Қоғам • 31 Мамыр, 2019

Демалыс лагерьлерінің өрісі кеңісе...

1059 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Оқу жылы аяқталысымен мектеп оқушылары жазғы демалысқа қамдана бастады. Ал, демалыс лагерьлерінің жайы қалай? Қазір Қатаркөлдегі 12 лагерьдің үшеуі ғана жұмыс істейді.

Демалыс лагерьлерінің өрісі кеңісе...

Облыстық білім басқарма­­­сының дерегіне қарағанда, биыл 116607 оқушы сауықтыру ор­та­лықтарында демалады, 20 бала­лар лагері қызмет көрсетпек. Мау­­сым айынан бастап Біржан сал, Зеренді аудандарында жаңа де­ма­лыс аймақтары жұмыстарын бас­тайды.

– Облыста «Рухани жаңғыру» бағдар­ламасы аясында маусым-тамыз айларында туристік өл­ке­тану бағыты бойынша та­ным­дық әсері мол саяхаттар ұйым­дастырылады. Туған өлке тари­хын зерделеуге арналған «Ұлы дала елі» экспедициясына бес мың оқушы қатысады деп межеленуде. 10 мыңға жуық оқушы өңіріміздегі киелі жерлерді аралап, көне тарихтың көмбесін ақтарады. Сәті түссе, басқа ай­мақ­­­тарға да сапар шегетін болады. Тағы бір жақсы жаңалық, жаз­­ғы демалыста 50 оқушы «Бір апта – ауылда» әлеуметтік бағ­­­дар­ламасына қатыспақ, – дейді облыс әкімінің орынбасары Марат Иғалиев, – біздің өңір демалыс үшін таптырмайтын жер ғой. Осы уақытқа дейін шешіл­мей келген тағы бір үлкен мәселе бар. Ол көп жылдан бері жұмыс істе­мей тұрған лагерьлер. Облыс әкімінің тапсырмасы бо­йын­ша қаңырап тұрған лагерь­лерді қалпына келтіру жұмыс­тары басталмақ.

Айтса айтқандай, тамаша­ та­би­ға­тымен әйгілі Көк­ше өңіріне өзіміздегіні былай қойғанда, ірге­дегі Ресейдің оқушы­лары да кел­мек. Ел ішін­де мұндай тәжіри­бе бұ­рыннан бар. Мәселен, өт­кен жы­­лы Қы­зыл­орда, Батыс Қазақ­стан облыс­тарының 150 оқушы­сы Көкшенің көр­кем өңірінде болып, бірқатар киелі жерлерді ара­­лап, ел тарихымен танысып қайт­­қан болатын.

Сөз арасында 20 лагерьдің 13-і мемлекеттік, жетеуі жекеменшік екенін айта кетелік. Оның өз се­бе­бі бар. Бірнеше жекеменшік балалар сауықтыру орталықтары ұзақ уақыт жұмыс істемей тұрды. Мәселен, Қатаркөл өңіріне орна­ласқан 12 лагерьдің үшеуі ғана жұ­мыс істейді.

– Бұл лагерьлер өтпелі кезең­де арзан бағаға сатылып кеткен са­уықтыру орындары, – дейді бала­лар мен жасөспірімдер ту­ризмі республикалық қауым­­­дас­тығының төрағасы Қай­­рат Сұлтанов, – шынын айт­­қан­­­да, балалар туризмі өте жауапты са­­ла, әрі кәсіпкерлерге онша көп пай­­­да да әкелмейді. Мы­салы, Қа­тар­­көлдегі лагерьлер туралы ай­­татын болсақ, күн сайын бұл орталықтарда 200-250 бала­дан демалса, 9 орталықта бір жаз­да отыз мыңға жуық бала демалар еді.

