизм», «Материалистік дүниетану», «Экономика» сынды пәндер басқа кірмейтін. Солар ап-анық, тайға таңба басқандай миға қонсын. Ендігісі ғана емес, былтырғы, бұрнағы жылғы түсініксіз тұстары түгелімен. Екінші-үшінші курста батпақтап жүрген студент жоқ жерден ең күрделі пәндерден «беске» шығып кеттік. Сосын басында тіс батпаған орыс және әлем әдебиетін оқи бастадық. Оқығанымызды орысша кәдімгідей түсіндіріп айтып берер дәрежеге көтерілдік. Е-е, өмір, сенің кереғарлығыңның түбіне кім жетіпті?!

Ботагөз ше? Қазір сөйлесіп отырсақ, «Сенен айрылған соң, бар алданышым оқу болды. Онсыз да жақсы оқитын едім. Енді студенттер конференцияларында, ғылыми жиындарда баяндама жасайтын болдым», деп отыр онымыз.

Екеуміздің басымыздағы жағдай бірдей ғой. Сыңарымыз екен, сезбеппіз. Әлгі жетінші өлеңімізде тура осылай сайрап тұр:

«Жо-жоқ, тырна сезімім сезген екен,

Сыңарының сен жақта қыстағанын!»

Өлеңде ақындықпен сезінгенді, өмірде ескермеген ақымақтымызға не шара?!

Ботагөз екеуміздің құрметті жанашырларымыз дәл осы тұста «сенен айрылғаны қалай, баяғы «белорусы» қайда?» деп өре түрегелер. Бұл сұрақтың жауабы 35 жылдан соң Ботагөздің Томск облысынан жазған жалғыз хаты қолға тигенде барып табылды.

Естеліктердің толқыны лықси өткен сәттен соң орнымызға отырып, қалта телефонымызбен хатта көрсетілген нөмірді тердік. Қоңырау жетті. Ар жағынан «мен сабақ беріп жатырмын. Отыз минуттан соң телефон соғыңыз» деген дауыс естілді. Сөйтіп, байланысты өшірді. Өзіміз де жиналыс үстінде қоңырау шалғандарға тура осылай дейміз. Тек бізде сабақ емес, жиналыс. Басқа айырмасы жоқ. Солай дауысын естідік. Ол әзірге қоңыраудың бізден түскенін сезбеген.

Дегбір тауысқан отыз минут. Отыз жыл тез өте ме, отыз минут тез өте ме, оны бізден сұраңыз. Айналамыз толы сағат. Білегімізде біреуі ілулі, алдымызда біреуі тұр. Екі телефонда екеуі бар. Компьютерде және. Соның бәріне кезек қарап өткіздік-ау әйтеуір, отыз минутты. Екінші қоңырауымыз жетті. «Қазір, – деді байыпты дауыс, – оқушылардың дәптерін жинап жатырмын. Бес минут». Айтқаны рас, айналасынан оқушылардың шуы, дәптердің сыртылы естіліп жатыр.

Мынаның қасында телевидениеміз айналайын екен. Бес минут та өтті. Үшінші рет қоңыраулаттық. «Қайнар! Мен манадан туыстарымның бірі шығар десем.» Кезінде туысынан да жақын адамы – күйеуі болатын-ақ жөніміз бар, бірақ оған дәм тартпаған Қайнары осылай табылдық.

Қанша дегенмен, біз кабинетте жал­ғыз еркін отырғанмен, ол кластың ішінде.

– Үйіңе қашан барасың?

– Сағат бестен кейін.

– Сонда қоңырау шаламыз. Жұмы­сыңды істей бер.

Айтпақшы, екеуміз бір сағат бел­де­уінде тұрмыз. Бірақ, Ресейде «қысқы уақыт» деген пәле әлі күшінде. Демек, бізше төрттен кейін. Бірнеше сағат уақытымыз бар екен. Енді көңіл демделген, асықпай Интернетке кірдік. Бұрын аты мен затын білмеген Стре­же­вой қаласын таптық. Томск облы­сы­­ның солтүстік-батыс қиырында тұр. Са­лыстырмалы түрде жас қала. Алпы­сын­шы жылдар ортасында осы аймақтан мол мұнай табылғанда арнайы база ретінде салынған. Елу мыңдай тұрғын бар.

