Руханият • 06 Мамыр, 2019

Рамазан – сауап еселеніп жазылатын ай

6462 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін
Рамазан – сауап еселеніп жазылатын ай
Аса қамқор, ерекше Мейірімді 

Алланың атымен бастаймын!

Қадірлі бауырлар, отандастар!

Баршаңызды исі мұсылман қауымы асыға күткен қасиетті рамазан айының келуімен құттықтаймын. Оразаға аман-есен жеткізген Алла тағалаға сансыз шүкірлер мен мақтау-мадақтар болсын! Әр отбасына амандық, бақыт пен береке тілеймін! Жаратушы Алла жар болсын!

Біздің халқымыз ауыз бекіткен адамды айрықша қадірлеп, оған ауызашар беріп, құрмет көрсеткен.    

Рамазан – жақсылықтың сауабы еселеніп жазылатын ай. Оразада әрбір игі амалдың сауабы еселеніп жазылады. Құдси хадисте Алла тағала: «Ораза – тек Мен үшін. Оның сыйын (сауабын) Өзім ғана беремін...» – деп оразаның қадірі мен қасиетін, мәні мен маңызын баяндаған. 

Ал ардақты пайғамбарымыз Мұхаммед (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) өзінің хадис-шарифінде: «Адам баласының барлық игі істерінің сауабы артады. Әрбір жақсылыққа он еседен жеті жүз есеге дейін сауап жазылады», – деп үмбетіне сүйінші хабар жеткізген. 

Осы ретте отандастарымды қайы­рым­дылық іс-шараларға белсенді атсалысуға, кәсіпкер азаматтарды рамазанның құрметі үшін азық-түлік пен күнделікті тұрмысқа қажетті заттарға арнайы жеңілдіктер жасауға шақырамын. Құдайы астар мен садақалар ауыз­ашар уақытында ұйымдастырылса деген тілегімді білдіремін.

Өздеріңізге белгілі, елімізде көп балалы отбасылар мен жастарға көңіл бөлініп, бірқатар мемлекеттік бағдарламалар жүзеге асуда. Мемлекеттің игі бастамаларына үн қосу – барша азаматтың асыл борышы. 

Ізгі амалдың сауабы еселеніп жазылатын айда көп балалы отбасыларға қолдау көрсетіп, қариялар мен мүгедек жандардың, жалғызбасты аналардың батасын алып, алғысына бөленуге үндеймін. Жетімдер мен науқас адамдарға қамқорлық жасайық! 

Бір адамды қуанышқа бөлеу – садақа. Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының негізгі жұмыс бағыттарының бірі – қайырымдылық шараларға ұйытқы болу. ҚМДБ қызметі аясында «Ислам және отбасы» жылы бастамасы негізінде демеуші азаматтардың қолдауымен баспанаға аса мұқтаж 15 жанұяға пәтер кілті табысталды. Бұл бағытта ізгі шаралар жүзеге аса береді.

Бірде сүйікті пайғамбарымыз Мұхам­мед­тен (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) бір кісі: «Уа, Алланың Елшісі, ең жақсы адам кім?» – деп сұрағанда, ол: «Ең жақсы адам – қоғамға, елге пайдасы тиген пенде», – деп жауап берген екен. 

Зекет беру – жағдайы келген (шариғат бо­йынша нисап мөлшеріне жеткен) мұсылманға парыз. Ал зекет берекелі рамазан айында берілсе, оның да сауабы еселеніп жазылады.  

Құрметті жамағат! 

Рамазан айы құтты болсын! Қасиетті айда ұстаған оразаларыңыз, жасайтын құлшылық, дұға-тілектеріңіз қабыл болсын! Алға қойған арман-мақсаттарыңыз орындалып, оразадан оразаға аман-есен жете беруімізді Алла нәсіп етсін! Еліміз аман, жұртымыз тыныш, тәуелсіздігіміз баянды болғай! Әумин!

Серікбай қажы ОРАЗ,

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти