Бюджеттен тыс қаражат көздерін іздестіріп тауып, оны өңірде іске асырып жатқан әлеуметтік жобалар қатарын толықтыруға жұмсауға ықпал жасай білген басшының мерейі қашанда үстем. Айталық, соңғы үш жылда Қарашығанақ кенішіндегі шетелдік компаниялардың өңірдегі әлеуметтік жобаларға бөлетін қаражатының көлемі төрт есеге ұлғайыпты. Мұны әрине, “батпан құйрық, айдалада жатқан құйрық” деуге еш болмайды. Оны Батыс Қазақстан облысының әкімі, КПО б.v компаниясындағы біріккен басқару комитетінің (ББК) мүшесі Бақтықожа Ізмұхамбетовтің елге деген жанашырлық көзқарасымен байланыстыра қарауға әбден болады. Бұлай болатын себебі – шетелдіктер басы артық қаражатты тектен-тек бере салмайды. Оны алу үшін де ыждағаттылық, табандылық керек.
Таяуда Лондонда өткізілген ББК-нің кезекті мәжілісінен оралған Б.Ізмұхамбетов журналистерге арналған брифингте осы мәселе жөнінде баяндап берді. Оның мәлімдеуіне қарағанда, әлеуметтік жобалар үшін қарастырылған 20 миллион АҚШ доллары көлеміндегі қаражатты тағы да еке есеге дейін ұлғайтуға қол жеткізілген. Бұл қандай мақсаттарға пайдаланылмақ? Бұл сауалға жауап бермес бұрын облыс басшысы өткен жылы КПО б.v компаниясынан әлеуметтік жобаларға бөлінген қаражаттың қайда жұмсалғаны, қалай игерілгені туралы айтып өтті. Ол кеншілер қаласы Ақсайды абаттандыруға, Қарашығанақ кеніші аумағында орналасқан Бөрлі ауданындағы Ақсай-Ақбұлақ газ құбыры желісін жүргізуге жұмсалған. Соның өзінде де бұл қаражат жыл аяғына дейін толық игеріліп үлгермепті. “Осы үрдіс биыл одан әрі жалғасады. Осынау әлеуметтік жоба шеңберінде Орал қаласының іргесінде газ-турбиналы электр стансасы салынып, жылу жүйесінің құрылысы басталмақ. Әрі бұл жобалар жыл аяғына дейін аяқталмақ”, – деді Бақтықожа Салахатдинұлы.
Облыс басшысының мәлімдемесінен белгілі болған тағы бір жәйт – аталған әлеуметтік жобалар қатарында облыс орталығында әлемдік стандарттарға жауап бере алатын зәулім салтанат сарайы бой көтермек. Онда неке рәсімдерінен тыс республикалық және халықаралық деңгейдегі жиындарды өткізуге болады. Батыс Қазақстан Ресейдің бес бірдей облысымен қойындаса-қолтықтаса орналасқан. Болашақ бой көтеретін нысанда осынау шекаралық облыстар өкілдерінің басқосулары мен жиындарын өткізуге де мүмкіндіктер туғызылмақ.
Сондай-ақ, шетелдік компаниядан биыл қосымша бөлінген 20 миллион АҚШ доллары Орал қаласының ескі әуежай деп аталатын ауданында 1200 оқушыға арналған мектеп, сонымен бірге, 320 балаға арналған балабақша ғимараттарын тұрғызуға және жабық теннис кортын салуға жұмсалмақ. Алғашқы екі нысанның жобасы қазірдің өзінде әзір. Аталған мектеп пен балабақша ғимараттары жөніндегі жобалар республика Үкіметінің назарына ұсынылды. Үкімет оны тұрғызу жөнінде қаулы қабылдаған соң, іле-шала тиісті құрылыс жұмыстары да басталып кететін болады, – деп түйін жасады брифингте Б.Ізмұхамбетов.
Темір ҚҰСАЙЫН, Батыс Қазақстан облысы.