Ботагөз – мұғалім. Демек, мектебі? Бірнешеу екен. Директорлары? Арасын­дағы біреуінің фамилиясы түркі текті екенін аңғардық. Аты – Лачин. Анығы «Лашын» шығар дедік. Қателеспеппіз. Оқиға желісінен сәл аттап өтіп айтар болсақ, екі күннен соң Лашын Разиұлымен «Скайп» арқылы сөйлескенде, қазақта ондай құс барын айтқанбыз. «Білемін, – деді директор, – қыран құстың ең алғыры лашын ғой.» Лашын құстың толық сипатын аз-ақ күн бұрын Сәбит Мұқановтың «Қазақ қауымы» кітабынан сүйсініп оқып едік. Тура осы аттас кісімен ол Сібірде, біз түстікте отырып сөйлесеміз деп кім ойлаған?!

Аздан соң суретін көрдік. Иә, түркі текті кісі. «Түсі игі, жас үлкен, түбі түркі, діні мұсылман екен, біздің Ботагөз осы кісінің мектебінде істейтін болар» деп тұжырдық. Мектептің фотосы баршылық. Тіпті, ғарыштан түсірілген көріністері жүр.

Ботагөз үйіне барып, бір шайын ішкенше соншама ақпарат алдымызда жатты.

– Сені жұмысқа Лашын аға алды ғой.

– Қайдан естідің? Сондай жақсы кісі.

– Мектептеріңнің шатыры жасыл еді.

– Интернеттен көрдің бе?

– Сенің үйің әуежайдан келетін көшеде тұр ғой.

– Ой, Қайнар, мен бұл қаланы білмей­мін. Үйден шығамын, мектепке кіремін.

– Үйіңнің қасында екі балабақша бар ма, әйтеуір?

– Иә, екеуі екі жақта.

– Арыдағы бульвар бойында «Сбер­банк» ғимараты болуы керек.

– Ой, Қайнар, сыртынан білемін. Ішіне кірген емеспін.

Мұның бәрі әлбетте, Ботагөздің жүрегін ауыртып алмау үшін, есінен тандырып тастамау үшін алдандырып айтқан сөздеріміз еді. Сол қала, сол ортадан хабарымыз барын сезінсе, мына кенет шатырдан құлаған мұз-қардай жаңалықты қабылдауы оңай болар дегенбіз. Арада бір аптадан соң Ботагөз «сен жақсы психологсың» дейді. Қайдам. Кезінде онда болмаған соң, қазіргіміз далбаса. Әлгі «жау кеткен соң…» деп басталатын мақалдың кері.

Біз үшін 35 жылдан соң табылған жіпті енді үзіп алмау соншалық маңызды еді. Ол кезде махаббат жібін Ботагөз өз қалауымен үзіп кетті деп білгенбіз. Үзілген соң қайтып жалғағымыз келмеген. Арада бір түйін тұрар еді. Енді қарасақ, жіп үзілмей сақталған. Нәзік, жалғыз жіп. Тоқтаңыз…

 

Мұндай күйді кім басынан өткерген,

Түнде түске кіреді екен күндізгі ой.

Данышпандар «махаббат» деп ат берген,

Жалғыз жіптің екі ұшында жүрміз ғой.

 

Мынау өлең Ботагөзге арналған ғой. Жоғарыда есімізге түсіріп, көзінен тізіп берген кейбірі түгел, кейбірі жарымжан жеті жырды қайта сапқа тұрғыздық. Арасында мұндай шумақ жоқ. Бәлкім, бесінші жалғыз шумақ өлеңнің және бір шумағы? Бірақ, анау да, мынау да соңынан ой қорытып тұрған сияқты. Сонда тағы бір өлең? Енді бас ауыртқымыз келмеді.

Рас, ұмыт болған. Ой-бой, бұл – жыр емес, жіп туралы сөз. Махаббат жібі. Әлгі ойдың сорабына оралып жатырмыз да. Рас, уақыт шаңының астында жатқан. Бірақ, үзілмеген. Ботагөз оны үзбеген! Қайта, ширатайын, берік етейін, нықтайын, тіпті ұзатып созбай, қысқартып ұстайын деп ойлаған.

Бірінші күні үйіне барған соң ұялы телефонына қоңырау шалғанымызда сағат бесіндегі 4-ке бес минут қалған еді. Қаншама жылдан бері қалыптасқан дағдымыз бар: тура бесіндегі сағат 4-те су ішеміз. «Бес минут сөйлессек, сосын уақытылы ішерміз» дегенбіз кеңсе телефонынан нөмірін теріп жатып. Қайда? Санадан андағайлап шыққан жүздеген сұрақтың әрбірі маңызды еді.

– Қалай таптың?

– Оқу жылы басталғанда мектептегі әрбір кабинетке ноутбук берді. Біраз уақыттан кейін меңгердім. Ақырындап интернетке кірдім. Аты-жөніңді іздеп едім, бірталай деректер мен материалдар шықты. Бірден хат жазудан бой тарттым.

– Неге?

– Арада қаншама жылдар өтті. Сенің жеке өмірің бар, отбасың бар.

– Бәрібір жаздың ғой.

– Ақыры бір күні тәуекел еттім.

Сөзін тыңдай отырып «қай күні екен» деп хаттың конвертіне үңілдік. «Почта России Стрежевой Томской обл» деп айнала жазылған дөңгелек штемпельдің тура ортасында «12 12 12 12» деп бақандай төрт 12 саны тұр екен. Демек, 12-інші жылдың 12-інші айының 12-сі күні тура сағат 12-де бұл хат Стрежевойдан ұзақ жолға шыққан. Ақпарат құлағында отырмыз ғой, көп жұпттар «үш он екісі бар сәтті күн» деп некеге отырғанын естігенбіз. Ендеше, төрт бірдей «он екісі» бар Ботагөздің хаты бізге жетуге тиіс екен.

Не керек, тура 16. 00-де ішетін суы­мыз жайына қалып бір сағат сөйлесіппіз. Сосын ойладық. Мынауы­мыз зиян. Біздің үкіметке. Үкіметіміз сан жылғы еңбегіміз үшін бір күнгі бір сағатты кешірер. Бәрібір ертең бұлай болмауы тиіс.

Екінші күні құлақтығы бар ұялы телефонымызбен байланыстық. Анау-мынауды айтып, отыз бес жыл бұрынғыны тауыса аларсың ба және бір сағат сөйлесіппіз. Тағы ойладық. Ботагөз кеше бір, бүгін бір сағат бойы ұялы телефонды құлағында ұстапты. Зиян. Оның денсаулығына. Әлгі интернеттен көргенбіз, директоры Лашын ағада «Скайп» байланысы бар. Үшінші күні хабарласқанда «директордан рұқсат сұра. Айтқан уақытында «Скайпына» шығамыз» дедік. «Айта алмаймын. Ол үлкен кісі. Қалалық думаның депутаты» деді. Қойдық. Ертесінде СМС түсті. «Сағат 13-те».

Сонымен, Ботагөзден хат келгеніне төртінші күн болғанда сағат 13-те Алматы мен Стрежевой арасында байланыстың жаңа түрі – бейнелі тілдесу іске қосылды. Директоры жылы жүзді ақсақал. Сәлем бердік. Сыртынан білетінімізді айттық. Қала­лық думаға төрт рет депутат болғанын. Ресей Федерациясының оқу министрі мен Томск облысы губернаторының марапатын алғанын. Тіпті, Отан алдындағы еңбегі үшін Президент Жарлығымен орден берілгенін.

– Мақтай бермеңіз. Онсыз да қызарып кеттім, – деді.

– Ең бастысы, мынау қасыңызда тұр­ған жалғыз әрі нәзік әйелді қыз­мет­ке алғаныңыз үшін жеке өз атымыздан рахмет, – дедік. Шын ризашылығымыз еді.

– Ол – ең жақсы мұғалімім, – деді директор мойнын бұрып.

Иә, Ботагөз сәл алыстау қиғаштап тұрған. Телевизияда «ірі план», «екін­ші план» деген терминдер бар. Сол бойынша айтсақ, директор ірі планда, Ботагөз екінші планда. Көрдік. Көзге қанағат.

Лашын Ризаұлы Қазақстаннан хабарласып тұрғанымызды естіген соң қуанып кетті. Өзінің қазақ жерінде туып-өскенін айтты. Месхеттік тү­рік екен. Ата-анасын 1944 жылы Қызыл­орда облысына жер аударған.

