Руханият • 13 Мамыр, 2019

Қарағандыда «Картиналар. GIF» қойылымы көрерменді тәнті етті

929 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Кеншілер астанасында облыстық бейнелеу өнері мұражайы мен «Құпия база» шығармашылық бірлестігі тізе қосып, «Картиналар. GIF» атты тосынсыйға толы қойылымды көрермен назарына ұсынды.

Қарағандыда «Картиналар. GIF» қойылымы көрерменді тәнті етті

Мұражайда өткен спектакль барысында өнерсүйер қауым әйгілі «Қара шаршы» картинасының авторы Казимир Малевичтің ролін ойнаған ақынның өмір туралы толғанысына, «Италиялық талтүс» картинасындағы кейіпкердің гитарада шебер ойнағанына және тағы басқа да атақты өнер туындыларына қатысты сәтті шыққан түрлі образдар шешіміне тәнті болды.

Әсіресе, Әмірәлі Қожағұлов бейнесін сомдаған Казимир Малевичтің «Қара шаршысы» көрермен қауымның ерекше ілтипатына бөленді.  Автор қара матамен жабылған шаршы нысан астында отырып, өзінің өлеңдерін оқыды. «Адамдар қаншалықты қатігез?», «Не үшін өмір сүріп жүрміз?», «Артымызда не қалдырмақпыз?», деген салмақты сұрақтары бар күрделі тақырыптар төңірегінде ой толғады. Ара-арасында қара жәшік ішінен көрерменге қарай ішіндегі мазмұны әрқилы хаттар лақтырылып отырды. Ол жазбаларды оқыған қауым автормен әңгіме-дүкен құрып, ой-пікір бөлісті.

Сонымен қатар, спектакльде Ирина Дергунова суретші Карл Брюлловтың «Италиялық талтүс» картинасын қалай салғанын егжей-тегжейлі баяндап берсе, Вадим Ким әйгілі Ван Гогтың «Автопортрет» картинасын таңдап, қылқалам шеберінің образын шынайы сомдап шықты. Ал Василиса Вельман болса, «Көңілдестер» туындысындағы Марк Шагаланың зайыбы Белла Розенфельдтің бейнесін көрермен назарына ұсынды.

Бейнелеу өнері мұражайы директорының орынбасары Александр Гехттың айтуынша, спектакльге қажетті костюмдер мен жабдықтарды, картиналар мен оларға арналған өлең және сөз мәтіндерін авторлардың өздері таңдап, әзірлеген  екен.

Үш жылдан астам уақыттан бері жұмыс істеп келе жатқан «Құпия база» – қарағандылық ақындар мен прозаиктардың және музыканттардың шығармашылық бірлестігі.

– «Құпия базаның» құрамы жиі өзгеріп тұрады. Біреу кетеді, жаңадан адамдар келеді. Қазір бірлестікте 12 автор бар. Ескі гвардиядан мен және Михаил Папуша екеуіміз ғана қалдық, – дейді шығармашылық кештерді ұйымдастырушы, жоба авторларының бірі Василиса Вельман.

Қазіргі таңда шығармашылық бірлестік еліміздегі бірқатар қаладағы  әріптестерімен шығармашылық тығыз қарым-қатынас орнатқан.

«Картиналар. GIF» спектаклі «Арт-терапия» жобасы аясында ұйымдастырылды.