17 Наурыз, 2010

БАСЫМДЫҚТАРЫМЫЗДЫҢ МАҢЫЗЫ ЖОҒАРЫ

1899 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін
Албания Қазақстанның ЕҚЫҰ-дағы төрағалығы бас­тамаларына қолдау біл­діреді және Астанамен екіжақты қарым-қатынасты жан-жақты дамытуға дайын. Албанияның астанасы Тирана қаласында болған Іс басындағы төрағаның Арнайы өкілі, Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрінің орынбасары Константин Жигаловтың кездесулеріндегі әңгіме өзегі осыған сайды. Қазақстандық дипломат Алба­нияға Балқан түбегіндегі елдерге үш күндік сапары аясында барды. Тиранада ол Албания Президенті Бамир Топимен, Премьер-министрі Сали Беришпен, Сыртқы істер министрі Илир Метамен және Социалистік партия төрағасы Еди Раммен кездесті. Бірлескен баспасөз мәслиха­тында Албания Сыртқы істер ми­нистрі И.Мета Қазақстан төраға­лығы кезінде берілген басымдық­тардың маңызын ерекше атап көр­сетті. Оның ішінде ЕҚЫҰ-ның әле­уетін арттырып, тиімді­лі­гін жоға­ры­лату, сондай-ақ жан­жалдар­дың ал­дын алып, бейбіт реттеу мәселелері бар. Қазақ­станның Ау­ғанстанды тұрақтан­дыруға үлесінің маңызы да атап өтілді. Осы ретте Албанияның өткен жылдың сәуі­рінен бастап НАТО-ға мүше болып табыла­ты­нын, қазіргі кезде Ауған­стандағы халықаралық ІSAF мис­сиясына өз үлесін қосып отырға­нын айта кеткен жөн. Сапар барысында кездесуге қатысушылардың барлығы ЕҚЫҰ-ның елдегі реформаларды қамта­масыз етуге қосып отырған жоғары үлесін атап көрсетті. К.Жигалов Албания Сыртқы істер министрлі­гінің және өзге де барлық ұлттық билік органдарының ЕҚЫҰ-мен арадағы ынтымақтастық деңгейіне терең қанағат сезімін білдірді. Арнайы өкіл, сонымен қатар, сұхбаттастарын Қазақстанның ЕҚЫҰ-дағы төрағалығы кезіндегі жоспарларымен таныстырып, осы жылдың жазында Алматыда өткі­зілуі жоспарланып отырған ми­нис­тр­лер деңгейіндегі бейресми кез­де­су туралы хабардар етті. “Бұл кез­де­сулер көптеген маңызды мәсе­лелер қатарында Корфу процесін, 1999 жылғы Вена құжатын, ЕҚЫҰ-ның Ауғанстанмен өзара іс-қи­мылын, т.б. мәселелерді талқылауға тамаша мүмкіндік туғызады”, – деді ол. Албания Қазақстан төрағалы­ғын қызығушылықпен бақылап отыр. Өйткені, аталған ел 2014 жылы ЕҚЫҰ-ға төрағалық етуге ұмтылыс танытуда. “Бұл Албания сыртқы саясатының аса маңызды мақсаттарының бірі және осыған байланысты біз қазіргі төраға – Қазақстан тарапынан ықпал етуді сұраймыз”, – деді өз сөзінде осы ел Сыртқы істер министрі И.Мета. Осымен бір мезгілде ол табысты төрағалық үшін айтарлықтай адами, ұйымдастырушылық және қаржы ресурсы қажет екенін мойындады. Әрине, тараптар Қазақстан-Албания ынтымақтастығының перспективаларын да талқылады. Албания Премьер-министрі ха­лықаралық форумдар шеңберінде Президент Нұрсұлтан Назарбаев­пен өзінің кездесулерін жылылық­пен есіне алды. Екі ел арасындағы дипломатия­лық қарым-қатынас 1993 жылы орнағанына қарамастан, Іс басын­дағы төрағаның Арнайы өкілінің бұл жолғы сапары Қазақстанның ресми делегациясының Тиранаға алғашқы сапары болып табылады. ЕҚЫҰ Сыртқы істер министрле­рінің осы жазда болатын Алма­тыдағы бейресми кездесуі, сондай-ақ Ұйым дайындап жатқан Аста­надағы жоғары деңгейдегі саммит Албанияның жоғары лауазымды өкілдеріне Қазақстанмен танысу үшін жақсы мүмкіндік болмақ. Еуроодаққа ұмтылып отырған Албания соңғы жылдары белсенді экономикалық өсім деңгейінен көрініп келеді. Және де бизнес­мен­дер мен туристер үшін ай­тарлықтай тартымды ел бола алады. Албанияға сапарынан соң Қазақстан делегациясы Черно­го­рияның астанасы – Подгорицаға жүріп кетті. Қазақстанның ЕҚЫҰ-ға төрағалығы делегациясы үш күндік сапарын Босния және Гер­цеговинада болуымен қорытын­ды­лайды. Талғат ЖҰМАҒҰЛОВ  – Тиранадан.