Ботагөздің өзі байланысқа шықты.

– Сенің арқаңда мұны да игердім, – деді камера алдына отырып. Жүзі? Қандай болса да бәрібір еді. Отыз бес жыл бұрынғымен салыстыру бекер болмақ. Айтпақшы, Ботагөзді қалай жоғалтып, қалай қайта тапқанымыз туралы естіген бір інішегіміз телефон шалып, «Аға, сырлы аяқтың сыры кетсе де, сыны кетпеген шығар» деп әзілдеп қалған.

«Скайп» арқылы тағы естеліктер тиегі ағытылды. Оған дейін толқы­ғаны тек дауысынан аңғарылса, енді көзінен көрініп тұрады. Жаңағы қуақы інішегіміздің меселін жерге тастамай айта кетелік, жанары 35 жыл бұрынғыдай, түнгі жұлдыздай жап-жарық екен. Кезінде бірге өткізген сәттердің қаншамасы айтылды. Жұмбақ болып жүрген жайттар белгілі болды. Екі жаққа ортақ болған кезеңнің картинасы шықты.

Әйелдің жады еркектің жадынан өзгеше екен. Біз Ботагөзді алғаш қалай көргеніміз бен соңынан қайтіп жоғалтқанымызды қарадүрсін баяндап шықтық қой. Бар еске түскенін. Ол болса біздің есімізде жоқ көптеген оқиғаларды ұмытпапты.

– Алма салып жібергенсің, – деді. – Сондай тәтті апортты қайтып жеген емеспін.

Есімізде жоқ. Кім білсін, сол жыл­дары студенттер арасында Айт­матовтың «культі» күшті болатын. «Қызыл алма» деген әңгімесі беделді ұстазымыз, профессор Зейнолла Қабдоловқа арналып, баршамыз қызыға оқығанбыз. Соның әсері болды ма екен?

– Бірде мені телефонмен сөйлесуге шақырдың, – деді сосын.

– Ол да есімізден шығып кетіпті, – дедік.

– Қостанайдағы қалааралық сөйлесу пунктіне келдім, – дейді Ботагөз сөзін жалғастырып. – «Алматы нөмірі пәленінші кабина» деді. Жүгіріп кірсем, іші тастай қараңғы екен. Қат­ты қорықтым. Трубканы алдым да, «Қайнар» деп шыңғырып жібердім. Шошып кеткен жоқсың ба, әйтеуір.

– Онда шошып кетсек, бүгін сөйлесіп отырмас едік ғой, – деп әзілге жеңдірдік. Ойымызда «қалай бәрін зердесінде сақтаған?» деген жалғыз сауал.

Жан толқынысымызды жазып жат­қанымызды алдында ескерткенбіз. Жарияға шығаратынымызды айт­қанбыз.

– Сен қалай айтсаң, солай болады, – деген сеніммен.

– Баяғыда менің айтқанымды тыңдамай, белорусқа…

– Қайнар, онда сен маған ештеңе айтпағансың!

Тілімізді тістедік. Рас, «сүйемін» айтпаппыз. «Маған күйеуге шығасың ба?» деп басын ашып алмаппыз. «Мен жақсы көремін, ол жақсы көреді» деп жүре беріппіз. Бәлкім, университеттегі оқудың дәл ортасы, үйлену жайы дип­лом алған соң дедік пе екен. Өзі де екінші курста жүрді ғой. Ол кезде үйленуді ойламақ түгіл, аймаласуды ойлаудың өзіне батылымыз жетпейтін. Жуковкадағы қыдырыстан түн ортасы ауа келген сайын жанымыздағы жігіттер жапа-тармағай сұрайтын.

– Қалай?

– Құшақтастыңдар ма?

– Сүйістіңдер ме?

Бізден ересектеу әскерге барып келген курстастарымыз сөйтіп әлекке салатын. Басымызды шайқаймыз.

Ботагөзбен сөйлесіп отырғанда Мұқанов, Нұршайықов, Мағауин сияқты жазушылардың кітаптарын хат алмай тұрғанда қайталап оқы­ға­нымызды, ондағы эпизодтардың алды­мыздан айнымай шығып жатқанын айттық.

– Ең болмаса біреуін айтшы? – дейді а