Аймақтар • 17 Мамыр, 2019

Қарағандыдағы «Мәміле» клубының танымалдығы артып келеді

1320 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Кеншілер астанасында мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеру, ұлтымыздың салт-дәстүрін, әдет-ғұрпын дәріптей отырып, қолайлы тілдік орта қалыптастыру мақсатында биылғы жылдың басында «Мәміле» сұхбат клубы құрылған болатын.

Қарағандыдағы «Мәміле» клубының танымалдығы артып келеді

Қарағанды облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясының бастамасымен дүниеге келген клубтың аз ғана уақыт ішінде тұрғындар арасында танымалдығы артып, мемлекеттік тілді меңгеруге ниет білдірген түрлі этнос өкілдерінің зор қызығушылығын  тудырып отыр деп сеніммен айтуға болады.

Бұл жерге келіп, тілді меңгергуге ден қойған жандардың деңгейі әртүрлі: олардың арасында студенттер де, зейнеткерлер де, бизнесмендер де, кеңсе қызметкерлері де бар.

Тіл үйрету барысында белгілі ғалым Қанат Тәсібековтің «Ситуативный казахский»  атты әдістемелік құралы басшылыққа алынды. Автор  әу баста өзінің ана тілін білмеген. Уақыт өте келе сана-сезімі оянып, қазақ тілін өз бетінше үйренеді де, осы кітапты жазып шығады. Кейіннен өзінің авторлық әдістемесін ойлап тауып, оны клубтағы дәрістерінде пайдалана бастаған. Аталған әдістеме ұлттық менталитеттің ерекшеліктері, тарихи фактілер, фольклорлық ұғымдар, қазақ халқының құндылықтар жүйесі арқылы тілді мейлінше жеңіл әрі жетік оқуға мүмкіндік береді.

Сонымен қатар, клубтың әрбір отырысына есімдері елге таныс қоғам қайраткерлерін, зиялы қауым өкілдерін шақыру әдемі дәстүрге айналып келеді. Алғашқы кездесудің спикері ретінде полиглот, Нұр-Сұлтан қаласындағы «Мәміле-Тен» клубының ұйымдастырушысы Владислав Тен шақырылған болатын. Сондай-ақ, «Нәтиже» компаниясының басшысы Ерлан Әшім, SBTC тілдер мектебінің негізін қалаушы Сергей Зорин, қоғам қайраткері Бақытқали Мұсабеков сынды тіл жанашырлары да келіп қатысып, өз ойларын ортаға салды.

Мұнда келушілерге сұхбат клубы несімен ұнайды дегенге келсек, ең алдымен бұл жердегі дәріс достық және бейресми жағдайда өрбиді. Сонан соң, клубта ойын форматтары жиі қолданылады. Екіншіден, талқылауға арналған қызықты және өзекті тақырыптар, сәйкесінше пайдалы сөз тіркестері мен сөйлеу айналымдарын қолдану тіл үйренушілерді бірден өзіне  үйіріп әкетеді. Үшіншіден, бұл –  тәжірбие. Сабақ барысында  әртүрлі интонацияларды, қарым-қатынас мәнерін қабылдауға үйреніп, ауызекі сөйлесуге мүмкіндік бар. Өзге этностардың  қазақ дәстүрлерін үйрену арқылы ұлтымыздың мол  мұрасымен танысуға толыққанды жағдай жасалған.

Сонымен қатар, аталған клуб қарым-қатынас негізінде, ойын түрлерін қолдана отырып, қазақ әндерін жаттауға және күнделікті тұрмыста қолданатын диалогтарға баса назар аударады.

Кеншілер астанасындағы «Достық үйінде» орналасқан «Мәміле» сұхбат клубындағы кездесулердің әр апта сайын өтетінін және  оның тегін екенін де айта кеткен жөн.