Демалыс аймақтарын қайта­­­дан қалпына келтіру үшін ең алдымен инфрақұрылымды қа­лыпқа келтіру керек. Қазіргі уақытта кәріз желілерін монтаж­дау жұмыстары басталған. Ор­та­лықтандырылған су құбы­ры тартылмақ. Қатаркөл мен Бурабай арасында ұзындығы 20 шақырымдық айналма жол салынады. Көлді тазарту жұмы­сы да қолға алынуда. Биыл Қа­тар­­­­көл­дің инфрақұрылымын дамы­туға 8 миллиард теңге қаржы қа­­рас­тырылып отыр. Қаржының қомақты болуы балалардың жазғы демалысын ұйымдастыруындағы кемшіліктердің қордаланып қалуынан. Осыдан-ақ ұзақ жылдар бойы балалар демалысы қожырап кеткенін аңғаруға болады. Күлбілтелемей кесіп айтатын болсақ, бұл сала жеткілікті деңгейде дамымай отыр. Сауық­тыру орталықтарында кешегі кеңес дәуірінен қалған, әбден ескір­ген ас үй құралдары, әрқилы тех­ника, жиһаздар пайдаланылады.

Балалар мен жасөспірімдер туризмі республикалық қауым­­дастығы төрағасының тәптіштеп түсін­діруіне қарағанда, субси­дия­лау балалар лагерьлерін жаң­­­ғыртуға жұмсалатын шы­ғын­дарды біршама азайтуға мүм­­­кіндік берер еді. Демек, мем­­­­­лекет тарапынан қолдау бол­­­ған­да ғана балалар туризмін да­мытуға болады. Әйтпесе, мұн­дай орталықтарды ұстап тұру қиын. Шығын көп. Айналып кел­­генде осының барлығы жолдама бағасының қымбат болуы­­на әкеп соғады. Көптеген лагерьлер әлі күнге дейін көмірмен жылытылады. Бұл өңірде қыстың ұзақтығын ескерсеңіз, шығынның көлемін ойша топшылай алар едіңіз. Егер көгілдір отын келіп, көсегеміз көгерсе, мәселе түгел шешіліп кет­пе­генімен, бір­шама жеңілдік бо­лар еді.

Лагерьлер мемлекеттік ұлт­тық табиғи парк аумағында ор­­на­ласқандықтан, бала осында кел­ген уақыттан бас­тап әр дем­ал­ған күніне 255 тең­ге­ден­ тө­лейді. Биыл­дан бас­тап жа­ңа заң талаптарына сәй­кес әрбір қыз­меткер үшін де төлем талап етілмекші. Мұның бар­лығы кәсіпкер үшін біршама ауыр жүктеме. «Балдәурен» респуб­­ликалық оқу-сауықтыру орта­­­­­лы­ғы бір жылда осындай төлемдер үшін елу миллион теңге қаржысын шығын қылады екен.

Жағымды жаңалық та жоқ емес. Тіл ұстарту бағытында.

– Биыл АҚШ пен Нидерлан­дыдан еріктілер келмек. Демек, ба­лаларға ағылшын тілін үй­ренуге қолайлы жағдай туады. Тан­ы­мал актерлер, музыканттар мен спортшылар шақырылмақ, – дейді «Discovery Borovoe» ке­шені балалар демалысы депар­та­ментінің жетекшісі Елена Бара­нов­ская.

Жөндеу жасалған орталықтар да бар. Мәселен, Атбасардағы «Ишим» сауықтыру кешеніне республикалық бюджет есебінен 96 миллион теңге қаржы бөлініп, күрделі жөндеу жұмыстары жүр­гізілді. Қайта жаңғырған лагерь­лер балалардың демалу мүм­­­кін­дігін арттыра түспек.

Ендігі бір мәселе – жолдама құны. Көпшілікті алаңдататын жай да осы. Мемлекеттік балалар сауықтыру орталықтарындағы жолдама құны 18 мың теңгеден 45 мың теңгеге дейін тұрады. Жекеменшік балалар демалыс орталықтарындағы баға одан да қымбат. Кейбіреуінде 90 мың теңгеге дейін. Бірнеше балалары бар отбасылар үшін қиын-ақ. Бір жақсысы, әлеуметтік-тұрмыстық жағдайы төмен отбасылардың жеткіншектері тегін демалады.

 

Ақмола облысы